БАҚ өкілдері мен онлайн-платформаларға жаңа міндеттер жүктелді

0 63

Жамбылда алдағы сайлау науқандарын әділ әрі ашық ұйымдастыру мақсатында бұқаралық ақпарат құралдарының рөліне ерекше назар аударылып келеді. Осы орайда, облыстық сайлау комиссиясының ұйымдастыруымен Қазақстан халқы Ассамблеясының «Достық» үйінде «Сайлау процесін даярлау мен өткізу барысында бұқаралық ақпарат құралдарының және онлайн-платформалардың рөлі» атты мазмұнды семинар-тренинг өтті.

Төрт сағатқа созылған бұл іс-шараға облыстың қала және аудан әкімдіктерінің өкілдері, аумақтық сайлау комиссияларының мүшелері мен төрағалары, сондай-ақ өңірлік БАҚ журналистері қатысты. Семинар сайлау үдерісінің ашықтығын арттыру мен ақпараттық кеңістікте сенімді дерек тарату мәселесіне арналды.

Алғашқы болып сөз алған облыстық сайлау комиссиясының төрағасы Серғали Айдапкелов қазіргі заманда сайлау әділеттілігін қамтамасыз етуде медиа саласының жауапкершілігі артып келе жатқанын атап өтті.

– Семинардың басты мақсаты – қоғамда сайлауға деген сенімді нығайту. Ол үшін бұқаралық ақпарат құралдары мен интернет кеңістігінде тек ресми және расталған мәлімет тарату маңызды. Халықты адастыратын жалған ақпаратпен күресу – ортақ міндетіміз, – деді ол.

Жиында облыстық сайлау комиссиясы төрағасының орынбасары Талғат Жамалов «БАҚ және онлайн-платформалардың сайлау барысындағы рөлі» тақырыбында баяндама жасап, әсіресе, әлеуметтік желілер мен блогерлердің ықпалын тілге тиек етті. Оның айтуынша, желі қолданушылары арасында нақты дерекке сүйенбей, алыпқашпа әңгіме таратып, қоғамда теріс көзқарас қалыптастыратындар аз емес. Сондықтан, ақпарат көздерінің нақтылығы мен ресмилігіне мән берудің маңызы зор.

Семинар аясында медиа саласындағы өзгерістер де назардан тыс қалмады. «Aulieata-Media» ЖШС директоры Данияр Асқарұлы журналистикаға енген заңнамалық және цифрлық өзгерістер жөнінде баяндап, заманауи технологияларды қолдану арқылы ақпарат сапасын арттыру жолдарын ортаға салды.

Ал, облыс әкімдігі ақпарат және қоғамдық даму басқармасының басшысы Жанболат Нұрмолдаұлы жергілікті билік пен медиа арасында орнаған серіктестік механизмдеріне тоқталып, бірлескен жұмыс бағыттарын нақтылады.

Семинар соңында қатысушылар пікір алмасып, тәжірибе бөлісті. Өзара ынтымақтастық пен сенімді әріптестік орнату жолында маңызды қадам болған бұл жиын сайлау науқаны кезінде ақпарат кеңістігін жүйелеуге үлес қосары анық.

Қорытынды сөзінде Серғали Айдапкелов қоғам алдындағы ортақ жауапкершілік пен медиа өкілдерінің белсенділігіне ризашылығын білдіріп, бірқатар журналистер мен сала қызметкерлеріне Алғысхаттар табыстады.

Камила УРЕБАЙ,

М.Х.Дулати атындағы Тараз университеті

филология және гуманитарлық ғылымдар факультетінің 

3 курс студенті.