Ақаралдық Асылхан Азияны бағындырды

0 20

Иә, елдің атын ерлер шығарады. Бұл тәмсіл қол күресі спорты бойынша Азия құрлығында топ жарған жерлесіміз Асылхан Байтіковке де қатысты айтылуы заңдылық.

Жуырда Өзбекстанның астанасы Ташкент шаһарында өткен Азия чемпионатында қол күрестен топ жарып, Азия чемпионы атанған Асылхан Амангелдіұлының бұл ірі жеңісі өзі туған Ақаралы мен Меркі ауданының абырой, қуанышы ғана емес. Сонымен қатар, бұл биіктік Қазақстан спортшысының жетістігі ретінде алтын әріптермен Тәуелсіз еліміздің спорттық жылнамасына да жазылды. Осы ретте, дүйсенбі күні Ақарал ауылдық мәдениет үйі алдында ауданымыздың мақтанышына айналған Асылхан інімізді қарсы алып, ұлықтау іс-шарасы болып өтті.

Осынау қуанышты бөлісуге аудандық ақсақалдар кеңесі төрағасының орын­басары Мелісхан Жұматаев, Меркі ауылдық округінің биі Сәрсен Әбенов, Ақарал ауылдық ақсақалдар кеңесінің төрағасы Асқар Омаров, аталған ауылдың қауымдастық кеңесінің төрағасы Ғалым Бөрібаев, өңіріміздің спортсүйер қауымы мен ауыл тұрғындары қатысты.

Сөз алған Мелісхан Жұматаев, округ әкімі Ерлан Бекасилов, ауыл ақсақалы Жұман Әлдекенов пен ауыл азаматтары Өркен Жұмағұлов және Дәурен Серікұлы жеңімпаз спортшыға арнаған ізгі ой-тілектерін білдірсе, Асқар Омаров ауыл жұртшылығы атынан ақшалай сыйлығын тапсырды. Ал, ауыл жастары Азия чемпионатында биіктен көрінген жерлестеріне жабуымен сұлу сәйгүлік сыйлап, Асылхан бауырларына деген қошеметін осылайша көрсеткен соң, күннің келесі бөлігінде чемпионды ұлықтау мақсатында көкпар ойыны өтетінін жеткізді.

Өз кезегінде сөз алған Шолпан Байтікова ұлына көрсетілген зор құрмет үшін көпшілікке аналық ақ алғысын жеткізіп, Тәуелсіз еліміздің көк байрағы ашық аспанымызда желбірей беруіне тілек білдірді.
Ендігі кезекте, аудан мен ауыл мерейін асырған спортшы ініміз туралы аз-кем мәлімет айтып өтер болсақ, Асылхан Байтіков 2007 жылдың 17-қаңтарында Ақарал ауылында туған. Соғыс және еңбек ардагері, белгілі тұлға Тұрғымбай Байтіков пен елге сыйлы Жәмилә апамыздың бел баласы Амангелді ағамыздан өрбіген Асылхан 2013 жылы №5 Ақарал мектебіне аяқ басқан. 9-сыныптан соң, Тараз қаласындағы «Парасат» колледжінде білім алған. 2023 жылы қол күресінен жасөспірімдер арасында Қазақстан Республикасының чемпионы болды. Ал, биыл Азия чемпионы атанып, тамыз айында жасөспірімдер арасында өтетін Әлем чемпионатына деген жолдаманы қанжығасына байлап, жаттығу жұмыстарын жүргізу үстінде.

Біз, аудан баспасөзінің қара шаңы­рағының ұжымы жас спортшыға сәттілік тілеп, өзіміздің және оқыр­мандарымыздың атынан Асылхан баламызға «Егеменді еліміздің көк туын барша әлемге танытып, жеңіспен орал!» – деген ықыласымызды білдіреміз.