Кітап ал, кітап сыйла

0 21

Жақында аудандық орталық кітапханада Жамбыл облысы әкімдігінің ақпарат және қоғамдық даму басқармасының «Жастар ресурстық орталығы» КММ-нің директоры Кадралиев Айбек Амансейітұлының «Әулиеата–кітап оқитын өңір» жобасы аясында «Кітап ал, кітап сыйла» атты тақырыпта аудан жастарымен кездесу өткізілді.

Кездесуге аудан әкімдігі ішкі саясат бөлімінің «Жастар ресурстық орталығы» КММ-нің қызметкерлері, аудан жастары және белсенді жастар қатысып, пікір алмасып, қойылған сұрақтарға жауап берді.

Ең алдымен, аудан әкімдігі ішкі саясат бөлімінің «Жастар ресурстық орталығы» КММ-нің директоры Жұманазаров Нұрбек Рысбекұлы сөз сөйледі. Кітап – адамзат мәдениетінің баға жетпес мұрасы. Ол білімнің, руханияттың, ұлттық және жаһандық құндылықтардың қайнар көзі. Кітап оқу – адамның ой-өрісін кеңейтетін, санасын дамытатын маңызды үрдіс. Сондықтан, биылғы жыл «Кітап оқу жылы» деп жарияланып, кітап оқуды насихаттау мақсатында түрлі іс-шаралар өткізілетіндігі туралы айтып өтті.

Іс-шара барысында белсенді жастарымыз Жүсіпбек Аймауытовтың «Ақбілек» романының Аманжол Кәусар сюжетін айтып, Бейсенбек Гулайым мен Рахметилда Нұрбақыт ақиық ақын Мұқағали Мақатаевтың өлең шумақтарын оқыды.

Кітап оқу сөздік қоры мен жазу шеберлігін дамытады, логикалық ойлау мен талдау қабілетін арттырады, шығармашылық қиялды дамытады, жеке тұлғаның жан-жақты дамуына ықпал етеді, күйзелісті азайтып, эмоционалды интеллектіні күшейтеді.

Кітап оқу жылы – тек бір жылмен шектелмейтін, ұзақ мерзімді мәдени қозғалыстың бастамасы. Бұл бастама кітап оқудың маңыздылығын ұғынуға, қоғамның рухани дамуына ықпал етуге бағытталған. Әрбір адам осы жылы өзіне кітап оқуды әдетке айналдырып, әдебиет әлеміне тереңірек бойлай түссе, қоғамдағы білім мен мәдениеттің деңгейі әлдеқайда жоғары болмақ.

Айбек Амансейітұлы іс-шараның қоры­тындысын Меркі ауданының жастарына арнайы кітап сыйлаумен аяқтады.