Жуырда Аспара ауылдық округінің жастар ісі жөніндегі инспекторы Д.Жандилдаеваның ұйымдастыруымен жастар арасында ұлттық құндылықтарды дәріптеу, ата салтын ардақтайтын жастарды анықтау, жігіттерімізді батырлыққа, шешендікке, тапқырлыққа, имандылыққа тәрбиелеу, жігіттерді жан-жақтылыққа баулу және халқымыздың ұлттық салт-дәстүрін насихаттау мақсатында «Жігіт сұлтаны – 2024» атты аудан жастары арасында байқауы өтті.
Кіл жүйрік сынға түскен байқау 4 кезеңнен тұрды. Алғашқы «Жеті атасын білген ер, жеті жұрттың қамын жер» кезеңінде қатысушылар өздерін таныстырды.
«Ел іші, өнер кеніші» сынды 2-кезеңде жігіттер ән айтса, енді бірі қолөнер бұйымдарын көрсетіп, күй орындады. Үшінші «Білімді жүзден озар…» атты үшінші кезеңде қатысушылар білімділіктерімен сынға түсті. Ал, «Спорт – денсаулық кепілі» деген тақырыптағы төртінші кезеңде байқауға қатысушылар білектің күшіне сеніп, аударыспақ, қой көтеру (муляж), қол күрес, атбегі және садақ ату бойынша бақ сынады.
Аудандық байқаудың қорытындысы бойынша І орынды – Нәрікбаев Самат Анварұлы (Жамбыл ауылдық округі), ІІ орынды – Солтанқұлов Мелісхан Мағауияұлы (Сұрат ауылдық округі) жеңіп алды, ал, үздік үштікте Самат Заңғар Даниярұлы (Ақтоған ауылдық округі) тұрақталып, жеңімпаздарға арнайы дипломдар мен бағалы сыйлықтар табыс етілді.