Әріптестеріміз орынды ұлықталған күн

0 22

28-маусым – Бұқаралық ақпарат құралдары қызметкерлерінің күні елімізде кең көлемде аталып өтті.
Тап осы күні аудан әкімі Баубеков Жорабек Нұрмергенұлы өңірдегі «Меркі тынысы» және «Меркі ақиқат» газеттерінің ұжымын қабылдап, өз құттықтауын жеткізген соң, бірқатар журналистерді марапаттау рәсімін өткізді.

Иә, «Қай елдің баспасөзі мықты болса, сол елдің өзі де мықты» – деп, Міржақып Дулатұлы айтқандай, қазақ баспасөзінің, оның ішінде, биыл 90 жылдығы аталып өтетін аудандық «Меркі тынысы» газетіндегі жұмыстар кешегі тоқырау заманы мен елді әжептеуір есеңгіретіп өткен формациялық өтпелі кезеңде де тынбастан жүргізілді.

Рас, қазіргі кезде де БАҚ саласын жайлап, жауыр болған мәселелер көп-ақ. «Журналистің жегені жантақ, арқалағаны алтын». Осы тәмсілді дөп басып айтқан Шерхан аға Мұртаза «бетімен» кетпесе, биліктің де беделін әркез көтеретін жорналшы қауымның, әсіресе, қараша халықтың қамын алдымен ойлап, ұлттың тұтастығын сақтаудағы ерен еңбектерін тұспалдап емес, ашық жеткізіп отыр. Иә, бұқаралық ақпарат құралдары қызметкерлерінің өз істеріне адал әрі шын берілгендігі болар, олар жарқын болашақтан күдер үзбей, Қазақ елі, Алаш жұрты, Әділетті Қазақстан үшін қаламды қару етіп, идеологиялық майданның алғы шебінде жүр.

Міне, осы ретте, кәсіби мерекемізге орай, аудандық баспасөздің қара шаңырағы саналатын «Меркі тынысы» газетінің сардар мен сарбаздары да еңбектеріне қарай ұлықталып, тиісті марапаттарға ие болды.

Атап айтсақ, газеттің Бас редакторы Нұралиев Әлихан Атыханұлына Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігінің «Ақ­парат саласының үздігі» төсбелгісі тапсырылып, министр Аида Балаева қол қойған №67 куәлік қоса берілсе, аталған газеттің жауапты хатшысы Жолдасбаева Назира Жексенбайқызы еселі еңбегі үшін облыс әкімі Ербол Қарашөкеевтің Құрмет грамотасына ие болды.
ҚР Парламенті Сенатының депутаты Нұртөре Жүсіп бір сөзінде журналистер жайында: «…Өте сезімтал, жүрегі ел, жер деп соғатын жандар қоғамның қайғысы мен қасіретін, орын алған олқылықтар зардабын, алда болатын қауіп-қатер, көзге көрінбейтін, салмаққа өлшенбейтін, ұстағанға білінбейтін өте нәзік иірімдері арқылы ерте сезетін шығармашыл адамдар әділет жолында жанын да, жүйкесін де аямайды» – деп баға берген-ді.

Міне, осы орынды да талғамды сөз орайының соңында жоғарыда аталған әріптестерімізді лайықты марапаттарымен қызу құттықтап, шығармашылық табыстар тілейміз!