Ойшылдардың ойыны тартысты өтті

0 28

Бәрімізге белгілі, 1993 жылдың 15-қарашасы күні Қазақстанның ұлттық валютасы – теңге айналымға енді. Тап осы күннен бастап, еліміздің өзге мемлекеттермен тең иық теңестіретін нағыз егеменді екенін де анық сезінгеніміз бар.Міне, осы атаулы датаның құрметіне, Тынышбек Кембай басқаратын аудандық шахмат федерациясының ұйым­дасты­руымен шахмат турнирі болып өтті.

Балалар мен жасөспірімдердің «Үміт» сарайында өткен аталған спорт жары­сына ауданымыздың маңдайалды 24 шахматшысы қатысып, өздерінің бақтары мен баптарын таразы басына салды.
Шахматтың рапид түрінен өткен тартысты жарыста Олег Александрович барлығы 7 мүмкіндіктен 6 ұпай жинап, жеңімпаз атанды.

Екінші орынды жарыста бағы жанған Даниил Кочерга жеңіп алса, Марат Бекбауов үшінші орынның биігінен көрінді.

Ал, 60 жастан асқан ардагер шах­матшылар арасында бірінші орын Қырғыз елінен келген Болот Алыбаевқа бұйырса, Асқар Туғанбаев екінші орынға тұрақтады. Үшінші орынға өзіндік еңбегі бар Мақсұт Сатеков лайықты деп табылды.

Турнирдің он екі жасқа дейінгі балалар кезеңінде Жанат Нұрымға қарсы тұрар спортшы табылмай, ол жеңімпаз атанды. Абдулла Рауан екінші орынтаққа көтерілсе, Н.Жанатов үшінші орынды місе тұтты.
Жарыс соңында жеңімпаз спортшылар мен жүлдегерлер тиісті медаль, арнайы диплом және қаржылай сыйлықтарға ие болысты.

Осы орайда, ойшылдардың ойынына демеушілік жасаған мекемелерді атап өтсек, олардың қатарында «Қазақстан Халық банкі» АҚ-ы №160900 Меркі аудандық бөлімшесінің бастығы Аужан Мамедов, ауданымыздағы «Jusan Bank» АҚ-ы бөлімшесінің бөлім басшысы Жангелді Расилов, «Қазпошта» АҚ-ның Меркі аудандық пошта байланыс торабының бастығы Абзал Рақышев пен «КТ Меркі» ЖШС-нің басшысы Бағдат Ахметовтар болды.