Тәрбиелі бала – ата-ана мерейі

0 18

Жақында аудандық Мәдениет үйінің конференс залында «Тәрбиелі бала – ата-ана мерейі» тақырыбында мән-мағынасы зор іс-шара өтті.

Бұл іс-шараны аудандық аналар кеңесі төрайымының орынбасары Роза Байбосынова жүргізді.
Ең алдымен, іс-шараны жүргізуші осы аталған тақырыпқа орай отбасылық аналардың мерейін өсіретін мәселелерге жеке-жеке тоқталып өтіп, «Қошемет» деген жаттығуды жасату арқылы ұл-қыз тәрбиелеп отырған аналарға қошамет көрсетті.

Содан кейін Роза Жапарқызы іс-шараның мақсатын түсіндіріп, қатысушы қонақтармен таныстырып өтті. Олар – аудандық аналар кеңесінің төрайымы – Қайнаркүл Татықұлова, аудандық көпсалалы аурухананың әлеуметтік-психологиялық көмек беру бөлімінің әлеуметтік қызметкері Күлбахрам Агибаева, аудандық мүгедек балаларды оңалту және бейімдеу орталығының директоры Клара Рахаева, «Жамбыл облыстық тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбандарына әлеуметтік көмек көрсету орталығы» КММ-нің Меркі ауданындағы кеңес беру кабинетінің психолог маманы Әсет Ширинхан.
Іс-шарада 6 ата-ананы қамтыған топтық жұмыс жүргізілді. Оған қатысатын аналар сұрақтар арқылы анықталды. Жалпы, осы қозғалып жатқан тақырыптың бүгінгі заман талабына сай отбасылық тәлім-тәрбиелік мәні өте зор. Расында да біздің ата-аналар қазіргі таңда ұл-қыздарына көңіл бөле алмай жүргендері белгілі, көбінің әкелері сыртта жұмыста отбасын қалай асыраймынның қамымен, аналары саудада. Сондықтан да бүгінгі әңгіме ата-аналардың жауапкершілігін арттыруға зор ықпалын тигізеді. Сол себепті болашақ ұрпағымыздың жарқын өмір сүруінде ата-ананың рөлі зор екенін ұмытпағанымыз жөн.
Биылғы жылды облыс әкімі Е.Қарашөкеев «Кітап оқу жылы» деп жариялағаны баршаға мәлім.
Пайда ойлама, ар ойла,
Талап қыл артық білуге.
Артық білім кітапта,
Ерінбей оқып көруге – деп, ұлы ақынымыз Абай Құнанбаев айтпақшы, кітап алтын қазынамыз екені баршаға мәлім.

Өте тартымды өткен іс-шарада барлық қатысушылар бала тәрбиесіне қатысты өз ойларын ортаға салып, өзара пікір алмасты. Ал, осы іс-шарада ерекше белсенділік танытқан ата-ана Эльмира Кадиева Абайдың қара сөздерінің, кітап оқудың бала тәрбиелеуде берер көмегі зор екенін атап өтті.

Іс-шара соңында «Кітап оқу жылын» ескере отырып, ерекше белсенділік танытқан аналарға ең құнды сыйлық – кітаптар тарту етілді.

Келесі кезекте барлық қатысушылар «Баласы жақсы болса» әнін қосыла шырқап, ерекше серпіліске бөленді.

Өте қызықты да тартымды өткен басқосуды жүргізуші Роза Байбосынова «Менің бала кезімнің адамдары» атты жыр шумақтарымен аяқтады.
Барлық қатысушылар мен қонақтар ерекше әсер алып, дән риза болысып, көтеріңкі көңіл-күймен тарқасты.