Белсенді ұзақ өмір орталығы ашылды

0 17

Бағзы замандардан бері кең-байтақ даланы жайлаған алты Алаштың жерінде жетімханада жетімі жылап, жесірі қоржын көтере қаңғымағанын, ал, тентек болса, ол тез арада-ақ тезге салынып түрмесіз-ақ «тізе бүккенін» баршамыз білеміз.Себебі, ес білген ықылым кезеңнен бері бізде алыс-жақын шет елмен арадағы дипломатияны орнықтыратын халық сай­лаған хандар «кірпік қақпай» тірлік жасаса, ел ішіндегі кез келген іріткі мен өзге де қоғамдық қақтығыстарды реттейтін билер мен ақсақалдық институттардың іргесі мықтап қалыптасқан-ды.

Ал, патшалық Ресей оның тиімдісін ғана өзінің құйтырқы тірліктеріне іріктеп алып, ұйыған елге іріткі салса, оның артынан келген кеңестік жүйе «халық сатысын теңестіруді алдыға саламыз» деген сұңғыла саясатты пайдаланып, терең ойы алысты көретін, салмақты санасы арқылы еш саябырсымай, білімін ұлтқа арнаған ардақты Алаш ұлдарына қармақ салды, қармап тынды…

Ендігі, еліміз Тәуелсіздік алған соңғы үш онжылдықта қоғам алдында қабырғалы күш саналып, айтар сөзінде тәлім мен тәрбиенің терең ұңғымасынан қариялық қазына бұлақтары ақтарылатын жасы үлкен қарттарымыз күнделікті тіршіліктің қайнаған ортасынан табылу үрдісін ғадетке айналдырды. Ол арқылы көптеген істер атқарылып, жұмыстар жалғасу үстінде.

Өз ретінде, ақылман ақсақалдарымыз бен ақ жаулықты абзал аналарымызға да тиісті дәрежеде жағдай туғызу замана талабы. Міне, аудан әкімі Баубеков Жорабек Нұрмергенұлының ұйытқы бо­луымен, осы кемшін тұстың іргесін қалап, қабырғасын тұрғызу ісі күні кеше – 1-қазан – Халықаралық қарттар күні ауданымызда орын алды.

Бұл күні ауданымыздағы Орталық саябақтың ішінен қарттардың ұлық мерекесіне орай «Белсенді ұзақ өмір орталығы» салтанатты түрде ашылды.

Ашылу жиынына облыстық ардагерлер кеңесі жанынан құрылған Билер кеңесінің төрағасы Оңласын Есіркепов, аудан әкімінің орынбасары Мейірхан Өмірбек, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Байсейіт Жылысбаев, Билер кеңесінің төрағасы Медербек Өзбеков, барлық ауылдық округтердегі ақсақалдар кеңесінің төрағалары мен аудан қариялары, тиісті бөлім басшылары және ауыл әкімдері қатысты.

Алдымен сөз алған аудан әкімінің орынбасары Мейірхан Азатұлы:

– Баршаңызды 1-қазан – Халықаралық Қарттар күні мерекесімен шын жүректен құттықтаймын. Үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсету – халқымыздың бойындағы асыл қасиеттердің бірі. Халқымыз қашан да қариясын қадірлеп, үлкенін ұлықтаған. Сондықтан, бұл мерекенің де басты мақсаты – қарияларымыздың қоғам мен мемлекет алдындағы еңбегін құрметтеу, олардың мәселелері мен қажеттіліктеріне және өмір сүру сапасын арттыруға назар аудару әрі оларға қамқорлық таныту болып табылады. Көненің көзі, тарихтың куәсі болып келе жатқан асыл қарияларды қолдау мақсатында мемлекет тарапынан кешенді іс-шаралар жоспары қабылданған. Соған сәйкес, мере­кеге орай, Меркі ауданында облыс бойынша аудандар арасында алғашқы болып «Бел­сенді ұзақ өмір орталығы» ашылып отыр. Бұл орталықтың жұмысы аудан халқының салауатты өмір сүру ұзақтығын арттыруға, оның ішінде, қарт адамдардың әлеуметтік-психологиялық әл-ауқатын жақсартуға қыз­мет көрсетеді. Белсенді ұзақ өмір сүру орталығы 60 қызмет алушыға арналған. Әр қызмет алушы 3 ай уақыт мерзімінде қызмет алады. Орталықта әлеуметтік-сауықтыру, меди­циналық, психологиялық, педагогикалық, мә­дени, еңбек және тұрмыстық бағыттағы 24 түрлі қызмет көрсетіледі – деді.

