Ардагерлер ұйымының жұмысы сараланды

0 26

Өткен бейсенбі күні аудандық Мәдениет үйінің конференц-залында Меркі аудандық ардагерлер ұйымының пленумы болып өтті.  Аудандық ардагерлер ұйымының төрағасы Жылысбаев Байсейіт Сабырұлы төрағалық жасаған жиынға аудан әкімі Жиенқұлов Ербол Жұмабекұлы, облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Солтыбаев Еркінбек Бейсенбекұлы, аудандық мәслихаттың төрағасы Көкірекбаев Мұратбек Болысбекұлы, аудандық билер кеңесінің төрағасы Өзбеков Медербек Көшенұлы, аудандық және ауылдық аналар мен әкелер кеңесінің төрайым, төрағалары, ардагерлер ұйымының алқа мүшелері, ауылдық ардагерлер ұйымдарының төрағалары, тиісті мекеме басшылары мен БАҚ өкілдері қатысты.

Пленум жұмысын ашқан ардагерлер ұйымының төрағасы Байсейіт Жылысбаев жергілікті билік өкілдері мен ауданымыздың дамуы және өсіп-өркендеуіне сүбелі үлес қосып, барша жұртқа үлгі болып жүрген ардагерлер қауымына ізгі тілектерін арнаған соң, ҚР Әнұраны орындалды.
Алдымен, сөз кезегін алған Байсейіт Сабырұлы аудандық ардагерлер ұйы­мының 2024 жылы атқарған жұмыстары мен алдағы жоспарлары турасында баяндама жасады.
– Аудандық ардагерлер ұйымы 16 бастауыш, 43 цехтық ардагерлер ұйымынан тұрады. Барлығы 10852 арда­гер­лердің құрамында – 27 ҰОС жесірлері, 152 тыл еңбеккері, 60 Ауған соғысына қатысушылар, 27 желтоқсаншылар, 15 Чернобыль апатын жоюға қатысушылар, 175 Семей ядролық сынақ алаңында әскери қызмет етушілер және т.б. санаттағы ардагерлер бар. Аудандық білім беру бөлімінде «Ұстаз» бастауыш ардагерлер ұйымы дүниеге келді. Президентіміздің ұлттық құндылықтарды насихаттау үрдісі бойынша есепті кезеңнің наурыз айында барлығы 11 іс-шара, оның ішінде, шежіре мен жоралғы күндері өтті. Аудандық Мәдениет үйінде әкелер, аналар күндері, батагөйлер байқауы да жоғары дәрежеде ұйымдастырылды. 31-мамыр – Саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күні де өте мазмұнды өтті. «Ұлу жылы ұлықтайық – Меркінің ұлыларын» тақырыбы жыл бойы ауылдық округ бастауыш ардагерлер ұйымдарында аудандық семинар түрінде аталып өтті. Сонымен қатар, өткен жылы «Абылай хан дәуірінде Меркіден шыққан 26 батыр», «Т.Рысқұлов кезіндегі 4 мемлекет және қоғам қайраткерлері», Д.Қонаев дәуіріндегі 56 Социалистік Еңбек Ері, Жоғары Кеңес депутаттары, Ленин орденінің иегерлері» іс-шаралары сәтті өтті. Меркі, Жаңатоған және Кеңес ауылдық округтерінде ҚР Халық Ассамблеясы өкілдерімен кездесулер де көптің көңілінде қалды. «Қарапайым экономиканы дамыту» бойынша Меркі, Сұрат, Ақермен ауылдық округтерінде өткен семинарлар, әсіресе, жастарды еңбекке баулуға ұйытқы болса, барлық округтерде «Таза Қазақстан» акциясына жергілікті ардагерлер ұйымдарының өкілдері атсалысты. Ел Президенті Қ.Тоқаевтың «Іскерлік және жанашырлық» қанатқақты жобасы да аудан көлемінде алға басып, асар дәстүріміз бойынша іргелі жұмыстар атқарылды. Ардагер кәсіпкерлеріміз – Қ.Шайхиев, Б.Рахымбаев, Ә.Жұматаев, С.Ешетовтардың жанашырлық жұмыстары көп әрі салмақты – деген Байсейіт Жылысбаев 2025 жылы аудандық ардагерлер ұйымының негізгі бағыттары – әкелер кеңесінің жұмысын жандандыру, аудан ел-жұртының ынтымақ пен бірлігін сақтау, жастарды білімді, еңбекқор, патриот болуға тәрбиелеу, тұрғындар арасында тұрақты саяси ахуалды қамтамасыз ету, Президентіміздің, облыс, аудан әкімдерінің ішкі саясатын қолдау, Ардагерлер ұйымы Жарғысы мен ІХ съездің талаптарына сай жұмыс атқару керектігін айтты.

Келесі кезекте, «Аудан еңбеккерлері және ардагерлерін әлеуметтік қолдау мәсе­лелері» бойынша аудан әкімдігі жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы Тоғжан Тұрсыналы баяндама жасап, мәліметтерімен бөлісті.

Сөз алған аудандық билер кеңесінің төрағасы Медербек Өзбеков 2024 жылы атқарылған жұмыстары туралы есеп берді.

