«Жұлдыз» шаттыққа толы жазды бастап берді

0 22

Жаз келісімен оқушылар үшін ең қызықты, естен кетпес мезгіл де басталды. Биылғы маусымның қуанышты жаңалықтарының бірі – Меркі ауданында орналасқан «Жұлдыз» жазғы сауықтыру лагерінің есігін айқара ашуы болды. Балалар асыға күткен демалыс ордасының салтанатты ашылу рәсімі көңілді көңіл-күй мен шадыман шаттыққа толы сәттерге ұласты.

Салтанатты шараға аудан әкімі Ербол Жиенқұлов, Жамбыл облысының білім беру саласындағы сапаны қамтамасыз ету департаментінің басшысы Мұхит Нынбаев, ұстаздар мен ата-аналар қауымы қатысты. Олар лагерьдің жұмысымен танысып, алғашқы демалушыларға ақжол тілеп, жылы лебіздерін білдірді.
– Балалардың жазғы демалысын мазмұнды, жарқын әрі қауіпсіз өткізу – біз үшін басты міндет. «Жұлдыз» лагері – сол міндеттің нақты жүзеге асып жатқан көрінісі, – деді аудан басшысы өз сөзінде. Сондай-ақ, Мұхит Нынбаев өз сөзінде балғындардың жан-жақты дамуына ықпал ететін орта қалыптастырудың маңыздылығына тоқталып, балалардың қуанышты сәттері мемлекет назарында екенін атап өтті.

Ашылу шарасы Құрманбек Жандарбеков атындағы өнер мектебі дайындаған концерттік бағдарламамен әрленді. Көрермендер назарына ұсы­нылған «Кезбе музыканттар» қойылымы мен «Алаш аманаты» композициясы, «Бақытты балалық шақ» әні мен түрлі флешмобтар жас жүректерді қуанышқа бөледі. Ұлттық бояуға толы әндер мен билер де көрермендердің ыстық ықыласына ие болды.

Биылғы лагерь маусымы аудандық білім бөлімінің бастамасымен қолға алынған «ЖАЗ – 2025» бағдарламасы аясында ұйымдастырылуда. Бағдарлама шеңберінде маусымның 9-ынан тамыздың 2-сіне дейін «Жұлдыз» лагерінде 4 ауысымда 360 бала тынығады деп жоспарланып отыр. Оның алғашқы легіне әлеуметтік осал топқа жататын, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған және қиын жағдайдағы отбасылардан шыққан 90 бала қабылданып, дема­лысын бастап кетті.

Бұдан бөлек, 2-27 маусым ара­лығында аудан бойынша 35 мектеп жанындағы жазғы лагерьлерде 1-10 сынып аралығындағы 15492 оқушы түрлі демалыс бағдарламаларымен қамтылуда. Оның ішінде, 15184 бала қызығушылықтарына сай үйірмелер мен спорт секцияларына қатысып жүр. Ал, 4567 оқушы көгалдандыру мен еңбекке баулу бағытындағы шараларға тартылған.

Жаз – тек демалыс қана емес, баланың ішкі әлеуетін ашатын мүмкіндік. Бұл тұрғыда «Жұлдыз» лагері мен мектеп жанындағы алаңдардың атқарар рөлі ерекше. Балалар үшін жасалған әрбір игі іс – жарқын болашаққа салынған көпір іспетті.