Иә, 1986 жылдың 17-18 желтоқсаны күндері Алматыда орын алған тарихи оқиға тек қана 15 одақтас республика жұртының ғана емес, бүкіләлемдік геосаяи ахуалдың өзгеріске ұшырауына ұйытқы болуымен қатар, тоталитарлық жүйенің «жүйкесіне» мықтап сыр бергізген алғашқы бас көтеру еді.Расында, көкірегі ояу, санасында сәуле болғанымен, «күш қазандай қайнайды, күресуге дәрмен жоқтың» керімен қауқарсыз жатқан Кеңес елінің ұзақ жылдар қалыптасып, халықты «сым темірмен» шырмай бұғауда ұстаған саяси ұстанымының селдіреп, кенеттен кері кетуіне алып келген әйгілі Желтоқсан оқиғасының маңызы өте зор. Міне, дүниені дүр сілкіндірген сол күндерден бері арада аттай 38 жыл өтіпті.
Осы атаулы күннің қарсаңында аудан әкімдігінің кіші мәжіліс залында 1986 жылғы Желтоқсан оқиғасына қатысушылармен кездесіп, оларды ұлықтау жиыны болып өтті.
Жиынды ашқан аудан әкімі Баубеков Жорабек Нұрмергенұлы жиналған көпшілікті 16-желтоқсан – Тәуелсіздік күнімен қызу құттықтап, бұл басты мерекенің мән-мағынасына кеңінен тоқталды.
Одан кейін Тәуелсіздіктің бастауы болып, намыс пен жанқиярлықтың үлгісі саналатын және қазақ ұлтының рухын көтеріп, әділетсіздікке қарсы көтерілген өрімдей жастардың бұл қадамы бүгінгі ел егеменділігіне алып келгенін айтып, сол бір күндер тарих беттеріне алтын әріптермен жазылса, желтоқсаншы тұлғаларды ұлт мақтанышы деп санайтынымызды жеткізген Жорабек Нұрмергенұлы оларға Құттықтау хаты мен бағалы сыйлықтарын табыс етті.
Сонымен қатар, еліміздің жалынды жастарының бодандық құрсауынан шығуға ұмтылған ерлік істері бүгінгі Тәуелсіз еліміздің жарқын болашағымен жалғасын табуда екенін ортаға салған аудан әкімі Жорабек Баубеков желтоқсаншы азаматтарға зор денсаулық, игілік пен бақыт тілеп, еліміздің тұрақты дамуы мен кемелденуі жолындағы еңбектері табысты, бастамалары сәтті болуын қалайтынын білдірді.
Сөз алған желтоқсаншылар – аудандық тұқым зертханасының меңгерушісі, Нышан Базилов, №9 Меркі колледжінің мұғалімі Бақыт Алтаев, медиатор Айнұр Тоғысбаевалар өздерінің ой-пікірлерімен бөлісіп, мәңгілік ел болу үшін намысты ұлттың қалыптасуы жолында еңбектене беретіндіктерін жеткізген соң, Бақыт Алтаев өзінің «Желтоқсан» атты шығармасын көпшілікке арнады.