Ойтал ауылдық кітапханасының кітапханашылары Б.Бықыбаева, Р.Айтжанованың ұйымдастырумен «Жазушымен бір күн» кітапханалық жоба аясында ақын, жазушы, драматург, ұстаз Әдібай Табылдының 100 жылдық мерей тойына орай «Жырлайды жүрек» атты поэзиялық кеш өткізілді.
Іс-шараға, № 20 жалпы орта білім беретін мектептің қазақ тілі және әдебиет пән мұғалімі А.Әмреева мен 6 «а» сынып оқушылары қатысты.
Іс-шара мақсаты – жазушының өмірі мен шығармашылығын кеңінен таныту, оның шығармаларындағы идеялық мазмұнды ашу; оқушылардың ойлау қабілетін дамыта отырып, дүниетанымын кеңейту; сөздік қорын байыту және шығармашылық қабілеттерін арттыру; жас ұрпақты рухани байлыққа, ізгілікке тәрбиелеу.
Ә. Табылды 1926 жылы 2-қаңтарда Жамбыл облысы, Тұрар Рысқұлов ауданы, Жаңатұрмыс ауылында дүниеге келген. Ақын, жазушы, драматург, педагогика ғылымдарының докторы, профессор Ә.Табылды қазақ балалар әдебиетінің керегесін кеңейтіп, шаңырағын биіктетіп, уықтарын түгелдеп шығарған кітабына ертегілер, пьесалар, скетчтер, интермедиялар, қойылымдар, әңгімелер, жаңылтпаштар, жұмбақтар, тақпақтар жазған.
№20 жалпы орта білім беретін мектебінің 6 «а» сынып оқушылары А.Ерболқызы, Н.Егізбек, Б.Жомарт, Ж.Аманжол, Т.Мейірхан, Ұ.Сәби, І.Қанатқызы Ә.Табылдының өлеңдерін оқыды. Кітапхана меңгерушісі Б.Бықыбаева балалармен сұрақ-жауап өткізді, оқушыларға сұрақ қойып, жұмбақ жасырып, жаңылтпаш оқыды, оны оқушылар қайталап айтты.
«Кең өрісті кемел тұлға» атты кітап көрмесі ұйымдастырылып, кітапханашы Р.Айтжанова кітаптарға шолу жасап, кітаптармен таныстырды. Ә.Табылдының әңгімелерінен үзінділер оқып, оның шығармаларындағы адамгершілік, қайырымдылық, еңбекқорлық және жақсы істерді бағалай білу секілді тәрбиелік мәні зор тақырыптарға ерекше тоқталды. «Ұлттық тәрбие иірімдері», «Қазақ педагогикасы», «Қазақ педагогикасын оқытудың әдістемесі», «Қазақ этнопедагогикасындағы құқық тәрбиесі» атты оқу құралдары шыққан. «Әдеп әліппесі» атты оқу құралы мектептерде жеке пән ретенде, тәрбие құралы ретінде кеңінен пайдаланылады. «Алыптардың алыбы», «Бәрекелді», «Ғажайып бақ», «Тентек балапан», «Абайлаңдар» сияқты ертегі пьесалары республикалық қуыршақ театрында (1969-1988) қойылды. 120 энциклопедиялық ғылыми мақала, 10-нан астам ғылыми-әдістемелік оқу құралдары, бағдарламалар мен кітаптардың авторы. Адамзат баласының қол жеткізген ұлы игіліктерінің бірі – білім қазынасы. «Артық білім кітапта, ерінбе оқып көруге» – деп, ұлы ақынымыз Абай жырлағандай ерінбей білім алуға асығайық .