Зорлық-зомбылықсыз қоғам – жарқын болашақтың кепілі

0 25

Ауданда «Зорлық-зомбылықсыз қоғам – жарқын болашақтың кепілі» атты 16 күндік республикалық акция аясында маңызды жиын өтті.

Аудандық Мәдениет үйінде ұйымдастырылған кеңейтілген басқосуға аудан әкімінің орынбасары Мейірхан Өмірбек, зиялы қауым өкілдері, аналар кеңесінің мүшелері, аудандық полиция бөлімінің қызметкерлері, қоғамдық ұйымдардың өкілдері мен аудан жастары қатысты. Жиынның негізгі мақсаты – қоғамдағы тұрмыстық және гендерлік сипаттағы зорлық-зомбылықтың алдын алу, отбасы институтын нығайту және тұрғындар арасында құқықтық мәдениетті қалыптастыру.

Алдымен сөз алған аудан әкімінің орынбасары Мейірхан Өмірбек тұр­мыстық зорлық-зомбылық мәселесінің тек бір отбасының ғана емес, тұтас қоғамның қауіпсіздігіне әсер ететінін атап өтті. Ол мемлекеттік органдардың, білім беру ұйымдарының, құқық қорғау құрылымдарының және қоғамдық ұйым­дардың күш-жігері біріккен жағдайда ғана оң нәтиже болатынын жеткізді. Сонымен бірге, бұл бағыттағы алдын алу шараларын күшейту, ақпараттық жұмысты арттыру және тұрғындардың белсенділігін қамтамасыз ету – бүгінгі күннің талабы екенін айтты.

Жиын барысында Отбасын қолдау орталығының директоры Қуат Зетқұлов орталық тарапынан жүргізіліп жатқан профилактикалық жұмыстар, қиын жағдайға тап болған азаматтарға көр­сетілетін психологиялық және құ­қықтық көмек түрлері жөнінде жан-жақты ақпарат берді. Оның айтуынша, зорлық-зомбылықтың алдын алу тек жазалау шараларымен шектелмей, ең алдымен, отбасындағы қолайлы ахуалды қалыптастырумен және ерте кезеңдегі түсіндіру жұмыстарының сапасына байланысты.

Аудандық полиция бөлімінің от­басылық-тұрмыстық зорлық-зом­бы­лыққа қарсы іс-қимыл бөлімшесінің аға инспекторы, полиция майоры Айгүл Оразбаева аудан көлемінде атқарылып жатқан іс-шаралар туралы кеңінен баяндады. Ол тіркелген шағымдармен жұмыс жүргізу, шектеу нұсқамаларын шығару, тәуекел топтағы тұлғалармен жеке профилактикалық әңгімелер өткізу бағытындағы тәжірибелерді бөлісті. Сонымен қатар, азаматтарды құқық қорғау органдарына дер кезінде жүгінуге шақырды.

Жиында Меркі ауылдық округінің аналар кеңесінің төрайымы Роза Байбосынова да сөз сөйлеп, «Зорлықтың емі – мейірім мен түсіністік» тақырыбында атқарылған жұмыстар туралы ой бөлісті. Ол отбасындағы тәрбиенің, балаларға берілетін көңілдің, өзара құрмет пен сабырлылықтың маңызын атап өтіп, ауылдық округ деңгейінде өткізілген кездесулер мен түсіндіру акциялары жөнінде баяндады.
Сондай-ақ, аудандық білім бөлімінің әдіскері Сәуле Метерқұлова білім беру ұйымдарында өткізілетін сынып сағаттары, тәрбие сағаттары мен психологиялық тренингтердің мазмұнына тоқталды. Жасөспірімдер арасында зорлық-зом­былыққа төзбеушілік мәдениетін дамыту – ұстаздар алдында тұрған маңызды міндеттердің бірі екені айтылды.

Жиын барысында қатысушылар өзара пікір алмасып, қоғамдағы өзекті мәселенің алдын алуға қатысты нақты ұсыныстарын ортаға салды. Қатысушылардың айтуынша, әр отбасы мен әр азаматтың қауіпсіздігі – баршамыздың ортақ жауапкершілігіміз. Осындай шаралар арқылы қоғамда зорлық-зомбылыққа мүлдем төзбеушілік қағидатын қалыптастыруға мүмкіндік туады.