ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Тамара Дүйсенова Меркі ауданында болып, «Қарызсыз қоғам» жобасының жүзеге асырылуымен танысты.
Мемлекет басшысының азаматтардың қаржылық сауаттылығын арттыру бойынша берген тапсырмасын орындау мақсатында «AMANAT» партиясының бастамасымен «Қарызсыз қоғам» жобасы іске қосылған болатын.
Аталған жоба аясында ауданымызда «AMANAT» партиясының оқу-әдістемелік орталығы ашылып, онда агро сауаттылықты арттыру бойынша екі бағытта білім беріледі.
Оның бірінші бағыты − егін шаруашылығы бойынша ашық және жабық жерлерде құлпынай өсіру технологиясы, таңқурай өсіру технологиясы, алма өсіру бойынша ұсыныстар, Қазақстандағы алманың перспективті және шығарылатын сорттары, көшеттерді өсіру технологиясы, қант қызылшасын өсіру технологиясы бағытттары бойынша білім беріледі.
Мал шаруашылығы бойынша тәжірибелік білім келесі: құс шаруашылығында бройлер өсіру, гидропоникалық жем-шөппен дәнді дақылдарды ауыстыру жолдары, ірі қара малды дұрыс азықтандыру мен ұстаудың технологиясы, нормативтік талаптарға сай мал бордақылау рационы бағыттарында білім беріледі.
Андас батыр ауылының тұрғыны Талантбек Сокубашев осы орталықта бірінші бағыт − егін шаруашылығы бойынша білім алып, өзінің кәсібін бастаған. Жоба аясында тауарлы кредит аясында 10 сотық жерге жылыжайға қажетті құрал жабдықтар алып, құлпынай өсіруді қолға алған. Бүгінде құлпынай өсірудің қыр-сырын меңгерген азамат өзінің кәсібін дөңгелетіп отыр.
Тамара Дүйсенова аталған азаматтың жылыжай шаруашылығы және оқу әдістемелік орталығының базасымен танысып, оң бағасын берді. Сондай-ақ, алдағы уақытта өндіріспен қатар, өңдеу бағытын да қолға алудың маңыздылығын айтты.