Меркі ауданының аналар кеңесі қай кезде болса да игі істердің басында жүреді. Аудандық спорт бөлімінің бұқаралық спорттық іс-шараларды өткізу орталығының ұйымдастыруымен өткен жарыста аналар өздерінің жан-жақты екендіктерін дәлелдеді десек те болады.
Жақында аудан әкімдігінің дене шынықтыру және спорт бөлімі, бұқаралық спорттық іс-шараларды өткізу орталығы Меркі ауылдық округінің спорттан нұсқаушы әдіскері А.Жақсылықтың ұйымдастыруымен аудандық орталық кітапханада «Аналар – асыл жандар» атты тақырыпта аудандық «Аналар кеңесі» мүшелері арасында дойбы жарысы өткізілді.
Жарысқа 14 ауылдық округтің Аналар кеңесінің төрайымдары мен мүшелері, барлығы 30 адам қатысты.
Жарыстың ашылу салтанатында аудан әкімдігі дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы А.Қасабеков барша қатысушыларға сәттілік тіледі. Меркі ауылдық округінің әдіскері А.Жақсылық қатысушыларға ойын ережелерін таныстырды. Ойын өте қызықты және тартысты өтті. Қазақ халқы қашанда үлкенге құрмет көрсете білген ғой. Қызықты өткен ойын барысында да үлкенге деген құрмет көрсетушілік байқалды.
Іс-шараға 30 үміткер қатысып, тартысты өткен жарыстың қорытындысы бойынша жүлделі 1-орынды – Сарымолдаев ауылдық округінен Ақбөпе Жазықбаева, 2-орынды – Жамбыл ауылдық округінен Сауыткүл Отарбекова, 3-орынды – Тәтті ауылдық округінен Майра Тортаева жеңіп алды.
Жарыстың қорытынды сөзін аудандық аналар кеңесінің төрайымы Қайнаркүл Татықұлова, аудан әкімдігі дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Азамат Қасабеков және Меркі ауылдық округінің әкімі Ғазиз Байарыстан сөйлеп, жеңімпаздарға дипломдар мен естелік сыйлықтарды табыс етті.
Ендеше, алда атқарылар іс-шаралардың басында аналарымыз тағы да өздерін жаңа қырларынан көрсетіп, таланттарымен таныла бермек. Осы жарысқа қатысқан барша аналарға алғысымызды жеткіземіз.