Бейсенбі күні, аудандық Мәдениет үйінде ауданымыздың жыл бойғы тыныс-тіршілігі қорытындыланған салтанатты іс-шара өтті. Онда ауданның 2024 жылдағы әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштері сараланып, жыл ішінде өз салаларында үздік болған еңбек адамдары мерекелік марапаттарға ие болды. Салтанатты шара кезінде аудан әкімінің орынбасары Қайрат Арғымбаев жыл қорытындысы бойынша баяндама жасап, әр салада атқарылған жұмыстарға жеке тоқталды.
Сонымен, аталған баяндамаға сүйеніп, ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына көз салсақ, барлық салада айтарлықтай нәтижелерге қол жеткізілген. 2024 жылы ауданның өнеркәсіп саласында 15 миллиард 430 миллион теңгенің өнімі өндірілді. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 100,1% өсімді көрсетіп, ауданның тұрақты экономикалық дамуын дәлелдейді. Аудан экономикасының басты тірегі – ауыл шаруашылығы саласындағы өнім көлемі 46 миллиард 451 миллион теңгеге жеткен. Оның ішінде, өсімдік шаруашылығы бойынша 28 миллиард 776 миллион теңгенің өнімі өндірілсе, мал шаруашылығында бұл көрсеткіш 10 миллиард 733 миллион теңгені құраған.
Құрылыс саласы да қарқынды дамуда. Биыл аудан бойынша 28 миллиард 398 миллион теңгеге құрылыс жұмыстары жүргізілген. Атап айтқанда, 45 829 шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілген. «Асарлатып үй салу» жобасы аясында Жаңатоған және Меркі ауылдық округтерінде асарлатып үй сатып алынса, Талдыбұлақ, Жамбыл және Интернациональный ауылдарында асар дәстүрімен тұрғын үйлер пайдалануға беріліпті.
Биыл әлеуметтік нысандардың құрылысына да ерекше көңіл бөлінген. Меркіде облыс аудандары арасында алғашқы болып «Белсенді ұзақ өмір сүру орталығы» ашылды. Бұл орталықтың жұмысы жасы үлкен аға ұрпақтың денсаулығын түзеуге бағытталады.
Білім саласының инфрақұрылымы да айтарлықтай жаңғыртудан өткен. Осы ретте, Аспара ауылы тұрғындарының біраз жылдан бергі сұранысы орындалып, 150 орындық жаңа мектеп пайдалануға берілді. Сонымен қатар, Ойтал ауылындағы №48 мектепке 200 орындық жаңа ғимарат пен спорт зал, Андас батыр ауылындағы №21 мектепке 150 орындық қосымша ғимарат салынды. Осы құрылыстар арқылы аудан мектептеріндегі 3 ауысымда оқу мәселесі түбегейлі шешіліп отыр. Сондай-ақ, Ақтоған ауылындағы №4 және Мыңқазан ауылындағы №30 мектеп күрделі жөндеуден өтті. Мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында Сарымолдаев ауылында жоғары сынып оқушыларын ҰБТ-ға тереңдетіп дайындайтын «Шабыт» мектебі ашылған.
Аудан тұрғындарының денсаулығын нығайтып, олардың салауатты өмір салтын ұстануы үшін бірқатар жаңа нысандар бой көтеріпті. Осы орайда, Андас батыр ауылында жаңа спорттық сауықтыру кешені бой көтерсе, Тәтті ауылында демеушілер есебінен спорт кешені ашылып, ауылдықтардың көзайымына айналды. Ал, Ойтал ауылында жабық бассейні бар спорт кешені ашылды. Айта кетейік, аталған бассейн де өзінің жаңа талаптарға сай бой көтеруімен, облыс бойынша аудандар арасында Меркіде алғашқы рет ашылып отыр.
Денсаулық сақтау саласының да инфрақұрылымы жаңартылу үстінде. 2024 жылы Аспара ауылында 40 келушіге арналған дәрігерлік амбулатория, Т.Рысқұлов ауылында 15 келушіге арналған фельдшерлік-акушерлік пункті бой көтерді. Сондай-ақ, аудандық орталық аурухана ғимаратының қабылдау бөлімшесі жаңғыртудан өтуде.
