Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық құрылтайдың «Адал адам – Адал еңбек – Адал табыс» атты үшінші отырысында: «Мен былтыр күздегі Жолдауымда жаңа экономикалық саясатқа көшетінімізді айттым… Дегенмен, нағыз дамыған ел болу үшін тек экономикалық мақсат қою жеткіліксіз. Әлеуметтік, шаруашылық, идеологиялық және басқа да салалардағы бағдарымызды айқындап, нақты шараларды қолға алуымыз керек» – деп атап өткен-ді.
Міне, осы орайда елді ұйыстырып, жұртты жақындатудың бір жолы – «Біртұтас қоғам: келісім және сенім» жобасы аясында мемлекеттік қызмет көрсететін мемлекеттік органдар мен мекемелерде арнайы семинар-тренингтер өткізу мәселесі бұл күндері еліміз бойынша күн тәртібінің төрінде тұрғаны айқын.
Осы ретте, Қазақстан халқы Ассамблеясының Хатшылығы аталған Ассамблеяның қоғамдық құрылымдарымен бірлесе отырып, жоғарыда аталған жоба бойынша ауданымызда да көпшілікпен кездесіп, этносаралық қатынастар саласы, сенім мәдениетін, мемлекеттік саясатты ілгерілету, қоғамда бірлік пен келісімді нығайту мақсатында кеңес беріп, семинар-тренингтер өткізді.
ҚР Президенті Әкімшілігінің Қазақстан халқы Ассамблеясы Хатшылығының сектор меңгерушісі Баймолдинов Қайрат Дүйсембайұлы бастаған, құрамында – Қазақстан халқы Ассамблеясы төрағасының орынбасары Лугмар Буларов, Е.Бөкетов атындағы Қарағанды университеті заң факультетінің аға оқытушысы Руслан Тоқатов, «Республикалық дүнген этномәдени орталығы» республикалық қоғамдық бірлестігінің төрағасы Зайнуддин Махусеев, «Днепро» украин мәдени орталығы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Ф.Клименко және т.б. бар жұмысшы тобы, алдымен, аудан әкімі Баубеков Жорабек Нұрмергенұлының қабылдауында болды.
Лауазымды тұлғаларды қарсы алған аудан әкімі Жорабек Баубеков ауданымыздағы әлеуметтік-экономикалық ахуал мен көпұлтты халқымыздың өзара татулығы мен ынтымағы, өңірімізді мекен еткен ұлттар арасындағы толеранттылық турасында сөз қозғап, жекелеген сұрақтарға жауап берді. Аталған қабылдауға аудан әкімінің орынбасары Мейірхан Өмірбек, ішкі саясат бөлімінің басшысы Абылай Ахметжанов, аудан прокуроры Елдос Әмірхан және этномәдени орталықтардың жетекшілері қатысты.
Келесі кезекте аудандық орталық аурухананың акт залында өткен жиынға модераторлық жасаған аудан әкімінің орынбасары Мейірхан Өмірбек осында көптеп жиналған медицина саласының қызметкерлеріне қонақтарды таныстырып, жоғарыда аталған жобаның мән-жайы мен мақсатына кеңінен тоқталды.
Расында, «Біртұтас қоғам: келісім мен сенім» жобасының аясында өмір ағымына лайық өзгерістерден ең жақсы адами қасиеттерді ала отырып, ең алдымен, өзіңді өзгерту – заман талабы екенін оқырмандарға айтып өткім келеді. Себебі, ұлттық код және мәдениетпен астарласқан адамгершілік қағидаттарын алдыға қою, сонымен қатар, өсіп-өну үшін іскерлік прагматизм мен парасаттылық қасиеттері бізге ауадай қажеттілігі бүгінгі қоғамда анық байқалады.
Міне, осы жайында үлкен экрандағы слайдтар арқылы кеңінен айтқан қонақтар Әділетті Қазақстанды құрудың ажырамас бөлігі – заң тұрғысының біз байқай қоймаған қатпарларын да ашып көрсетіп, кеңінен хабардар етті.
Аталған жұмысшы тобы «Қазпошта» АҚ-ның Меркі аудандық филиалы қызметкерлерімен де кездесіп, семинар-тренинг өткізді.
Бәрімізге мәлім, ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев еліміздің өркендеуі үшін қазақстандықтардың жан-жақты білімді болуын қалайды. Онсыз алға қадам басып, ілгерілеушілік үрдістің жетілуі, әрине, неғайбыл. Рас, біздің Отанымыз табиғи байлықтың тұнған төрінде жайғасқан. Десек те, қазіргі біздің елге аса қымбат өмір ақиқаты мен ең керегі – ертең болмаса арғы күні біртіндеп түгесілетін табиғи байлықтың уақытша «буына» шалқу емес. Қазақтың болашағы – әр азаматтың әлемдік бәсекеге қабілеттілігінде жатыр. Ал, бәсекеге қабілетті білімді ұлт – аспаннан ұлтарақ жауған күнді күтіп (ол көпке бұйырмауы да кәдік-ау…), оған дейін бүрсең қақпайды. Ертеңін ойлаған есті ел тағдырдың тәлкегіне «тоңбау» үшін алдын-ала әрекет жасайды. Бұл – шындық.