Жуырда мектебімізде Жамбыл облысының 85 жылдығына орай, қол күрестен 4 дүркін Азия чемпионы, 2 дүркін әлем чемпионы Рахымбаева Жарқынай Сержанқызымен «Еліміздің рухын көтерген – Жарқынай» атты кездесу өтті. Іс-шараның мақсаты – өскелең ұрпақтың спортқа деген қызығушылығын арттыру, салауатты өмір салтын дәріптеу, ұлтымыздың мәртебелі мақтанышына айналған азаматтарына қарап бой түзеуіне ұйытқы болу, оқушылар арасында салауатты өмір салтын насихаттай отырып, зиянды әрекеттерден аулақ болуға тәрбиелеу, патриоттық сезімдерін қалыптастырып, спортқа деген сүйіспеншіліктерін арттыру.
Мектеп оқушылары кеш қонағын зор қошеметпен қарсы алып, ерекше құрмет көрсетті. Мектеп директоры Сейдалиев Ербол Есеналыұлы өзінің жүрекжарды лебізін білдіріп, Жарқынайды жеңісімен құттықтады.
Кездесу сұхбат форматында өтті. Іс-шара барысында арнайы қонақ Жарқынай Рахымбаева өзінің спорттық мансабы туралы айтып, болашақ жоспарларымен бөлісті.
Сондай-ақ, балалар армрестлингтен нағыз әлем чемпионымен күш сынасудың бірегей мүмкіндігіне ие болды.
Мұндай кездесулер біздің жастарды патриотизм мен мақтаныш сезіміне баулитыны сөзсіз.