Халыққа жақын құжат

0 23

Жуырда Андас батыр ауылдық округінің әкімі Нұрбол Сұлтаналиев ҚР ҰҚК Жам­был облысы бойынша Шекара қызметі Департаменті Меркі ауданы бойынша Шекара басқармасына қарасты «Сыпатай батыр» (автомобильдік) шекаралық бақылау бөлімінде, «Сыпатай батыр» шекара бөлімшесінде, сонымен қатар, «Меркі» (теміржолдық) шекаралық бақылау бөлімшесінде 2024 жылғы қыркүйек айында жарияланған ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың халыққа арнаған «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» атты Жолдауын түсіндіру бойынша жұмыс атқарды.

Екі күнге жалғасқан іс-шара барысында Нұрбол Анарбекұлы шекарашы сарбаздарға еліміздің әлеуметтік, саяси-экономикалық бағыты мен оны жүзеге асыру тетіктерін кеңінен түсіндіріп берді.
Аталған кездесулер кезінде округ әкімі Қазақстан Республикасының Президенті Касым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың Жол­дауы елдің саяси, әлеуметтік және эконо­микалық дамуына бағытталған маңызды реформалардан тұратынын айтып, оған қолдау жасауға шақырды.

Президенттің Жолдауында елімізде әділетті қоғам құру, халықтың әл-ау­қатын арттыру және экономиканы дамыту жо­лындағы басты міндеттері айқындалды. Әлеуметтік салада балаларды қорғауға және адам саудасына қарсы күреске арналған заңдар қабылданып, кәмелетке толмағандарға қатысты зорлық-зомбылықты жазалауды қатаңдату көзделген. Сонымен қатар, азаматтардың несие мәселелері бойынша жаңа заңдар қабылданатынын айтқан Нұрбол Сұлтаналиев экономика саласында инфляцияны төмендету, ха­лықаралық резервтерді арттыру және өнер­кәсіпті дамытуға бағытталған нақты шаралар атқарылғанын айтты.

Сондай-ақ, округ әкімі республикамызда экономиканың құрылымын өзгерту және жаңа инвестициялық кезеңді бастау қажет екенін атап өтті.

Шекарашы сарбаздардың көптеген сұрақ-сауалдарына тұщымды жауап берген Нұрбол Анарбекұлы еліміздегі заңның үстемдігін қамтамасыз ету және қоғамдық тәртіпті нығайту еліміздің тұрақты дамуына ықпал ететін негізгі факторлар болып табылатынын қозғады және экологиялық ахуал мен халық денсаулығын қорғау мәселелері де назардан тыс қалмады. Сонымен қатар, ол экологиялық білімді насихаттау және халықты әлеуметтік қолдау шаралары күшейтілетінін жеткізді.

Жалпы, реті келгенде айта кетсек, Президенттің Жолдауы Қазақстанның дамуы мен азаматтардың әл-ауқатын жақсарту жолындағы маңызды қадамдарды айқындады. Бұл Жолдаудың жүзеге асуы еліміздің саяси тұрақтылығын, экономикалық өсуін және әлеуметтік әділеттілікті қамтамасыз етуге мүмкіндік беретіні анық.

Біз, шекарашылар ҚР Жоғарғы Бас Қолбасшының Жолдаудағы нұсқауларын бұйрық ретінде қабылдап, өзімізге тиісті жұмыстарды бұлжытпай орындай бермекпіз!