Келесі сөз алған Оңласын Қарабайұлы былтыр облыс орталығы – Тараз қаласында ашылған осындай орталық аймақ бойынша Меркіде ашылуы, шын мәнісінде, жергілікті биліктің қарттарға деген нағыз жанашырлық пен қамқорлығы екенін жеткізіп, барша жұртты Қарттар күнімен құттықтаған соң, ата дәстүрі бойынша ақсақалдық ақ батасын берді.

Одан кейін «Жібек жолы» бишілер тобы ата-әжелеріне арнаған «Қазақ» биін тарту еткен соң, халықтық атағы бар «Береке» әжелер тобы көпшілікке деген әсем әндерін арнап, аталған жиынға мерекелік реңк қосты.

Сөз кезегін алған аудандық «Меркі ата» мешітінің бас имамы Азамат қажы Әбдіразақ қарияларға деген ақжарма лебізін жеткізіп, орталыққа арнаған кілем мен жайнамаздан тұратын сыйлықтарын табыс етті.

Егде жастағы ардагерлердің өмір сүру деңгейін арттырып, түрлі оң мотивацияны қалыптастыруға негіз болатын орталықтың лента қию рәсімін орындау құрметіне облыстық қонақ Оңласын Қарабайұлы, ауданымыздың бас ақсақалы Байсейіт Са­бырұлы, қадірменді қария Қамбарбек Иманалиев және аудан әкімінің орынбасары Мейірхан Азатұлы ие болды.

Қазақы дәстүр – шашу шашылған соң, көпшілік орталықтың ішін аралап, арда­герлер мен зейнеткерлердің бос уақытын жүйелі өткізу және белсенділікке жақындату үрдісін орындайтын нысанның бөлмелерімен кеңінен танысты.

Ендігі кезекте, реті келгенде айтып өтсек, аудан әкімдігі жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің «Белсенді ұзақ өмір орталығы» 7 арнаулы бағыт бойынша жұмыс атқарады. Оның ауқымында – әлеуметтік-сауықтыру қызмет, әлеуметтік-медициналық қызмет, әлеуметтік-психологиялық қызмет, әлеуметтік-пе­да­го­гикалық қызмет, әлеуметтік-мәдени, әлеу­меттік-еңбек пен әлеуметтік-тұрмыстық қызмет түрлерінің ішінде, барлығы 24 қызмет көрсетіледі.

Күннің екінші жартысында аудан әкімі Жорабек Баубеков аудандық Мәдениет үйінің конференц залында аудан ардагерлері мен зиялы қауым өкілдерімен кездесу өткізіп, Алғыс хаттармен және бағалы сыйлықтарымен марапаттады. Келесі кезекте абыз ардагерлер мен аудан тұрғындары үшін аудандық Мәдениет үйінде ұйымдастырылған мерекелік концерт ұсынылды. Онда арнайы шақырылған елімізге белгілі шығармашыл тұлғалар – Жакен Омаров пен Кенжебай Шал көпшілікпен кездесіп, өнерлерін тарту етті.

Сонымен қатар, 1-қазан – Халықаралық Қарттар күні мерекесін өткізу жөніндегі алдын-ала дайындалған аудандық іс-шаралар жоспарына сай, барлық ауылдық округтерде, білім мекемелері мен ауданымыздың мекеме-ұжымдарында «Қарты бар үйдің – қазынасы бар», «Қарттарым – асыл қазынам», «Қарияларға қамқорлық көрсетейік» тақырыптарында кез­десу­лер, ауыл жастары арасында қайырымдылық акциялары, тәрбие сағаттары, кездесулер, тақырыптық кештер, «Қарты бар ел – қазыналы ел» атты ерікті жастар арасындағы байқау, флешмоб ұйымдастыру, спорттық ойындар және ардагерлердің үйлеріне барып құттықтау шаралары болып өтті.