Жұмысшы жастар мүддесі– басты назарда

0 32

Өткен аптада облыс прокуроры Нұрғалым Мәжитұлы Әбдіров Меркі ауданындағы №9 колледжде жұмысшы мамандығын таңдаған жастармен кездесу өткізді.

«Сәтті мансапқа жол» жобасы аясында өткен кездесуге студент­термен бірге облыстық және ау­дандық прокуратура мен әділет департаментінің қызметкерлері, аудан әкімі мен ауылдық округ мамандары, жергілікті басылым өкілдері қатысты.

Облыстың бас құқық қорғаушысы алдымен оқу орнының техникалық базасымен танысып, студенттер мен оқу шеберлерінің құзырына берілген жаңа заманғы ауыл шаруашылығы техникаларының арсеналын көрді. Айту ләзім, болашақ жұмысшы мамандығына ие болатын тәлімгерлер су жаңа «Джон-Дир» астық комбайнымен, отандық және шетелдік төрт доңғалақты трактормен, қосалқы құрал-саймандардың көмегімен науқандық жұмыстарға қатысып, өздеріне өндірістік-практикалық тәжі­рибе жинақтай алатындықтарын іс жүзінде көрсетіп берді. Олар өздерінің 7 мамандық бойынша білім алатынын, дәлірек айтқанда келешекте слесарь-жөндеуші, механизатор, электромонтер, есептеу техникасы және ақпараттық желілер, бағдарламалық қамтамасыз ету, электргазбен дәнекерлеуші, токарь болып шығатынын мақтанышпен айтты. Айтып қана қоймай теориялық және өндірістік сабақтарда алған білімдерін паш ететін колледж студенттерінің жеке газеті бар екенін, механизация бөліміндегі жастардың өздері қолдан жасаған минитракторын, жылыжай макеті мен көліктің жүріс бөлігінің стендісін, аспазшы қыздардың дайындаған дайын өнімдерін алға тартты.

Облыс прокуроры жұмысшы жас­тардың бүгінгі тыныс-тіршілігін өз көзімен көріп қанағаттанған соң оқу орнының мәжіліс залына келді. Облыстың бас құқық қорғаушысымен бірге облыстық әділет департаментінің басшысы Нұрғали Есіркепұлы Андасов пен аудан әкімі Ербол Жиенқұлов та төрдегі орынға жайғасты. Алғашқы сөз кезегін алған облыс прокуроры Н.М.Әбдіров жиналған қауымға кездесудің ең негізгі мақсатының бірі жастар арасында жұмыссыздықты болдырмау, ол үшін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың биылғы жылды «Жұмысшы мамандықтары жылы» деп жариялауының маңызы ерекше екенін баса айтты.

– Облысымыздың колледждерінде 28 мың студент білім алады. Олар күні ертең жұмысшы мамандықтарын алып шығады. Егер, оқу орындары кәсіпорын, мекемелермен келісім-шартқа тұрып жас мамандарды осы бастан жұмысқа орналастыру жағын ойластырмаса онда олар жұмыссыз жастар қатарына қосылады. Сөйтеді де тәртіп бұзады. Жақында осындай бір студент біреудің ұялы телефонын ұрлап, ұсталды. Әрине, ол жазасын алды. Менің айтайын дегенім де осы. Егер, сіздер оқу бітірушілерге жұмыс тауып бере алмасаңыздар олар осындай әрекетке барады. Иә, жұмысшы болу – мәртебелі мамандық. Сондықтан, жастар арасындағы түсіндіру жұмыстарын босаңсытпауымыз керек, – деді Нұрғалым Мәжитұлы.

Одан соң сөз кезегін алған облыстық Әділет департаментінің басшысы Нұрғали Есіркепұлы Андасов осынау «Сәтті мансапқа жол» жобасының көкейге қонымды жақтарын айта келіп, құқықтық тәртіптің сақталуына баса назар аударды. Ал, колледж директоры Ғалымжан Қырықбайұлының келтірген деректері расында көңілге қонымды еді. Оның айтуынша оқу орнын бітіргендердің 78 пайызы жұмысқа орналастырылып, колледж әкімшілігі 75 кәсіпорынмен келісім-шартқа тұрған. Директордың нақты мысалмен айтқан уәжі аудан әкімі Ербол Жиенқұловтың мінбеде тұрып айтар сөзін басқа арнаға аудара қойған жоқ. Ол өз сөзінде ауданға әлі де механизатор, дәнекерлеуші, жөндеуші мамандықтары ауадай қажет екенін баса айтты. Әкім осындай оңтайлы, ойы мен оябы бөлек кездесуге келіп, мазмұны терең мәселе көтергені үшін облыс прокурорына алғысын айтты.

Кездесу соңын облыс прокуроры Нұрғалым Мәжитұлы Әбдіровтың өзі қорытындылады. Ол өз сө­зінде осындай кездесулердің Тараз қаласында және Шу ауданында да өткенін, мұндай тағылымы мол басқосулардың жұмысшы жастарға тигізер тәрбиелік маңызы зор екенін баса айтты.

Осы кездесудің нәтижесінде «Қоғаммен байланыс жобасы» аясында меморандумға қол қою үшін Меркі шипажайының өкілі Марат Қасым мен «Меркі тәжірибе» шаруашылығының басшысы Қобыланды Манкеев №9 колледж директоры Ғалымжан Қырықбайұлымен бірлесіп екі жақты меморандумға қол қойды. Бұрынғы Жеміс-жидек кеңшарының жұмысын одан әрі қарай жаңғыртуды қолға алған Манкеев мырза әзірге 8 мың, алдағы күзде 65 мың түп алма мен алмұрт көшетін өсіріп, Ауыл шаруашылығы министрлігінің көмегімен 730 миллион теңге қаражат алып, оған жаңа техника алатынын, сондықтан, фермерлер мен дәнекерлеуші мамандықтарын меңгерген мамандарға мекеменің өте зәру екенін жасырмады. Меморандумға қол қойған кәсіпорын басшылары келешекте колледж түлектерін қажеттіліктеріне қарай жұ­мысқа орналастыруға міндеттеме алды.

Кездесу өте мазмұнды өтті. Осылайша кәсіптік білім беру саласына трансформация жасауға тағы бір нақты қадам жасалды.