Кеңес, Тәтті, Ақтоған, Сұрат, Ақарал және Аққайнар ауылдық мәдениет ошақтарына ағымды жөндеу жұмыстары жүргізілген.
Аудан тұрғындарын сапалы ауыз сумен қамту мақсатында, Ақтоған, Ақарал, Кеңес, Сыпатай, Гранитогор ауылдарында су жүйелері жаңартылуда екен. Сондай-ақ, Қайыңдысай және Құмарық ауылдарының ауыз су жүйелері жөндеуден өткен.
Осы жылы аудан аумағында 74 көше жөндеуден өтіпті. Оның ішінде, «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында 36 көше, жергілікті бюджет есебінен 38 көше жөндеуден өткен.
Ауылдарда абаттандыру бойынша да жүйелі жұмыстар атқарылған. Қазақ дихан ауылына аумағы 1 гектар болатын жаңа саябақ салынса, Ақтоған ауылы мен Ойтал ауылдық округтерінің саябақтары жаңғыртылуда екен. Сонымен қатар, орталық саябақта да жөндеу жұмыстары жүргізілсе, аудан орталығындағы көрнекті орындардың бірі – «Үміт» оқушылар сарайының жанындағы ұшақ айналасы абаттандырылып, ұшақтың іші робототехника музейін жасау мақсатында жаңартылған.
Аудан тұрғындарының игілігіне айналған «Ауыл аманаты» жобасы бойынша 73 жоба қолдау тауып, бүгінгі күнге 18 жоба қаржыландырылыпты.
Соңғы жылдары ауданымыздың туристік әлеуетін тиімді пайдалану мақсатында кешенді іс-шаралар атқарылып жатқанын білеміз. Осы орайда, биыл Меркі тауларына экспедиция жасалып, туризмді дамытудың мүмкіндіктері сараланған еді. Қазіргі уақытта тау шатқалдарынан Ұлттық парк ашу жұмыстары қолға алыныпты.
Меркі ауданы биыл тек экономикалық емес, әлеуметтік-мәдени тұрғыда да қарқынды дамыды. Бұл жетістіктер – аудан тұрғындарының бірлігі мен тынымсыз еңбегінің нәтижесі деп білеміз.
Салтанатты жиында жыл қорытындысымен түрлі салаларда үздік табылған азаматтар әртүрлі деңгейлердегі марапаттарға ие болды. Алдымен, 8 көпбалалы ана ҚР Президентінің Жарлығымен «Алтын алқамен», ал, 29 көпбалалы ана «Күміс алқамен» марапатталды.
Сонымен қатар, ауыл шаруашылығы механизаторы Сабыржан Арсланов пен «Кадиржан» шаруа қожалығының жетекшісі Қадіржан Жанақанов Ауыл шаруашылығы қызметкерлерінің салалық кәсіптік одағының төсбелгісін кеуделеріне тақты. «Меркі қанты» зауытының директоры Нұржан Карғабаев, білім саласының ардагері Ольга Власенко, Меркі газ шаруашылығының слесарі Абдухалик Пазылбеков, «Меркі қанты» зауытының аға слесарі Рашид Джабагинов Жамбыл облысы әкімінің Құрмет Грамотасымен, «Меркі қанты» зауытының токарі Ерлан Абашев облыс әкімінің Алғыс хатымен марапатталды.
Ұзақ жылдар бойы еңбек етіп, ауданның дамуына сүбелі үлес қосқан азаматтар «Меркі ауданына сіңірген еңбегі үшін» медалімен марапатталды. Олардың қатарында: «Меркі-Жолаушы» ЖШС-гі директорының орынбасары Курбан Адельханов, денсаулық саласының ардагерлері Тарғын Айнақұлов пен Раушан Махатова, жеке кәсіпкер, «Тұран» Жамбыл облыстық әзірбайжан этно-мәдени бірлестігі қоғамдық бірлестігінің жетекшісі Халил Алиев, ауыл шаруашылығы саласының ардагері Жұман Әлдекенов, білім саласының ардагері Мариямкүл Садыбаевалар болды. Сонымен қатар, тағы бірқатар азаматтар аудан әкімінің Құрмет грамотасы және Алғыс хатымен марапатталды.
Салтанатты жиын аудандық Мәдениет үйі өнерпаздарының мерекелік концерттік бағдарламасымен жалғасты.