Дүйсенбі күні аудандық Мәдениет үйінің конференц-залында құрамы жаңадан жасақталған аудандық Қоғамдық кеңестің кезекті отырысы болып өтті. Жиынға модераторлық жасаған аудандық Қоғамдық кеңестің төрағасы Жантелиев Жұмахан Сихаұлы күн тәртібіндегі – аудан әкімдігі кәсіпкерлік, өнеркәсіп және туризм бөлімінің аудан дүкендеріндегі әлеуметтік маңызы бар барлығы 19 түрлі азық-түлік тауарларының бағасын негізсіз көтермеу бойынша құрылған мониторлық тобына аудандық Қоғамдық кеңес мүшелерін келісімдері бойынша қатыстыру мен аталған кеңестің жоспарына сай ағымдағы жылдың ақпан айында атқарылған және атқарылуы тиіс жұмыстар, сонымен қатар, қаралатын әртүрлі мәселелер бойынша тоқталып, зерделеу жүргізді.
Келесі кезекте, жиынға қатысушы аудандық мәслихаттың төрағасы Көкірекбаев Мұратбек Болысбекұлы елімізде Әділетті Қазақстанды құру ісінде өзіндік рөлі мен жауапкершілігі басым болуы тиіс аудандық Қоғамдық кеңестің жұмысы туралы өз ой-пікірлерімен бөлісе келе:
– Қоғамдық кеңес – еліміздегі демократиялық өрлеудің негізін қалайтын жанды тетік болып, жұмыс атқаруда. Бұл жүйе – жергілікті мемлекеттік басқару органдары өз құзіретіндегі мәселелер бойынша коммерциялық емес ұйымдармен, азаматтармен бірлесіп құратын консультациялық-кеңесші, бақылаушы орган. Ол жергілікті билік пен қараша халықтың арасын жалғап, қоғамның біртұтастығын сақтауға ұйытқы болатын бірден-бір институт екенін де айтып өткеніміз жөн. Сол себепті, әр мүшесі жұртқа жақын, еліміздің патриоты саналатын жаңа құрамы бекітілген аудандық Қоғамдық кеңестің алдағы жұмысына сәттілік тілеймін, – деген Мұратбек Болысбекұлы кеңес төрағасы мен мүшелеріне қызметтік куәлік тапсыру рәсімін жасады.
Иә, жаңа құрылған аудандық Қоғамдық кеңес мүшелері заң шеңберіндегі өз миссияларын орындау ісіне шабытты серпіліспен кірісіп те кетті.
Мысалы, осы аптадағы сейсенбі күні аудан әкімдігі кәсіпкерлік, өнеркәсіп және туризм бөлімінде, бөлім басшысы Ахан Алтынбаев, бас маманы Бауыржан Әлімбаев пен аудандық Қоғамдық кеңестің мүшелері – Нұрбек Жұманазаров, Рамазан Азизов, Әлихан Нұралиевтің және «Жастар ресурстық орталығы» КММ-нің қызметкерлерінің қатысуымен арнайы кеңес өткізілді.
Онда ауданымыздың дүкендерінде әлеуметтік маңызы бар 19 түрлі азық-түлік тауарларының бағасын негізсіз көтермеу бойынша жұмыстар талқыланып, зерделенді. Сонымен қатар, аудан кәсіпкерлеріне аталған мәселе бойынша түсіндірме жұмыстарын тұрақты жүргізудің басты тетіктері пысықталды.
Ал, кеңес мүшелері – Медербек Өзбеков пен Есболат Зетқұлов Меркі ауылдық округінің тұрғыны М.Әлішевті қабылдап, азаматтың жеке сауалдарына тұщымды жауап қайтарса, Тасқын Аташев Сұрат ауылындағы «Ынтымақ» шаруа қожалығының еңбеккерлерімен кездесіп, олардың ауыл шаруашылығы саласына байланысты сұрақ-сауалдарын зерделеп, заң шеңберінде жауап берді.