Отбасы – ол киелі ұғым. Халықта «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілерсің» – деген мақал бар. Отбасы – сенің туғандарың, ең жақын жандарың. Отбасыда қанша адам бары маңызды емес, маңыздысы – отбасы ішіндегі қарым-қатынас. Отбасының, ата-ана қарым-қатынасының бала өміріндегі атқарар қызметі өте зор. Отбасындағы құндылық – ол сыйластық, жақсы тәрбие. «Отбасының өнегесі – Отан өнегесі» – демекші, отбасындағы тәрбие ертең ел болашағында үлкен рөл атқарады. Сондықтан да, отбасының бақытты болуы аса маңызды. Отбасы бақытын насихаттау барысында аудандық аналар кеңесі мен ауылдық округтердегі аналар кеңесінің төрайымдарына маусымның 1-і мен 28-і аралығында әр округтен «Бақытты отбасы» фотобайқауына қатысу үшін онлайн форматта сурет пен сол отбасын не себепті бақытты отбасы санайтындығы туралы эссе, шағын әңгіме жазып жіберу керектігі туралы тапсырма берілген болатын. Әр округтен ең кем дегенде бір жұмыс жіберу тапсырылған. Байқауға барлығы 9 жұмыс келіп түсті. Байқауға қатысқандар: Айя Тілеубай, Нұрайлым Тұрлыхан, Балауса Асанбек, Ажар Сейдахмет, Айша Бақтыбай, Рамазан Аман, Гүлім Сауытбек, Жантөре Смәділ, Елнұр Бақберген қатысып, өз отбасыларын не себепті бақытты отбасыға жатқызатынын суреттермен және шағын әңгімелермен ашып көрсете білді.
Олар өз шығармаларында отбасы мүшелері мерекеде, демалыста бәрі бас қосып, бір дастархан басына жиналып, самаурынның шәйін ішіп, әңгіме дүкен құратынын, атадан ақыл, әжеден мейірім алып өсіп келе жатқандықтарын тілге тиек етіпті.
Келіп түскен жұмыстарды әділқазылар бағалай отырып, жүлдегерлер мен қатысушыларарға арнайы сый-сияпатын табыс етті. Ең бастысы байқауға қатысқан әр бала өз жұмысының бағаланғанына дән риза болды. Алда әлі де талай іс-шаралардың куәсі бола берейік.