Әділетті қоғам құру – ортақ мақсат

0 28

Сыбайлас жемқорлық – қоғамның дамуындағы ең қауіпті кедергілердің бірі. Бұл түсінік мемлекеттік қызметкерлердің, ұйымдардың және жеке тұлғалардың өз лауазымдық өкілеттіктерін жеке пайда үшін пайдалануы арқылы пайда болатын жағымсыз құбылыс ретінде қарастырылады. Осы орайда, Меркі ауданының әкімі Жорабек Баубековтың төрағалығымен «Әділетті қоғам құру – ортақ мақсат» тақырыбында конференция өтті.

Конференцияға ҚР Сыбайлас жем­қорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Жамбыл облысы бойынша департаменті Превенция басқармасының басшысы Ербол Бақтыхожаев, Меркі ауданы прокурорының орынбасары Дархан Сатыбалдиев, Меркі аудандық полиция бөлімінің бастығы Сәбит Мамытбеков және мекеме басшылары қатысты.

Конференцияны ашқан аудан әкімі сыбайлас жемқорлыққа жол бермеу мемлекет саясатының басым бағыты екенін және оның маңыздылығы туралы айтып, осы бағытта Меркі ауданында атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталды.

Аудан әкімдігіне халық көп қайы­рылатын бөлімдер, яғни, жер қатынастары бөлімі, сәулет қала құрылысы және құрылыс бөлімі, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық жолаушылар көлігі және ав­томобиль жолдары бөлімі және адал­дық алаңының жобалық кеңсесінің ма­­мандары сервистік әкімдікке шо­ғырланған. Бүгінгі күнге дейін 1500-ден аса қызмет түрлері көрсетілген.

Аудан бойынша сыбайлас жем­қор­лыққа жол беріп немесе мемлекеттік қызметке кір келтірген қызметкерлер жоқ. Ал, аудан прокурорының орынбасары сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылдың заңдылықтарына тоқталып, аудан аумағында биыл сыбайлас жем­қорлық бойынша құқық бұзушылық жағдайлары орын алмағанын айтты.

Сонымен қатар, Меркі аудандық полиция бөлімінің бастығы сыбайлас жемқорлықтың алдын алу шаралары мен қылмыстарды ашу бойынша атқарылып жатқан жұмыстарды баяндады.