Ауданда құрылыс жұмыстары қарқынды жүргізілуде

0 23

Инфрақұрылымды жаңғырту – өңірлерді дамытудың басты бағыттарының бірі. Осы орайда, біздің ауданда инфрақұрылымды жаңғырту жұмыстары қарқынды жүруде. Биылдың өзінде бірнеше әлеуметтік нысандар жаңадан бой көтеріп жатса, түбегейлі жаңғыртудан өтіп жатқан нысандар да аз емес.

Аптаның алғашқы күні аудан әкімі Баубеков Жорабек Нұрмергенұлы аудан аумағындағы осындай бірқатар нысандарда болып, құрылыс жұмыстарының барысымен танысып қайтты.

Биыл ауданда екі мектепке күрделі жөндеу жүргізіліп жатса, тағы екі мектепке қосымша оқу ғимараттары салынып жатыр. Солардың бірі Мыңқазан ауылындағы Байсейіт Жылкелдин атындағы №30 мектеп. Аудан әкімі жөндеу жұмыстарымен танысып, мердігерлермен тілдесті. Тиісті тапсырмалар беріп, құрылыс жұмыстарын сапалы әрі мерзімді жасауды ескертті. Мамыр айында басталған құрылыс жұмыстарын «ТаразҚұрылысИнвест» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі жүргізуде.

Сонымен қатар, аудан әкімі Андас батыр ауылындағы №21 мектепке және Ойтал ауылдық округіндегі №48 мектепке қосымша салынып жатқан ғимараттардың жұмысын да назарға алды. Андас батыр ауылындағы қосымша мектеп ғимараты – 150 орынға, ал, Ойталдағы мектеп ғимараты 200 орынға арналған. Аталған нысандардың құрылыстары аяқталған соң, аудандағы 3 ауысымда оқитын мектептердің мәселесі түбегейлі шешіледі.

Сондай-ақ, Жорабек Нұрмергенұлы Ақтоған ауылындағы №4 Тілеміс батыр атындағы жалпы орта білім беретін мектебінің күрделі жөндеу жұмыстарымен танысты. 1974 жылы пайдалануға берілген мектеп бүгінгі таңда түбегейлі күрделі жөндеуден өтуде. Келісім-шарт құны – 463 млн. теңгені, жобалық қуаты – 450 орынды құрайды. Мамыр айында басталған құрылыс жұмыстары 5 айға жоспарланған, алайда, мердігерлер мектептің оқу ғимараттарын жаңа оқу жылына дейін аяқтаймыз дейді.

Аудан әкімінің бастамасы бойынша биыл ауданда абаттандыру жұмыстарына ерекше көңіл бөлінуде. Мәселен, Ойтал ауылдық округіндегі «Достық» саябағы ағымды жөндеуден өтуде. Жалпы аумағы 8,7 гектар алқапты алып жатқан саябақтың жөндеу жұмыстарына 63 млн. теңге бөлінген. Бұл қаражатқа саябақ аумағына газон төселіп, суару жүйесі, балалар алаңшасы, стадион қоршауы, тротуарлар, жүгіру жолағы, түнгі жарық шамдары орнатылып, саябақ ішіндегі ескі фонтан жаңғыртылатын болады. Осылайша, жөндеу жұмыстары аяқталған соң, «Достық» саябағы халқы тығыз шоғырланған Ойтал ауылдық округінің тұрғындары үшін керемет демалыс орнына айналмақ.

Ал, Ақтоған және Қазақ дихан ауыл­дарында ауыл тұрғындарының игілігі үшін жаңа саябақтар салынуда. Ақтоғандағы саябақтың аумағы 6,5 гектарды, ал, Қазақ дихандағы саябақтың аумағы 1 гектарды құрайды. Қазіргі уақытта саябақ жұмыстары қарқынды жүруде, электр желісі мен ауыз су жүйелері іске қосылған. Жорабек Нұрмергенұлы мердігерлермен кездесіп, саябақтардың құрылысы бойынша бірқатар тапсырмалар берді. Бұл саябақтар ауыл тұрғындары үшін демалыс орындарына айналуы тиістігін айтып, абаттандыру жұмыстары бойынша бірқатар толықтырулар енгізу қажеттігін тапсырды.

Сонымен қатар, ауданымызда екі спорттық сауықтыру кешенінің құры­лыстары жүргізілуде. Оның бірі – Андас батырда, ал, екіншісі – Сарымолдаев ауылынан бой көтереді. Аудан әкімі аталған нысандарда да болып, мердігерлермен кездесіп, жауаптыларға құрылыс сапасына қатысты бірқатар тапсырмалар берді.