Жаңа балабақша ашылды

0 28

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары» атты Қазақстан халқына арнаған Жолдауында: «Адал азамат және тұғырлы тұлға болудың негізі бала кезден қалыптасады… Ұлттың жаңа сапасын қалыптастыру еліміз үшін айрықша маңызды» – деп атап көрсеткені белгілі.

 Иә, бұл екі ауыз сөздің астарында үлкен мән жатыр. Ол тарихтар тоғысы мен қилы замандардың қыспағында «қысылса» да ұлттық кодын жоғалтпай, «мың өліп, мың тірілген» қазақтың әлемдік жаһандану мен геосаяси қиын ахуал жайлаған қазіргі аласапыран кезеңде де өзінің бірегейлігін сақтауы керектігі дер едім.

Ал, ол үшін ел Президенті үнемі айтатындай, ұлттың заман талаптарына сай оң өзгеріске ұшыраған жаңа сапасын жетілдіру үрдісі кең етек жаюы шарт. Бұл мәселе жаңаша қалыпқа еніп, ұлт болашағы үшін бұрын-соңды болмаған қаракеттерге һәм тәлім мен тәрбиеге негізделгені шарт.

Күні кеше 1-маусым – Халықаралық балаларды қорғау күні кең көлемде аталып өткенінен хабардармыз.

Міне, тап сол айтулы күнге орай, Ойтал ауылдық округі аумағында мемлекеттік-жекеменшік әріптестік негізінде жұмыс атқаратын «Д.Адина» балабақшасының ашылу салтанаты болып өтті.

 Барлығы 75 орын, оның ішінде, 3 топқа бөлінетін бүлдіршіндердің мектепке дейінгі білім мен тәрбие алуына керекті жағдай жасалып, заманауи құрал-жабдықтармен толық қамтылған екі қабатты нысанның ашылу салтанатына аудандық білім бөлімінің басшысы Айгерім Алтынбаева, аудандық Билер кеңесінің төрағасы Медербек Өзбеков, еңбек ардагері, қостоғандық Тұтқышбай Срайылов, жаңа балабақшаның 25 адамнан жасақталған ұжым мүшелері мен осы балабақшаға сенім арта таңдау жасап, сәбилерін тапсырып отырған ата-аналар қауымы қатысты.

 Жас бүлдіршіндердің әсем әні мен тербетілген биімен бастау алған ашылу салтанатында аудандық білім бөлімінің басшысы Айгерім Алтынбаева,  Медербек Өзбеков, сонымен қатар, білім саласының ардагері Ғалия Қажығалиева сөз сөйлеп, жаңа балабақшаның жұмысына сәттілік тілесе, Тұтқышбай ақсақал ақ батасын берді.

Лента кесу рәсімі құрметіне Тұтқышбай Срайылов пен Айгерім Алтынбаева ие болған соң, жиналған көпшілік балабақша ішін аралап, кеңінен танысты.

Бірден көзге түскені – жас бүлдіршіндерді қазақи қалыпта тәрбиелеуге лайықталған ұлттық нақыштағы арнайы бөлме көптің көңілінен шыққанын айта кету абзал. Бұл ретте, жаңа «Д.Адина» балабақшасының меңгерушісі, аудан көлемінде бірқатар лауазымдық қызметтер атқарып, үлкен ұйымдастырушылық қабілетімен танылған Әтіркүл Исаеваның еңбегін атап өтейік. Сондай-ақ, барлық тәрбиешілер мен басқа да мамандар арнайы білімді және жұмыс өтілдеріне ие екенінен де хабардар болдық.

Сонымен қатар, балабақша 3 топқа жеке арналған жатын бөлмелер, музыкалық зал мен медициналық қызмет көрсететін арнайы бөлме, қол жуатын орындар және ыңғайлы  әжетханамен, сырттағы ойын алаңқайларымен стандарттарға сай жабдықталыпты. Барлық аталған бөлмелерде арнайы дабыл түймелері, өрт сөндіру құралдары, ең бастысы, бейнебақылау құрылғылары орнатылған.