Құлақтан кіріп, бойды алар
Әсем ән мен тәтті күй.
Көңілге түрлі ой салар,
Әнді сүйсең, менше сүй, – деп Абай атамыз айтқандай, биыл Қазақстанның халық әртісі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, КСРО халық әртісі, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, композитор Сыдық Мұхамеджановқа 100 жыл толып отыр.
С.Мұхамеджанов 1924 жылы 5-қыркүйек күні Қарағанды облысындағы Шет ауданының Ұзынбұлақ ауылында дүниеге келді. Оның балалық шағы дарынды адамдардың ортасында өтті. Туған өлкесінен шыққан атақты Тәттімбеттің, Дәулеткерей мен Ықыластың, Естайдың әндері мен күйлерінің әсем үндері балаға үлкен әсер қалдырды.
Сыдықтың музыкаға деген әуестігі өзінің анасынан дарыған. Оның анасы өз заманының атақты әншісі болған. С.Мұхамеджановтың музыкаға және кәсіби білімге деген жолы оңай болған жоқ. Төрт жасында Меркі ауданындағы Меркі стансасына ата-анасы қоныс теуіп, Сыдықты қант зауытындағы орта мектепке береді. Орта білім алысымен Савва атындағы орта мектепке музыка пәнінің оқытушысы, кейіннен Меркі аудандық мәдениет бөлімінде, Жамбыл облыстық мәдениет басқармасында жұмыс атқарды. 1950 жылы Чайковский атындағы музыка училищесіне оқуға түсіп, соңынан Құрманғазы атындағы мемлекеттік консерваторияға түскеннен кейін шығармашылықпен шұғылданып, профессор Е.Брусиловскийдің класында оқиды.
Алғашқы студенттік жылдары «Шаттық Отаны» атты симфониялық күй шығарып, Абай өлеңіне жазылған «Жарқ етпес қара көңілім не қылса да» романсы мен «Ғасырлар үні» атты ораториясы жазылды. С.Мұхамеджанов Қазақтың Құрманғазы атындағы консерваториясында оқып жүріп Қазақ радиосында музыкалық редактор болды, Қазақ КСР Мәдениет министрлігінде қызмет етті. 1960-1961 жылдары Қазақстан Композиторлар одағының төрағасы, 1964-1968 жылдары Қазақ филармониясының директоры, 1969-1972 жылдары Қазақтың Абай атындағы академиялық опера және балет театрының директоры болды. Ол опера және балет театрларына, ұлт-аспаптар оркестріне көптеген шығармалар әкелді. Музыкалық шабытынан 4 опера, 4 симфония, хор, симфониялық поэмалар, концерттер, жүздеген әндер мен романстар туындады. Драматургиялық шеберлік пен нәзік бейнелеушілік «Айсұлу», «Жұмбақ қыз», «Бекет» «Ақан сері-Ақтоқты» операларында әсерлі қуатымен танылды. «Көктем вальсі», «Сырлы қайың», «Шолпаным», «Тербеледі тың дала», «Жастар маршы» және тағы басқа да көптеген әндер мен романстар жазды. Сондай-ақ, «Ғасырлар үні» ораториясын, «Дауыл» симфониясын жазды және «Алдар көсе», «Ботакөз», «Рәбиға», «Беу, қыздар-ай!», «Сәуле» қойылымдары мен «Ана мен бала», «Біз Жетісуданбыз», «Партизан қызы» кинофильмдеріне музыка жазды.
2008 жылы Жамбыл атындағы Республикалық Орталық концерт залында «Ежелгі Түркістан» атты талантты сюитасы орындалып, қазақ музыкасы тарихында жарқын көрініс берді.
Атақты композитор Республикамыздағы музыка өнерін дамытудағы ерен еңбегі үшін 1967 жылы Қазақстанның халық әртісі, 1974 жылы Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, 1990 жылы КСРО халық әртісі, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері атағын алды. Сонымен қатар, әр жылдары «Октябрь революциясы», «Халықтар достығы», «Құрмет белгісі» ордендерімен марапатталды. Сыдық Мұхамеджановтың туындылары замандастары мен тыңдаушыларының мәңгі есінде, оның музыкасы ғасырдан-ғасырға мәңгілік жасай береді. С.Мұхамеджанов 1991 жылы 67 жасында музыка жазу үстінде көз жұмды.
Сыдық Мұхамеджановты меркіліктер әрдайым мақтаныш етеді. Оның дәлелі 2014 жылы тамыз айында Меркі аудандық тарихи-өлкетану музейінде, ғылыми қызметкері Ләззат Исаева композитор С.Мұхамеджановтың 90 жылдығына орай баяндама жасады және осы жылы 18-мамыр – Халықаралық музей күніне орай музейде «Музей түні» атты мәдени-танымдық іс-шара өткізілді, осы аталған іс-шарада белгілі сазгер, 4 жасында Меркіге келіп, өмір сүрген С.Мұхамеджановтың 90 жасқа толуына орай, композиторды тірілтіп, рөлін аудандық Мәдениет үйінің әртісі Болат Жақсылықов сомдап шықты.
2019 жылы 5-тамызда аудандық музейде композитор Сыдық Мұхамеджановтың 95 жылдығына арналған еске алу кеші өтті. Еске алу кешіне Сыдық Мұхамеджановтың туыстары, Меркі ауданының Құрметті азаматтары, зейнеткер-ардагерлер, С.Мұхамеджановтың нағашы інісі, зейнеткер – Әлімбаев Айдар ақсақал және №18 жалпы орта білім беретін тірек мектебінің, №1 өнер мектебінің ұстаздары қатысты. Аталған кездесуді жоғары деңгейде өзім ұйымдастырып, кеште композиторға арналған «Ұлттық музыканы ұлықтаған С.Мұхамеджанов» атты көрме дайындалды, көрмеде музей қорынан алынған Сыдық Мұхамеджановтың еңбектері: «Айсұлу» партитура және клавиры, «Жұмбақ қыз» партитура және клавиры, симфония, романстар жазылған 2 дискі, Сыдық Мұхамеджанов жайындағы газеттік материалдар, фотосуреттер қойылды. Бір мезгілде Сыдық Мұхамеджановтың «Буря» симфониясы, Абай өлеңдері романстарынан үзінділер тыңдалды. Сыдық Мұхамеджановтың бөле қарындасы Минаш апай, қарындасы Мұхамеджанқызы Ақбаян музейді тамашалап, музей ұжымымен кездесіп, композиторға арналған бұрышымен танысып, ризашылықтарын білдірді.
С.Мұхамеджановтың балалық, бозбала шағы Меркі жерінде өтті. Алғашқы қызметтік жолы да осы жерде басталды. Меркі жұртшылығы да осындай жерлестерін келер ұрпаққа таныстыру, насихаттау мақсатында аудандық музейде композиторға арналған экспозициялық бұрышын толықтырып жаңарту жұмыстарын жүргізуде.