Құрылтай

Жамбыл облысында тұтынушылардың құқықтарын қорғау бағытындағы жұмыстар күшейтілді

0 5

2026 жылдың тоғыз айында Жамбыл облысы бойынша Сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментіне 1 688 өтініш түсіп, қабылданған шаралар нәтижесінде тұрғындарға 17,1 миллион теңгеден астам қаражат қайтарылды.

Жамбыл облысы бойынша Сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаменті 2026 жылдың тоғыз айында ішкі сауданы реттеу, әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасын бақылау және тұтынушылардың құқықтарын қорғау бағытында бірқатар жұмыс атқарды.

Департамент Қазақстан Республикасы Сауда және интеграция министрлігінің аумақтық органы ретінде өз құзыреті шегінде мемлекеттік саясатты іске асырып, сауда саласындағы заңнама талаптарының сақталуын және тұтынушылардың құқықтарының қорғалуын қамтамасыз етеді.

Тұтынушылардың құқықтарын қорғау – басты басымдық

Есепті кезеңде Департаментке азаматтардан 1 688 өтініш келіп түсті. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 547 өтінішке немесе 47,9 пайызға көп. 2025 жылдың тоғыз айында 1 141 өтініш тіркелген болатын.

Өтініштердің басым бөлігі «Е-өтініш» ақпараттық жүйесі арқылы қабылданды. Аталған платформа арқылы түскен өтініштер бойынша азаматтарға заңнама аясында түсініктемелер беріліп, тиісті шаралар қабылданды. Нәтижесінде 786 өтініш қанағаттандырылып, 313 өтініш бойынша түсіндірме жұмыстары жүргізілді, ал 230 өтініш құзыреттілігіне қарай басқа мемлекеттік органдарға жолданды.

Қабылданған шаралардың нәтижесінде тұтынушыларға жалпы сомасы 17 млн 125 мың 600 теңге көлеміндегі қаражат қайтарылды.

Сонымен қатар азаматтармен кері байланысты қамтамасыз ету мақсатында Telegram бот арқылы 11 өтініш қабылданып, жеке қабылдау барысында 96 тұрғынның мәселесі тыңдалды. Жедел желі телефонына 139 қоңырау түсіп, әрбір өтініш бойынша тиісті кеңестер берілді.

Өтініштерді салалар бойынша саралау нәтижесінде шағымдардың ең көп үлесі электрондық саудаға тиесілі екені анықталды. Атап айтқанда, осы бағытта 512 өтініш тіркелген. Бұл жалпы өтініштердің 33,4 пайызын құрайды. Өткен жылдың сәйкес кезеңінде электрондық саудаға қатысты 219 өтініш түскен.

Сондай-ақ білім беру саласы бойынша 248, бөлшек саудада 274, тұрмыстық қызмет көрсету саласында 164 өтініш тіркелді. Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, байланыс, қоғамдық тамақтандыру, медициналық және қаржылық қызметтерге қатысты да азаматтардан өтініштер келіп түсті.

Электрондық саудаға қатысты шағымдардың көбеюі интернет-дүкендер мен маркетплейстер арқылы сатып алу көлемінің артуымен байланысты. Осыған орай Департамент азаматтарға тауар сатып алу кезінде сатушы туралы ақпаратты тексеруге, төлем құжаттарын сақтауға және тұтынушылық құқықтарын білуге кеңес береді.

Ақпараттық-түсіндіру жұмыстары жалғасуда

Тұтынушылардың құқықтық сауаттылығын арттыру және заңнама талаптарын түсіндіру мақсатында Департамент тарапынан жүйелі ақпараттық жұмыстар жүргізілді.

2026 жылдың тоғыз айында Instagram және Facebook әлеуметтік желілерінде 1 621 ақпараттық материал жарияланды. Сонымен қатар өңірлік бұқаралық ақпарат құралдарында 42 материал, Тұтынушылардың құқықтарын қорғау комитетінің ресми сайтында 18 жарияланым және өзге де интернет-ресурстарда 2 мақала жарық көрді.

