Президенттің арнайы Жарлығына сәйкес, барлық деңгейдегі әкімдер халықпен кездесулер өткізуге тиіс. Осы орайда, сәрсенбі күні аудан әкімі Баубеков Жорабек Нұрмергенұлының аудан халқымен екінші жартыжылдыққа жоспарланған тұрақты кездесулері басталды.Аудан әкімі алдымен Ақтоған ауылының тұрғындарымен кездесті. Кездесуде аудан әкімі 9 айдың қорытындысы бойынша ауданда атқарылған жұмыстарды баяндады. Аудан басшысының айтуынша, өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы, мал шаруашылығы және инвестиция тарту сынды ауданның негізгі даму бағыттары бойынша жоспарланған межелер 100 пайыздан артығымен орындалған.
Бұл ретте Ақтоған ауылдық округінде де ауқымды жұмыстар атқарылуда екен. Биыл Ақтоған ауылында 6 бірдей көше жолы жөндеуден өткен болса, №4 Тілеміс батыр атындағы мектеп күрделі жөндеуден өтіп, түбегейлі жаңарған. Ақтоған ауылының саябағы мен ауыз су жүйесі жаңғыртудан өтіп жатса, мәдениет үйі ағымды жөндеуден өткен. Сондай-ақ, округке қарасты Қазақ диқан ауылында жаңадан саябақ ашылған.
Кездесуде ақтоғандықтар аудан әкіміне өздерін толғандырған мәселелерді көтеріп, жайылымдық жер тапшы екенін жеткізді. Жорабек Нұрмергенұлы бұл мәселені назарына алып, тиісті зерделеу жұмыстарын жүргізуді аудан әкімінің жауапты орынбасары мен орман шаруашылығының басшысына тапсырды. Оған қоса, аудан әкімі аудандағы жалпы жайылым тапшылығы мәселесін шешу мақсатында Меркі тау шатқалдарынан құрылып жатқан ұлттық парктің шаруашылық аумағынан жер ұсынылатынын жеткізді.
Аудан әкімінің келесі кездесуі Жамбыл ауылдық округінің тұрғындарымен өтті. Жорабек Нұрмергенұлы жамбылдықтарға да ауданда атқарылып жатқан жұмыстарды баяндап, оның ішінде, аталған округтегі жұмыстарды да тілге тиек етті. Жамбыл ауылдық округінде де ауыз толтырып айтарлықтай шаруалар атқарылыпты. Атап айтсақ, биыл ауылдық округте 14 көшеге жөндеу жұмыстары басталып, оның жартысынан көбінің жұмысы аяқталған. Округке қарасты Талдыбұлақ ауылының орталық көшесі жарықтандырылып, кіші футбол алаңшасы пайдалануға берілген.
Түстен кейін, аудан әкімінің кездесуі орталық Меркі ауылдық округінің тұрғындарымен өтті. Орталық округте де осындай бірқатар жұмыстар атқарылған. 6 көшеге орташа жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатса, 4 көшеге жарық шамдары орнатылған. Бұдан бөлек, орталық саябақта қарияларға арналған «Белсенді өмір сүру орталығы» ашылса, Меркі шипажайы елді мекенінің су құбырлары ауыстырылған.
Кездесулер барысында Жорабек Нұрмергенұлы тұрғындардың өтініш-тілектерін тыңдап, көтерілген мәселелерді бақылауға алып, ауыл әкімдері мен жауапты тұлғаларға тапсырма берді.