Ел бірлігі арта берсін

0 26

Тегінде, ортақ Отанымызды мекендеген түрлі ұлт пен ұлыстардың өзара ынтымағы мен бірлігі, олардың тұтастығы һәм толеранттылық қарым-қатынасы ғана биік белестерді бағындыруға ұйытқы болатыны баршамызға белгілі.

Осы ретте, көгілдір көктемнің алғашқы күні кезінде қилы тағдыр тәлкегімен және түрлі саяси оқиға­лардың салдары нәтижесінде елімізді паналаған ұлттардың Қазақ халқы мен бір-біріне Алғыс айту күні деп белгіленген.
Бұл үрдіс арқылы түрі басқа болса да тілегі бір, жүзі басқа болса да жүрегі бір барша ұлт пен ұлыстар қазақстандық патриотизм қағидасын тек қағаз жүзінде емес, оның шынайы өмір шындығы екенін дәлелдеп отыр.

Міне, 1-наурыз – Алғыс айту күні жылдағы дәстүр бойынша ауданымызды мекендеген түрлі ұлт өкілдері аудандық Мәдениет үйінде бас қосып, өзара татулықтарын іс жүзінде көрсетті.

Айта кетерлігі, халықтар достастығын одан әрі нығайтатын биылғы Алғыс айту күні иісі мұсылмандар үшін ең қасиетті ай – Рамазан айының алғашқы күнімен тұспа-тұс келіп отыр. Бұл сәйкестік, әрине, баршамыздың жүрегімізге жы­лулық сыйлап, алдағы күндерге деген сенімділікті еселей түсетіні аян.
Алдымен, А.Асқаров атындағы Меркі көпсалалы колледжі білімгерлерінің патриоттық ән шырқап, достық шеруі­мен басталған іс-шара Мәдениет үйінің фоэсінде жалғасын тапты.

Онда аудан әкімі Ербол Жиенқұлов бастаған көпшілікті өзбек, славян, тү­рік және әзірбайжан этномәдени ор­талықтарының мүшелері қарсы алып, өздеріне тән ұлттық қолөнер бұйымдары мен ас мәзірлерімен таныстырған соң, ән мен билері арқылы дәстүр және өнерлерін паш етіп, қазақ халқына деген ақ алғыстарын жеткізді.

Мерекелік іс-шара Мәдениет үйінің конференц-залында ұласты.
Аудан ардагерлері мен зиялы қауым өкілдері, сонымен қатар, этномәдени орталықтардың мүшелері алдында сөз алған аудан әкімі Ербол Жұмабекұлы:

– Алғыс айту күнінің терең тамырына бойлап, мән-мағынасын ұғынсақ, онда түрлі ұлттардың өзара татулығы мен ынтымағы арқылы еліміздегі саяси тұрақтылық нығайып, оның түпкі нә­тижесінде бәрімізге қажетті әлеу­меттік-экономикалық өсім пайда болып, еліміздің өркендеу үрдісін көреміз. Міне, сол себепті, осында отырған әрбір азаматтың басты міндеті – ұлттар достығын сақтауға, бір бірімізді барынша құрмет тұтуға бағытталуы тиіс. Онсыз алға өрлеу болмайды – дей келе, көпшілік қауымды Алғыс айту күнімен құттықтап өтті.

Келесі кезекте, аудандық ардагер­лер кеңесінің төрағасы Байсейіт Жылысбаев, аудандық аналар кеңесінің төрайымы Қайнаркүл Татығұлова осы­­нау күннің маңыздылығын айтса, ҚР Жазушылар одағының мүшесі, Қа­зақстанның құрметті жазушысы, ақын Шырын Мамасерікова өзінің жаңа шығармасы – «Алғыс айтам» өлеңін көпшілікке арнады.

Айтулы күнге арналған іс-шараның келесі бөлігінде аудан әкімі Ербол Жиенқұлов облыс әкімі орынбасарының Алғыс хатымен аудандық ардагерлер кеңесі төрағасының орынбасары Мелісхан Жұматаев, аудандық билер кеңе­сінің төрағасы Медербек Өзбеков, аудандық аналар кеңесі төрайымының орынбасары Роза Байбосынова, түрік этномәдени орталығы төрағасының орынбасары Яша Азизов пен «Славянский Равнопостольных Кирилла и Мефодия» аудандық этномәдени қоғамдық бірлестігі жетекшісінің орынбасары Андрей Кулаковты мара­паттау рәсімін өткізді.

Жиын соңында Кеңес ауылдық округі ардагерлер ұйымының төрағасы Бауыржан Байдәулетов елімізді ме­кендеген түрлі ұлт пен ұлыстардың ынтымақ пен бірлігі арта беруіне ті­лектестік білдіріп, ата салтымыз бойынша ақ батасын берді.