Көпшіліктің бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығаруына ұйытқы болатын асар дәстүрінің бірнеше бағыт пен сатысы бар. Оның ішінде, асардың ел болып ұйысып, мұқтаж жандарға жайлы баспана салып беру мәселесі – ең маңыздысы болып саналады. Яғни, асарлатып үй салу үрдісін отырықшылыққа үйренген сонау кезеңнен осы күнге дейінгі уақытта әркез қарбаласқа толы тірлігі бар қазекеңнің қолданысынан шықпаған қанғасіңді ғадеті десек те болмақ.
Керісінше, соңғы жылдары жаңғыра түскен осы асар дәстүрі бойынша ауданымыздағы барлық ауылдық округтерде жаңа үйлер бой көтеріп, әлеуметтік жағынан аз қамтылған ағайын-ауылдастың көпжылғы ақ арманы орындалып жатқаны қуантады.
Оның ішінде, мысалы, Жамбыл ауылдық округінде 2020 жылдан бері 4 үй асар әдісімен пайдалануға берілді.
Ал, ол баспаналарға ие болған, негізінен, көпбалалы жанұялар екенін ескерсек, еліміздің келешегі саналып, ұлт пен ұрпақтар сабақтастығын жалғайтын қаншама ұл мен қыз, турасын айтқанда қызығынан қиыншылығы басым бұл заманда өздерінің жалғыз еместігін сезінді! Иә, олар осы қоғамның ажырамас бөлігі мен тең мүшесі екендіктерін білді. Олар жарық дүние мен айнала ортаға деген ғашықтық пен сенімдерін арттырды. Кезі келгенде өзгелерге көмек беруге дайын тұратын ұрпақ та осы үрдісті кезінде өз тәнімен сезінген жандардан шығатынын еш ұмытпайық. Сондықтан, асар арқылы ұтпағымыз да өте көп, ағайын.
Міне, өткен сенбі күні Жамбыл ауылдық округіндегі Бауыржан Момышұлы көшесінде көптің көмегі керек мұқтаж отбасы үшін 5 бөлмелі үйді күрделі жөндеуден өткізіп, кілтін табыстау іс-шарасы болып өтті.
Аталған ауылдық округ әкімі аппаратының ұйымдастыруымен қолға алынып, белгілі кәсіпкер-меценат Баубеков Әбдіқұл Оразұлы бастаған Ораз ата әулеті мен ауылдың жанашыр тұрғындарының демеушілігімен жүзеге асқан бұл сауапты іске аудан әкімі Баубеков Жорабек Нұрмергенұлы, округ әкімі Ербол Байболсынов пен ауыл азаматтары қатысты.
Ізгілікті іс жасауға жаны құмар, одан рухани тұрғыда азық алар Ораз ата әулеті мен ауыл тұрғындарына алғысын жеткізген өңір басшысы Жорабек Нұрмергенұлы жаңа қоныс иелерін қуаныштарымен құттықтап, қиналған жандарды тығырықтан шығару үрдісі – Тәуелсіз еліміздің басты ұстанымы екенін жеткізді.
Одан кейін лента кесу рәсімін аудан әкімі Жорабек Баубеков пен ауыл ақсақалы Исабай Қалысбаев орындаған соң, округ әкімі Ербол Байболсынов аталған әулеттің арда азаматы Әбдіқұл Баубековке Алғыс хатын табыс етті.
Сөз соңында айта кетсек, кезінде Жамбыл ауылының белді азаматы болған Ораз ата мен Зәбирахан апамыздан тараған, ат жалын тартып мінер 6 ұл мен кесте тігер 3 қыздың ішіндегі Әбдіқұл ағамыз бұл күндері аудан жұртшылығына танымал тұлға. Әбекең жеке кәсіпкерлік саласында өзіндік белсенділігімен де дараланған жан.
Осы ағамыздың өзі бас болып, жеңгеміз Ханымкүл Әліпқызымен бірлесе, түрлі кәсіппен айналысатын ұлдары – Алматы қаласында 2015 жылдан бері Мемлекеттік Рәміздер жасауды қолға алған арнайы өндіріс орнының басшысы Серғалиды, сонымен қатар, ЖШС мен ЖК басшылары Бақытжан және Сабыржанды да ізгілік әлеміндегі жақсылық жасауға жарыстыратын ортақ бір арнаға тоғыстырғаны бар.
Соңғы жылдары Баубековтар отбасы аудан көлемінде бірқатар сауапты әрі демеушілік іс-шаралар тізбегін ұйымдастырып, сәтті өткізгенін де тілге тиек ете кетейік. Ал, бәріміз білетіндей, ізгі амал жасаудың сауабы мен маңызы өте жоғары. Оларды өмір мәні мен тұрмыс заңдылығына айналдырған жандардың көп ұзамай есепсіз ризыққа бөленетіні де рас, ағайын.