Кітап – адамзаттың қазынасы, таусылмас байлық

0 29

«Адамды адам еткен – кітап,
адамзат еткен – кітапхана»
Әбіш КЕКІЛБАЕВ.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық құрылтайдың «Адал адам – Адал еңбек – Адал табыс» атты үшінші отырысында: «Кітапхана – мемлекеттің, ұлттың негізгі жады… Өздеріңізге мәлім, мен былтыр Түркістанда өткен құрылтайда елімізде тәулік бойы жұмыс істейтін заманауи кітапхана салу туралы айттым… Шын мәнінде, озық ойлы ұлт болудың ең төте жолы – кітап оқу. Сондықтан, кітап оқу мәдениетін қоғамда барынша орнықтыруымыз керек», – деп атап өткен-ді.

Иә, ел Президентінің мемлекеттік мінберден бұл саланың мән-мағынасын ашып, оған «салқын» қарамауы және артынша «Ауыл кітапханаларына 100 кітап» акциясының кең көлемде етек жаюы – аталған бағыттың стратегиялық маңыздылығын көрсетсе керек.
Осы ретте, ауданымызда кітапхана қызметкерлерінің шығармашылық жетіс­тіктерін айқындау және насихаттау, бұл салаға жаңа формалар мен әдістерді енгізу, солайша кітапхана мен кітапхана қызметкерлерінің имиджін одан әрі нығайтып, оқырмандар санын көбейтуді мақсат еткен ауқымды іс-шара өткен аптаның жұмасы күні аудандық Мәдениет үйінде болып өтті.

«AMANAT» партиясы Меркі ау­дан­дық филиалы мен аудандық орталық­тан­дырылған кітапханалар жүйесі әдіс­темелік бөлімінің ұйымдастыруымен өткен «Жыл маманы – 2024» байқауы, сөз жоқ, жұмыс кестесіне сай кезегі келгенде өткізе салу керек болған «кезекші» байқаудың бірі емес, шын мәнінде, нағыз ашық форматта өткен мықтылардың сайысы болды. Аталған іс-шараға аудан кітап­ханашылары, кітапсүйер қауым мен жастар өкілдері көптеп қатысты.

Байқау №2 балалар музыка мектебінің домбыра сыныбының ұстазы Аманқос Амантай мен оның шәкірті Нұрғиса Маратұлының орындауындағы Әбдімомын Желдібаевтың «Ерке сылқым» күйімен бастау алды.

Келесі кезекте, жүргізушілер байқаудың әділқазылар алқасымен таныстырды. Оның құрамында «AMANAT» партиясы Меркі аудандық филиалының төрағасы Күлайым Шағатаева, ҚР Жазушылар одағының мү­шесі Шырын Мамасерікова, аудан әкімдігі ішкі саясат бөлімінің бас маманы Назира Қаймолдаева, кітапхана саласының ардагері Сағын Тортаева мен осы жолдардың авторы, аудандық «Меркі тынысы» газетінің бас редакторы Әлихан Нұралиев болды.

Одан кейін сахна төріне байқауға қатысуға ықылас білдірген кітапханашылар – Қостоған ауылдық кітапхана қызметкері Айнұр Мырзахметова, аудандық орталық кітапхана қызметкері Мадина Асанқұлова, Ақ жол ауылдық кітапхана қызметкері Махаббат Омарова, Ойтал ауылдық кітап­хана қызметкері Рита Айтжанова, аудандық балалар мен жасөспірімдер кітапханасының меңгерушісі Динара Айымбекова, Андас батыр ауылдық кітапхана қызметкері Ләззат Бердібаева және Ақтоған ауылдық кітапхана қызметкері Гүлзира Беркімбаева көтерілді.

Байқау «Жаңа ой, жаңа қадам, жаңа талап» атты таныстырылым, «Менің шығар­машылық жарнамалық жаңалығым», «Бәріміз оқимыз, әрқашан оқимыз, кез келген жерде оқимыз» атты көрсетілімді іс-шара, «Ұшқыр ой, ұтымды жауап» атты кәсіби сұрақ-жауап кезеңі, сонымен қатар, «Әлем өзгереді, біз де өзгереміз» атты креативті жоба ұсыну, барлығы 5 кезеңнен тұрып, сайыс жолына түскен мамандар өздерінің қабілеттері мен өнерлерін паш етуге мүмкіндік алды.
Кітапхананың тұрақты оқырманы Әбілез Әзіреттің орындауындағы «Туған жер» әнінен кейін байқау сөре сызығын аттап та кетті.

