Меркі ауданына ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттары Мұқаш Ескендіров пен Әбутәліп Мүтәлі, сондай-ақ, «AMANAT» партиясы Жамбыл облыстық филиалының төрағасы Дауыл Бейсенқұлов жұмыс сапарымен келді.
Халық қалаулыларын аудан әкімі Ербол Жиенқұлов арнайы қарсы алып, іссапар барысында аудан аумағындағы бірқатар әлеуметтік және инфрақұрылымдық нысандарды аралап, атқарылып жатқан жұмыстармен таныстырды.
Депутаттардың жұмыс сапары Қызылсай ауылында орналасқан тарихи-танымдық «Қара кемпір» музейінен басталды. Мәжіліс депутаттары музейдің мазмұны мен маңызын жоғары бағалап, жергілікті мәдени мұраның сақталуына көңіл бөлді.
Одан кейін делегация «Андас-1, 2, 3» су қоймаларына барып, олардың ауыл шаруашылығын дамытудағы рөліне назар аударды. Су ресурстарының тиімді пайдаланылуы мен шаруаларға қолайлы жағдай жасау мәселелері талқыланды.
Меркі бекеті ауылында салынып жатқан аспалы көпір құрылысы да депутаттардың назарынан тыс қалмады. Ойтал ауылдық округіндегі бұл нысанның тұрғындар үшін қауіпсіз әрі қолайлы қатынас қалыптастырудағы маңызы ерекше екені айтылды.
Сапар барысында халық қалаулылары Тәтті ауылындағы мектеп интернатының ахуалын көріп, «Алпамыс» спорт кешенінің жұмысымен де танысты. Әлеуметтік инфрақұрылымның жай-күйі мен даму бағыттары бойынша нақты ұсыныстар айтылды.
Мәжіліс депутаттары мен партия өкілдері сапар барысында көтерілген мәселелерді назарға алатынын жеткізіп, жергілікті тұрғындармен пікір алмасты.