Кеңейтілген мәжілісте келелі мәселелер қаралды

0 19

Өткен аптаның соңында аудан әкімі Жиенқұлов Ербол Жұмабекұлының төрағалық жасауымен аудан әкімдігінің кеңейтілген мәжілісі болып өтті.

Үлкен мәжіліс залында өткен жиынға аудан әкімдігінің бөлім басшылары мен аудан әкімі аппаратының қызметкерлері, тиісті мекеме-ұжымдардың жетекшілері, сонымен қатар, ауылдық округтердің әкімдері қатысты.

Жиынды ашқан өңір басшысы Ербол Жиенқұлов қай салада болмасын, потенциалы өте жоғары Меркі жерінің одан әрі ілгерілеп, әлеуметтік-экономикалық өрлеуіне негіз болатын басты ұстаным, ол – әркім өз орнында жауапкершілікпен қызмет жасап, жұртқа деген жанашырлық танытуы екенін жеткізген соң, бұл бағыттан әсте жаңылмай, жүктелген міндетті арқалай алға басуға шақырды.

Кеңейтілген мәжілістің қарауындағы басты тақырып – орындаушылық тәртіп мәселесі болғандықтан, ол бойынша аудан әкімі аппараты басшысының уақытша міндетін атқарушы Нұрсұлтан Нәрікбаевтың баяндамасы тыңдалды.

Өз кезегінде Нұрсұлтан Нәрікбаев, негізінен, аудан әкімінің барлық 14 ауылдық округ тұрғындарымен кездесулері кезінде ауыл жұртын мазалаған көкейтесті мәселелер бойынша ауыл әкімдері мен тиісті бөлім-мекеме басшыларына нықтап берілген тапсырмалардың дер кезінде орындалу және орындалмау барысы турасында кең ақпаратын ұсынды.

Барлық дерлік ауылдық округтердің тыныс-тіршілігі мен түрлі саланы қамтыған бұл ақпарда орындалмаған хаттамалық тапсырмалар да кездесіп жатты. Ол бойынша есеп берген бөлім басшылары мен округ әкімдері алдағы жақын кезеңде әр бағыт бойынша тиісті жұмыстар жалғасын табатынына сендіріп, аудан әкімі Ербол Жұмабекұлының жекелеген сұрақ-сауалдарына жауап берді.
Ербол Жиенқұлов әр жауапты тұлғаның қызметтік рейтингісі оның сөзі мен сапалы атқарған ісінің үйлесім тауып, сол арқылы ел мүддесінен шығу кестесі арқылы бағаланатынын ортаға салды. Сонымен қатар, өңір басшысы ел үшін керек әр мәселе өзінің қадағалауында болатынын айтып, бос уәде мен құр сөздің ауылынан алыстауға шақырды.

Жиын барысында аудан әкімдігінің сәулет, қала құрылысы және құрылыс бөлімінің басшысы Тұрар Дулатбаев пен жер қатынастары бөлімінің басшысы Данияр Нұрпейісов бірқатар қаулы жобаларын көпшіліктің назарына ұсынды. Олар бірауыздан қабылданды.