Бірден айту керек, ә дегеннен-ақ, суы­тылып, бабына келе бапталған жүйрікке қамшы салғандай әсерде қалдырған аудандық орталық кітапхананың қызметкері Мадина Ильясқызы, аудандық балалар мен жасөспірімдер кітапханасының меңгерушісі Динара Елеукенқызы және Ақ жолдан келген кітапханашы Махаббат Тұрарқызының өнер шабысы көпті елең еткізіп, алғашқы кезеңнің өзінде олар қарсыластарынан оқ бойы ұзап кеткенін әркім мойындады. Дегенмен, Рита Амангелдіқызы, Ләззат Меркібекқызы, Гүлзира Шәбденқызы мен Айнұр Төленқызы да жекелеген кей кезеңдерде «кесек мінез» танытып, жанындағыларға шаң қаптырғандай сәттерді көрсете алды. Оны мойындау керек.

Мысалы, өзін-өзі таныстыру кезі мен Шырын Мамасерікова және Үміт Битенова сынды ақындардың образын бейнебаян арқылы ұсыну кезінде Ләззат Бердібаева, ұлттық киім киіп, өткізген іс-шараларын үлкен экран арқылы таныстырған, сондай-ақ, Ү.Битенованың сөзіне жазылған «Мама» әнін тамаша орындаған Гүлзира Беркімбаева, реті келгенде қоғамда қор­даланған мәселенің мәнісін шешіп, ұялы телефонның зияндығын сценалық көрініс арқылы паш еткен Динара Айымбекова, сценалық көріністе Ә.Қалдыбаевтың кі­табы бойынша әкенің уақытша даңқына асқақтаған бай баласы мен жұпыны ғана тұрмысы болғанымен, намысы таудай һәм жігері жапырылмай еселене түсетін кедей баласы арасындағы қақтығысты әсем суреттеген Айнұр Мырзахметова, Шырын әкпеміздің шығармашылығын насихаттауда кезінде Шырын Мамасерікованың қазақ­тың айбарлы ұлы Тұрар Рысқұловтың жары Әзиза апамызбен болған сұхбатын сахналаған, сонымен қатар, ақын әк­пеміздің сөзіне жазылған «Ақ жеңешем» әнінің орындалуына ұйытқы болған Рита Айтжановалар ұтымды әрі кәсіби әдістерді іс жүзінде көрсете алды.

Байқау барысында бағамдалған жайт – Жанат Сүйімқұлова басқаратын (орын­басары Айман Бүркітбаева) «Аудан­дық орталықтандырылған кітап­ханалар жүйесіне» қарасты ауылдық кітапхана қызметкерлерінің бірін бірі толықтырған біліктілігіне шек келмегені бір төбе болса, сайдың тасындай топтасқан осы мамандардың өз істеріне деген адал махаббатын да анық аңғаруға болар еді.

Сонымен, тек кітапханашылық емес, басқа да өнерлерден есе жібермейтінін істерімен дәлелдеп баққан ерен еңбек иелерінің байқауы да соңына жетіп, олар өздеріне лайық номинациялармен марапатталды.
Оған тоқталсақ, аудандық орталық кітапхананың қызметкері, білікті маман Мадина Асанқұлова «Жыл кітапханашысы», Ақ жол ауылдық кітапхананың қызметкері, көпбалалы ана, Абай туған өнерлі Семей жерінің қызы екеніне дәлел – таныстыру кезінде домбыра шерткен Махаббат Омарова «Кәсіби кітапханашы», ал, ау­дандық балалар мен жасөспірімдер кітапханасының меңгерушісі, білімді басшы Динара Айымбекова «Іскер кітапханашы» номинациясын жеңіп алды.

«Жаңашыл кітапханашы» номинация­сына қостоғандық Айнұр Мырзахметова лайық деп табылса, Ойтал ауылының кітапханашысы Рита Айтжанова «Үздік ұйымдастырушы» номинациясына ие бол­ды. Андас батырдан келген Ләззат Бердібаева «Ізденімпаз кітапханашы» атағын алса, Ақтоған ауылдық кітап­хана­сының қызметкері Гүлзира Беркімбаева «Үздік кітап насихаттаушы» номина­циясын қоржынына салды.
Барлық қатысушылар арнайы дип­ломдармен марапатталып, бағалы сый­лықтарға ие болысты.