Бақытты отбасы – бақытты балалық шақтың кепілі. Отбасы – баланың өмір тәжірибесін жинақтайтын қайнар бұлақтың бастауы болып табылады. Әке мен ана отбасы жылулығын, мейірімділігін танытады, балаға тәрбие береді. Адамдарға қамқорлық жасауды, сыйлауды бір-бірімізді жақсы көруді осы отбасынан үйренеміз. Отбасы – сүйіспеншіліктің құрмет пен ынтымақтың ошағы, яғни, кез келген зиялы қоғамның діңгегі.
Жақында Меркі ауылдық округі Аналар кеңесінің төрайымы Роза Байбосынова мен ауылдық округтердің төрайымдарының ұйымдастыруымен №9 Меркі колледжінде отбасы тәрбиесін жастарға кеңінен насихаттау мақсатында «Мәдениетті ана – мәдениетті ұлт» жобасы аясында «Бақытты ана – бақытты отбасы» тақырыбында кездесуі өткізілді.
Кездесуге Меркі ауылдық округінен Мария Бұрханалиева, Жамбыл ауылдық округінен Серіккүл Қарағұлова, Сарымолдаев ауылдық округінен Сағын Тортаева, Ойтал ауылдық округінен Алтынкүл Оразымбетова, Кеңес ауылдық округінен Рыскүл Байдаулетова, Тәтті ауылдық округінен Майра Тортаевалар қатысты.
Кездесуді аудандық аналар кеңесінің төрайымы Қайнаркүл Татықұлова сөз сөйлеп ашты.
Іс-шараға қатысушы қонақтар отбасы, отбасындағы ұлттық құндылықтар, сақталған салт-дәстүрлер, ұл мен қыздың тәрбиесі, ене мен келіннің қарым-қатынасы, қонақ күту, отағасына құрмет көрсету туралы ойларын ортаға салды. Көрермендер тарапынан қойылған сұрақтарға жауап берді.
Меркі ауылдық округі аналар кеңесінің төрайымы Роза Байбосынова «Бақытты отбасы» туралы аңыз әңгімені баяндаса, ал, Меркі ауылдық округінен келген Мария Бұрханалиева «Береке» әжелер тобының қолдауымен әсем әндерін әндерін шырқады.
Жанға жағымды әдемі әннен соң іс-шараға қатысушы аналармен «Балама қандай жылулық беремін?» атты тренинг өткізілді. Кеңес ауылдық округінен келген Кәмшат Әсилова ұлы Ерлан Ақжүрекпен «Ана мен бала» әнін орындады.
Кездесу өте жоғары деңгейде өтіп, кездесуге келген аналарға демеушілердің қолдауымен сый-сияпаттар табысталды. Кездесуді аудандық аналар кеңесінің төрайымы Қайнаркүл Татықұлова қорытындылап, берері мол іс-шараны ұйымдастырушыларға алғысын жеткізді.