Бүгінгі күнде аудандық билер кеңесі 5 мүшесімен жұмыс жасаса, барлық 14 ауылдық округтерде де билер кеңесі құрылғанын, жұмыстар жылдық, айлық жоспарға сай тиісті дәрежеде жүруде екенін, билер кеңесі аудандық сотпен бірлесе отырып, дауларды мүмкіндігінше сотқа жеткізбей тараптарды татуластыру бойынша жүретінін айтқан Медербек Өзбеков:

– Билеріміз ежелден ердің құнын бір ауыз сөзбен шеше білген. Сондай-ақ, жер мен жесір дауын да ақылдаса отырып, шешіп келген халықпыз. Ел үлкеннің сөзін тыңдаған. Сол үрдісті дамыту мақсатында біздің билер кеңесі өз жұмысын ұлы бабалардан қалған ұлағатты сөздер мен билердің кейінгі ұрпақтарына қалдырып кеткен билік мұраларын атқаратын жұмыстарына басшылыққа алып отыр. Біздер алдағы уақытта да аудандық сотпен бірлесе жұмыс жасап, бірлік пен берекенің мызғымауы жөнінде тізе қоса еңбек ете береміз. Есепті жыл басынан бері «Шешендік өнер – асыл қазына», «Шешендік және көркем сөйлеу – билердің басты мақсаты» тақырыбымен және «Бітімі бар елде береке болады», «Билердің дауды шешудегі тиімді жолы», «Дәнекер пилоттық жобасы» тақырыбында дөңгелек үстел ұйымдастырылды. Билер кеңесінің ұйымдастыруымен, 4 алқа мәжілісі өтсе, 32 азамат қоғамдық қабылдауда болды. Аудандық билер кеңесінің жұмысы туралы 1 кітап жарық көріп, «Дәнекер» пилоттық жобасын іске асыру бойынша іс-тәжірибе жұмыстарымыз облыстағы аудандық билер кеңестеріне таратылды. «Үздік би» атағы Меркі ауылдық округі билер кеңесінің төрағасы Сәрсен Әбеновке берілді – деп, басқа да ақпарларымен бөлісті.

Одан кейін сөз алған аудандық аналар кеңесінің төрайымы Қайнаркүл Татығұлова өздері тарапынан атқарылған жұмыстар бойынша баяндама жасады.

–Өткен жылдың ақпан айында «Мә­дениетті ана – мәдениетті ұлт» жобасы аясында «Еліне азамат тәрбиелеген аналар» тақырыбында әртүрлі салада балалары табысқа қол жеткізген отбасы аналарымен кездесу өткіздік. Наурыз айында аудандық Мәдениет үйінде «Ана әні» атты өзге ұлт өкілдері аналарының қатысуымен ән байқауы өтсе, мамыр айында аудандағы әскери бөлім сарбаз­дарымен «Ұлағатымен ұрпағын рухты еткен аналар» тақырыбында кездесу болып, сарбаздарды Отан сүюге, елді қорғай білуге шақырдық – деген Қайнаркүл Татығұлова су апатынан зардап шеккен аймақтарға көмек қолын созу кезіндегі жанды істері мен басқа да жұмыстарына жеке тоқталып өтті.
Пленумның келесі бөлігі ардагерлер кеңесі жұмысына демеу болып, ат­салысқан мекеме басшылары, оның ішінде, музей директоры Айдын Базилов, аудандық Мәдениет үйінің директоры Нұржан Тулақбаев, №9 Меркі колледжінің директоры Ғалымжан Мамырбаев, орталық кітапхананың директоры Жанат Сүйімқұлова, «Меркі жолаушы» ЖШС-гі директорының орынбасары Курбан Адилханов, Андас батыр ауылдық округі аналар кеңесінің төрағасы Бейсекүл Молдрайымова, аудандық билер кеңесінің жұмысы барысында әділдік танытып, көзге түскен Нышан Базилов, Жеңіс Манапов, Сәрсен Әбеновтар бағалы сыйлықтармен марапатталды.

Одан кейін бірқатар еңбек ардагерлері ауданымызда алғашқы болып «Меркі ауданының құрметті ардагері» төсбелгісіне ие болды. Олардың қатарында Байсейіт Жылысбаев, Медербек Өзбеков, Мэлсхан Жұматаев, Жантұрсын Қалмаханбетов, Совет Қалманбетов, Қынат Шайхиев, Ержан Шолпанқұлов, Уәли Қырғызбаев, Қашқынбай Райымқұлов, Өмірзақ Қаймолдаев, Тұрсыналы Олжабаев, Құдайберген Жантаев, Бектұрған Жамбабаев, Болат Рахымбаев, Мақсұт Несіпбаев, Қазбек Ибраим, Қайнаркүл Татығұлова, Күлсінхан Сұлтанқұлова, Молдағали Расилов, Ғания Шоқанова, Сыдықбек Дәлиев, Құсанбек Сақбаев, Николай Соколинских, Хамидулла Еңсебеков, Сауытбек Ешетов, Есенбек Адамбаев, Олжабек Қосыбаев, Казим Хейроев, Гүльаға Джамалов пен Әли Жұматаев сынды көпшілікке танымал аудан азаматтары болды.

Сөз алған облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Еркінбек Солтыбаев меркілік ардагерлердің атқарған жұмысына жоғары баға беріп, алғыс айтса, аудан әкімі Ербол Жұмабекұлы ұлттық үрдіс пен болмысымыз жойылмай, ардагерлерді ұлықтау ісі жоғары тұратынын жеткізіп, алдағы уақытта да бірлесе еңбек етуге шақырды.