Жүзден жүйрік шыққан жарыс

0 43

Сонау 1998 жылдан бері елімізде маусым айының үшінші жексенбісі – медицина қызметкерлерінің күні ретінде аталып өтеді.  Иә, Тәуелсіз еліміздің Ата Заңында айшықталып көрсетілгендей, мемлеке­тіміздің басты байлығы мен ең қымбат құндылығы – адам. Сондықтан, егеменді елімізде ұлт саулығы һәм оның сапасы алдыңғы орында. Оған ерекше көңіл бөлінеді.

Міне, осы медицина қызметкерлерінің кәсіби мерекесіне орай, аудан әкімдігі дене шынықтыру және спорт бөлімі мен аудандық шахмат федерациясының ұйым­дастыруымен жылдам шахматтан аудан кубогының ІІ кезеңі болып өтті.

Асанбай Асқаров атындағы Меркі көпсалалы колледжінің базасында өткен турнирге 60-тан астам шахматшылар қатысты. Олардың негізін Алматы, Тараз қаласы, Қырғызстан Республикасының Талас қаласынан, облысымыздың Шу, Байзақ, Жамбыл, Сарысу, Т.Рысқұлов, Меркі аудандарынан жинақталып, «сен тұр, мен атайынға» лайық бабы келіскен спортшылар құрады. Шахматшылардың құрамында ересек ерлер мен әйелдер, 63 жастан асқан ардагерлер, сонымен қатар, жасөспірім спортшылар болды.

Турнирдің салтанатты ашылу іс-ша­расына қатысқан аудан әкімінің орын­басары Қайрат Арғымбаев ме­дицина қызметкерлерінің кәсіби мерекесіне орай ұйымдастырылған шахмат турниріне қатысушыларға сәттілік тіледі. Ал, аудан әкімдігі дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Азамат Қасабеков пен аудандық шахмат федерациясының президенті Тынышбек Кембай спорт­шылардан жақсы ойын күтіп, көптің ішінен шыққан мықтының мерейі үстем болуына ниеттес екендіктерін білдірді.
Келесі кезекте, турнирдің бас төрешісі Жандос Адебаев ойын ережесімен таныс­тырған соң, 8 жас пен 83 жасқа дейінгі спортсүйер қауымды бір арнаға тоғыстырған тартысты жарыс бастау алып, сөре сызығын кесті.

Ойын ережесі бойынша әр шахматшы 9 партияны 10 минут ішінде ойнады. Әр жүріске 5 секунд уақыт қосылып отырды.

Турнирдің соңғы нәтижесіне келсек, Байзақ ауданынан келген Бақыт Шалқаров 9 мүмкіндіктен 8 ұпай алып, жеңімпаз атанды. 2-орынға 7 ұпай жинаған алматылық спортшы Қонысбай Шапағат жайғасты. Меркілік Даниил Кочерга 3-орын алса, тараздық Абдусамат Аринов 4-ші орынға лайық болды. Жерлестеріміз – Тынышбек Кембай 5-орынды, Илья Кармаев 6-орынды, Қасым Қайсарұлы 7-орынды уыстарында ұстады. 8-орынға жамбылдық спортшы Ержан Дәулетов, 9-орынға Тараз қаласынан Нұрғиса Төлегенұлы көтерілсе, меркілік Олег Александрович 10-орыннан көрінді.
Ардагерлер арасында жерлесіміз Марат Бекбауов жеңімпаз атанды. 2-орынға құландық Достай Алдияров, 3-орынға қырғызстандық Болат Алыбаев көтерілді.

15 жастан жоғары қыздар мен әйелдер арасында жерлесіміз Диана Сулейманованың шоқтығы биік болды. Ал, 2-орынға меркілік Камила Асланқызы, 3-орынға жерлесіміз Любовь Кулигина табан тіреді.
14 жасқа дейінгі ұлдар арасында Тараздан келген спортшылар – Руслан Жүнісов 1-орынды қанжығасына байласа, Серікбай Санжар 2-орынға, ал, Алихан Сарман 3-орынға тұрақтады.
Тараздық Алуа Орынтайқызы 14 жасқа дейінгі қыздар арасында топ жарса, Айжан Ниязбекова 2-орынтақтың биігінен көрінді, ал, меркілік Айша Ануарбек 3-орынды місе тұтты.

Турнир жеңімпаздары Кубок, медаль, диплом және ақшалай сыйлықтарға ие болысты. Әр номинациялар бойынша орын алған шахматшылар, 4-10 орын алғандар мен жақсы ойын көрсеткен, алайда, жүлделі орынға ие болмаған шахматшылар да арнайы дипломмен марапатталды. Ал, турнирге қатысқан медицина саласының қызметкерлері Меркі аудандық орталық аурухана кәсіподақ ұйымының сыйлықтарын алып, мерейлері үстем болды.