Жамбыл облысында автомобиль жолдарының сапасын жақсарту, елді мекендердің көлік қатынасын дамыту және қоғамдық көліктің қолжетімділігін арттыру бағытында жүйелі жұмыстар жүргізілуде. 2026 жылы жергілікті маңызы бар автомобиль жолдары мен елді мекен көшелерін жөндеуге, сондай-ақ жолаушылар тасымалын ұйымдастыруға қомақты қаражат бөлінді. Негізгі басымдық — жол инфрақұрылымын жаңғырту, тұрғындарға қолайлы көлік қызметін ұсыну және елді мекендер арасындағы қатынасты жақсарту.
Автомобиль жолдарын жөндеу: 21,1 млрд теңге бөлінді
Бүгінде Жамбыл облысындағы жалпы пайдаланымдағы автомобиль жолдары мен елді мекен көшелерінің жалпы ұзындығы 10 116,8 шақырымды құрайды. Осы жол желісінің сапасын жақсарту мақсатында 2026 жылы барлық бюджет көздерінен 21,1 млрд теңге қарастырылды. Оның ішінде облыстық бюджеттен 12,4 млрд теңге, аудандық бюджеттерден 8,7 млрд теңге бөлінді.
Аталған қаражат есебінен 71 жобаны іске асыру көзделген. Жұмыстар аясында екі көпір мен үш теміржол өткелін салу, 6,7 шақырым көшені қайта жаңғырту және 134,1 шақырым жолды орташа жөндеумен қамту жоспарланған.
Сонымен қатар жергілікті жолдар мен елді мекен көшелерін ағымдағы жөндеу және күтіп ұстау жұмыстарына 4 млрд теңге бағытталды. Бұл қаражат жолдардың жай-күйін жақсартуға, оларды тиісті деңгейде ұстауға және қозғалыс қауіпсіздігін қамтамасыз етуге арналған.
Биыл жүзеге асырылып жатқан 71 жобаның 32-сі өткен жылдан өтпелі болса, 39-ы — жаңа жобалар. Оның ішінде 25 жоба 2027 жылға өтпелі болып жоспарланған.
Қазіргі таңда 71 жобаның 62-сінде жұмыстар аяқталды, қалған тоғыз нысанда жұмыс аяқталу сатысында. Жоспарланған 139,3 шақырым жолдың 129,1 шақырымында асфальт төсеу жұмыстары орындалды.
Жол жөндеу жұмыстарының сапасына да ерекше назар аударылуда. Осы мақсатта Автомобиль жолдары комитетіне қарасты «Жол активтерінің ұлттық сапа орталығымен» орындалған жұмыстар мен пайдаланылған материалдардың сапасын сараптау бойынша 73,5 млн теңгеге шарт жасалып, тиісті жұмыстар жүргізілуде.
Жалпы, жол жөндеу жобаларының іске асырылу барысы басқарманың тұрақты бақылауында.
Қоғамдық көлік: маршруттар желісі кеңейіп келеді
Облыс тұрғындарын қоғамдық көлікпен қамтамасыз ету және жолаушылар тасымалының қолжетімділігін арттыру — саланың негізгі бағыттарының бірі. Бүгінде Жамбыл облысында 165 автобус маршруты ұйымдастырылған. Оның ішінде 12-сі — облысаралық, 20-сы — ауданаралық, 79-ы — ауданішілік және ауылішілік, 48-і — қалалық, ал алтауы — қала маңындағы маршруттар.
2026 жылы облыс бойынша әлеуметтік маңызы бар 132 маршрутты субсидиялауға 12,3 млрд теңге бөлінді. Олардың қатарында 48 қалалық, сегіз ауданаралық, 73 ауданішілік автобус маршруты және үш теміржол бағыты бар.
Облыстық басқарма тарапынан 12 облысаралық және 20 ауданаралық маршрут ұйымдастырылған. Ауданаралық бағыттардың сегізі әлеуметтік маңызы бар маршруттар санатына жатады. Сонымен қатар үш теміржол бағыты да әлеуметтік маңызы бар бағыттар ретінде айқындалған.
Аудан әкімдіктері 19 тасымалдаушымен бірлесіп, 79 ауданішілік және ауылішілік маршруттың жұмысын қамтамасыз етуде. Оның 73-і әлеуметтік маңызы бар бағыттар болып табылады.
Тараз қаласы мен ауылдық елді мекендердің көлік қатынасы
Тараз қаласында жолаушылар тасымалы тоғыз тасымалдаушы мекеме арқылы жүзеге асырылады. Олар 48 автобус маршруты бойынша қызмет көрсетіп, жалпы 560 автобус пайдалануда. Оның 500-і күнделікті желіге шығады.
Облыста тұрғындарының саны 100 адамнан асатын 343 елді мекеннің 213-і қоғамдық көлікпен қамтылған. Бұл — жалпы елді мекендердің 62,1 пайызы.
Қоғамдық көлікпен қамту аясын кеңейту мақсатында 2026 жылы Тараз қаласы мен үш ауданның әкімдіктері тарапынан сегіз жаңа автобус маршрутын ашу жұмыстары жүргізілді. Атап айтқанда, Жамбыл ауданында — бір, Талас ауданында — бір, Шу ауданында — үш және Тараз қаласында үш маршрут ашу көзделген. Тараз қаласындағы жаңа бағыттар №4, №31 және №67 маршруттарды қамтиды.
Сонымен қатар Тараз қаласын Аса, Айша бибі, Құмжота және Бурыл елді мекендерімен байланыстыратын бағыттарды дамытуға да назар аударылуда. Меркі ауданының әкімдігі тарапынан қосымша маршрут ашу бойынша жұмыстар жүргізіліп жатыр.
Автобус паркін жаңарту жұмыстары жалғасуда
Қоғамдық көлік қызметінің сапасы маршруттардың санына ғана емес, пайдаланылатын автобустардың жай-күйіне де байланысты. Осыған орай облыста жолаушылар тасымалын жүзеге асыратын кәсіпорындардың жылжымалы құрамын жаңарту жұмыстары кезең-кезеңімен жүргізілуде.
2026 жылы қалалық маршруттарға 48 жаңа автобус жеткізілді. Бұдан бөлек, жыл соңына дейін тасымалдаушы мекемелер тарапынан тағы 25 жаңа автобус жеткізу жоспарланып отыр.
Соңғы жылдардағы көрсеткіштер де автобус паркін жаңарту жұмыстарының жалғасып келе жатқанын көрсетеді. Атап айтқанда, 2023 жылы — 73, 2024 жылы — 155, ал 2025 жылы — 91 автобус жеткізілген.
Негізгі мақсат — тұрғындарға қолайлы инфрақұрылым қалыптастыру
Жамбыл облысында жол инфрақұрылымын дамыту мен жолаушылар тасымалын жетілдіру өзара байланысты бағыттар ретінде қарастырылады. Сапалы жолдар елді мекендер арасындағы қатынасты жақсартса, қоғамдық көлік желісінің кеңеюі тұрғындардың әлеуметтік нысандарға, жұмыс орындарына және қажетті қызметтерге қол жеткізуін жеңілдетеді.
Осы бағыттағы жұмыстар алдағы уақытта да жалғасады. Негізгі міндет — жол жөндеу жобаларының сапалы әрі уақтылы орындалуын қамтамасыз ету, қоғамдық көлік маршруттарын кезең-кезеңімен кеңейту және тұрғындарға қолжетімді, қауіпсіз әрі қолайлы көлік қызметін ұсыну.