Комиссия отырысы болып өтті

0 22

Дүйсенбі күні Қ.Жандарбеков атындағы аудандық балалар өнер мектебінің акт залында Меркі ауданы әкімдігі жанындағы кәмелетке толмағандардың істері және олардың құқықтарын қорғау жөніндегі комиссияның отырысы болып өтті. Аудан әкімінің орынбасары Мейірхан Өмірбектің төрағалығымен өткен жиынға аудандық прокуратураның прокуроры Хиса Әжімбеков, білім бөлімінің басшысы Айгерім Алтынбаева, аудан әкімдігінің тиісті бөлім мен білім беру ұйымдарының басшылары, ауылдық округ әкімдері, сонымен қатар, аудандық полиция және төтенше жағдайлар бөлімінің өкілдері қатысты.

Аталған комиссия отырысында күн тәртібіне қойылған басты мәселе – кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылық пен түрлі қылмыстың алдын алу, сондай-ақ, орын алған құқық бұзушылықтар сараланып, атқарылған жұмыстар кеңінен қаралды.

Жиынды кіріспе сөзімен ашқан аудан әкімінің орынбасары Мейірхан Азатұлы еліміздің болашағы саналатын кәмелетке толмағандар арасындағы қылмыстың алдын алу үшін оған жауапты тұлғалар мен лауазым иелері тарапынан – әрекетсіздік, немқұрайлылық пен жасыру фактілері мүлдем болмауы керектігін айтып, бұл іске жаңаша көзқарас қалыптастыратын уақыт жеткенін ортаға салды.
Сонымен қатар, Мейірхан Өмірбек қылмыс орын алған соң, оның сан соқтырып, қолды кеш сермеуге әкелетін салдарымен емес, әр құқық бұзушылықтың алдын алу мен себептеріне зер салу жұмыстарын күшейте түсуді қатаң ескертті.

Сөз алған аудандық білім бөлімінің басшысы Айгерім Аханқызы күн тәртібіне сай баяндама жасап, аталған бағыттағы жетістіктер мен кемшін тұстарды зерделеп өтті.

Келесі кезекте өзінің ой-пікірлерімен бөліскен аудандық прокуратураның прокуроры Хиса Әжімбеков, әсіресе, оқушылар арасындағы құқық бұзушылық фактілері жекелеген мектептерде бой көрсеткенімен, оларға қарсы күрестің деңгейі төмен екендігін жеткізді.

Мейірхан Өмірбек аталған жиында жаңа жыл мерекесіне орай, қауіпсіздік шараларын күшейту, оның ішінде, кәмелетке толмаған жастардың пиротехникалық жарылғыш заттарды сатып алу мен қолдану турасында сөз қозғады.

Жиын мінберіне көтерілген ау­дандық полиция бөлімі бастығының орынбасары, полиция подполковнигі Айдос Майнауысов өз тараптары арқылы кәмелетке толмағандар ара­сындағы құқық бұзушылықтың алдын алу бойынша жұмыстарға, сондай-ақ, пиротехникалық заттардың дүкендер мен базарларда сатылмауын қадағалау, кері жағдайда кәсіп иелеріне қомақты айыппұл салу жайына тоқталса, аудандық төтенше жағдайлар бөлімінің аға инженері Рустам Аманшаев кәмелетке толмағандардың пиротехникалық бұйымдарды қолданбауы мен қауіпсіздік шаралары турасында жүйелі жұмыстар атқарылып жатқанын айтты.

Комиссия отырысын қорытындылаған аудан әкімінің орынбасары Мейірхан Өмірбек қаралған мәселелер бойынша әр тиісті бөлім мен мекеме басшыларына тапсырма беріп, олар өзінің жеке қадағалауында болатынын жеткізді.