Бұдан бөлек, тұрғындармен тікелей байланыс орнату мақсатында 9 ашық есік күні және «Азаматтық құқықтарды қорғау комитеті» қоғамдық бірлестігімен бірлесіп 9 қоғамдық қабылдау ұйымдастырылды.

Бұқаралық ақпарат құралдары өкілдеріне арналған 3 брифинг өткізіліп, 3 телевизиялық сұхбат және облыстық «Jambyl» радиосында 2 сұхбат берілді. Сондай-ақ Департамент басшысының орынбасары тұтынушылардың құқықтарын қорғау мәселелері қаралған облыстық мәслихаттың отырысына қатысты.

Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасы бақылауда

Департамент жұмысының тағы бір маңызды бағыты – әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары бағасының негізсіз өсуіне жол бермеу және сауда үстемесінің заңнамада белгіленген 15 пайыздық шекті мөлшерден аспауын бақылау.

Осы мақсатта облыс аумағындағы сауда орындарына, дүкендер мен маркеттерге, сондай-ақ әлеуметтік желілерге аптасына екі рет мониторинг жүргізіледі. Бағаның белгіленген талаптарға сәйкес келмеуі анықталған жағдайда кәсіпкерлерге қолданыстағы заңнама талаптары түсіндіріліп, заң бұзушылықтарды жою бойынша тиісті жұмыстар атқарылады.

Жыл басынан бері әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасын қалыптастыру тізбегіндегі делдалдық схемаларды анықтау жөніндегі өңірлік комиссияның 28 отырысы өткізілді. Облыс әкімінің орынбасары жетекшілік ететін комиссия құрамына Департаментпен қатар мүдделі мемлекеттік органдардың өкілдері енгізілген.

Бірлескен жұмыстардың нәтижесінде бағаның өсуіне қатысты 76 дерек анықталды.

Заң талаптарын бұзған кәсіпкерлер жауапкершілікке тартылды

Тұтынушылардың өтініштері негізінде есепті кезеңде кәсіпкерлік субъектілеріне 202 тексеру жүргізілді. Оның 160-ы сауда саласына, 42-сі тұтынушылардың құқықтарын қорғау бағытына қатысты.

Сауда саласындағы тексерулер негізінен әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына белгіленген сауда үстемесінің шекті мөлшерден асырылуы, тауар бағасының сөреде көрсетілмеуі және кассадағы бағаның сөредегі бағамен сәйкес келмеуі фактілерін анықтауға бағытталды.

Ал тұтынушылардың құқықтарын қорғау саласындағы тексерулер азаматтардың талап-арыздарына жауап бермеу, тауарды айырбастаудан немесе қайтарудан бас тарту, сондай-ақ тұтынушыларға қажетті ақпаратты ұсынбау деректері бойынша жүргізілді.

Жалпы, есепті кезеңде 165 кәсіпкерлік субъектісі әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Оның ішінде 139 кәсіпкер сауда саласындағы заң бұзушылықтар үшін жауапқа тартылса, 26 кәсіпкер тұтынушылардың құқықтарын қорғау талаптарын бұзғаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылды.

Сауда саласында 100 кәсіпкерге сауда үстемесінің шекті мөлшерін асырғаны үшін, 39 кәсіпкерге сөредегі және кассадағы баға айырмашылығы үшін әкімшілік шара қолданылды. Аталған бағыт бойынша салынған айыппұлдардың жалпы сомасы 7 млн 363 мың 312 теңгені құрады.

Ал тұтынушылардың құқықтарын қорғау саласында салынған айыппұлдардың жалпы сомасы 854 мың 188 теңгеге жетті.

Департамент тарапынан жүргізіліп жатқан жұмыстардың негізгі мақсаты – тұтынушылардың заңды мүдделерін қорғау, сауда саласындағы ашықтықты қамтамасыз ету, әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары бағасының негізсіз өсуіне жол бермеу және кәсіпкерлердің заң талаптарын сақтауына ықпал ету.

Алдағы уақытта да бұл бағыттағы жұмыстар жүйелі түрде жалғасып, тұрғындардың өтініштері мен ұсыныстарына басымдық берілетін болады.