Құрметті аудан тұрғындары!
Сіздерді Ұлыстың ұлы күні – Әз-Наурыз мерекесімен шын жүректен құттықтаймын!
Наурыз – халқымыздың тереңнен тамыр тартқан төл мерекесі, жаңару мен жасампаздықтың, бірлік пен татулықтың белгісі. Бұл мейрам – табиғат пен адамзаттың үндестігін айқындайтын, сан ғасырлық дәстүрлеріміз бен рухани құндылықтарымызды дәріптейтін ерекше мереке.
Наурыз – бұл өткенге тағзым етіп, болашаққа үміт артатын күн. Бабаларымыз бұл мерекені ақ тілеумен, ағайын-туысты аралаумен, ренжіскенді табыстырумен, дастархан жайып, молшылық тілеумен қарсы алған. Осынау көнеден жеткен ғибратты дәстүрлеріміз бүгінде ұлттық бірлігіміздің негізіне айналып отыр.
Биылғы Наурыз мерекесі Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен бекітілген «Наурызнама» тұжырымдамасы аясында кең көлемде атап өтілуде. Бұл дәстүрлі мерекемізді мазмұнды, мәнді етіп өткізуге жол ашатын маңызды қадам. Наурызнама – бұл тек той тойлау ғана емес, халқымыздың мәдениеті мен тарихын жаңғыртып, ұлттық құндылықтарымызды дәріптейтін онкүндік. Бұл күндері көрісу, қайырымдылық, отбасылық құндылықтар, тал егу, ұлттық ойындар сынды халқымыздың игі дәстүрлері дәріптеліп, ел ішінде ізгілік пен ынтымақтың, дәстүр мен жаңашылдықтың үйлесімін көрсетуде.
Қадірлі ағайын! Наурыздың басты мәні – халықты ынтымақ пен бірлікке шақыруы, әр шаңыраққа молшылық, құт-береке әкелуі. Сондықтан, бұл мереке тек қуаныш пен ізгілікке толы болсын! Ұлыстың ұлы күні әрбір отбасыға татулық, жақсылық, амандық әкелсін! Жаңа жылда жаңа жетістіктерге жетіп, еліміз гүлдене берсін!
Ұлыстың ұлы күні құтты болсын!