Журналистердің бас бағбаны

0 29

Қай салада да өндірімді еңбек ететін және оның еңбегінің жемісін бір өзі емес, жүрген ортасы да бірге көретін іскер адамдар болады. Мен білетін іскер адамдардың маңдайалдысы – филология ғылымдарының докторы, профессор, ұстаздардың ұстазы, журналистердің бас бағбаны Намазалы Омашев. Он бір жыл кафедра меңгерушісі, жеті жыл декан, жеті жыл проректор, он бір жыл «Журналистика зерттеу институтының» директоры болған кезде атқарған игі істері Қазақстандағы «журналистика» мамандығының керегесінің кеңеюіне, журналистика ғылымының дамуына ықпал етті десек, артық айтпаған болар едік.

Дәлелдеп айтсақ, 1995-2021 жылдары ҚазҰУ-дің журналистика факультетінің деканы болған тұста «10.01.10 – журналистика» мамандығы бойынша диссертациялық кеңестің ашылуына көп еңбек сіңірді. Сол диссертациялық кеңестен қорғаған 50 шақты ғалым бүгінде еліміздің әр өңіріндегі журналистика кафедраларында еңбек етіп, қазақ журналистика ғылымына үлес қосып келеді. Екіншіден, Н.Омашұлы декан болған тұста ҚазҰУ-де «Халықаралық журналистика», «Баспа ісі», «Қоғаммен байланыс» мамандықтары ашылып, журналистиканың заманауи бағыттарына айрықша көңіл бөлінді. Үшіншіден, халықаралық байланыс жақсарып, бұрын-соңды болмаған жолға түсті. Журналистика факультетінің оқытушы-профессорлары тұңғыш рет шетелге барып, нақтырақ айтсақ, АҚШ-тың Оклахома мемлекеттік университетіне ғылыми тәжірибеден өтуге мүмкіншілік алды. Олардың бірнеше профессоры ҚазҰУ-ге келіп, дәріс оқыды. Төртіншіден, халықаралық жобаларға қатысып қаржы тауып, факультеттен заманауи телерадиостудия, фотостудия, компьютерлік класс ашты. Енді ғана Тәуелсіздігімізді алып, экономикамыз құлдырап, бір қойымыз бес сабынға бағаланып жатқан қиын кезеңде мұндай қадамдарға батыл адам ғана, іскер адам ғана бара алатын… Бесіншіден, Н.Омашұлы ашқан телерадиостудияда дайындалған «Сана» радиохабарлары, «Сана» телехабарлары студенттердің нағыз шыңдалу мектебіне айналды. Алтыншыдан, «ҚазМУ Хабар­шысы» журналының журналистика сериясын үзбей шығару жолға қойыл­ды. Жетіншіден, ескірген бі­лім беру бағдарламалары тү­бе­гейлі жаңартылып, заманауи жур­на­лист мамандарын даярлаудың жаңа тұжырымдамасы жасалды. Сегізіншіден, тәжірибелі журналистер мен беделді ғалымдар дәріс оқуға шақырылып, оқытушылар қатары білікті мамандармен толықтырылды. Тоғызыншыдан, оқытушы-профессорларға тегін ағылшын курстары ұйымдастырылды. Оныншыдан, ұйғыр, түрік бөлімдері ашылды. Осының бәрін ҚазҰУ-дің журналистика факультетіне алты жыл декан болғанда жүзеге асырды. Алты жылда алты күнде қарап отырмағанын көзіміз көрді. Намазалы Омашұлының іскерлігіне бір мен емес, бүкіл әріптесі сүйсінді, құрметтеді, риза болысты. Н.Омашұлының арқасында журналистика факультетінің абыройы асқақтады.

Намазалы Омашұлының тағы бір қыры – журналистік қабілеті. Еңбек жолын Қазақ радиосында журналистік қызметтен бастаған ол кейіннен оқытушылыққа түбегейлі бет бұрса да, осы уақытқа дейін қолынан қаламы түспеген журналист. Журналистиканың өзекті проблемалары туралы баспасөз беттерінде ой қозғап, талқыға салып отырады. «Журналистикасы жалтақ ел тоқырайды», «Проблема түйінін БАҚ таратады», «Қоғам қандай болса, журналистика да сондай» және т.б. проблемалық мақалаларының көтерген жүгі қомақты, айтары салмақты.

Н.Омашұлының қаламынан туған жол­сапар очерктерінің танымдық мәні зор, тағылымы мол. «Америка сапарынан» жаз­­баларында тамсану, таңданудан гөрі, са­ралау, салыстыру арқылы қандастарына ой тастау басым. Америкалықтардың жұмысты ұйым­дастыру шеберліктерін, жұмыс істеуге құлықтылығын, яғни, жауапкершілігін, де­мала білу дәстүрлерін, журналистерінің батылдығын, телебағдарламалар жүр­гізудегі ілкімділігін үлгі ете жазады. Ал, біздегі кейбір адамдардың жұмысқа ынтасыздығын, бөлмелерді аралап әңгіме айтып, бос жүріспен уақытын өткізетінін тілге тиек ете отырып, масылдықтан арылуға шақырады. «Жұмыс істеп жүрген болып көрінбейді. Біздегідей басшының күш-қайраты жұмысты ұйымдастыруға, қол астындағыларды қадағалауға кет­пейді», – дейді Н.Омашұлы. Көреген, аңғарымпаз журналист америкалықтардың артықшылықтарын дөп басып көрсетеді. Ащы да болса шыңдық. Талап ете бастасаң, айлықтың аздығын бетіңе басатын, ілініп-салынып жүретіндер әлі де жетерлік… Ал, салпылдап, кіріп-шығып жүру, бір өзіне емес, бүкіл ұжымды кері тартатынын түсінетін уақыт болды-ау…

Н.Омашұлының ескермеуге бол­майтын тағы бір қыры – ұстаздығы. Жарты ғасырға жуық ұстаздық қызметінде бірнеше мыңдаған шәкірттің томағасын сыпырып, қанат қақтырды. Намазалы Омашұлы алдындағы студенттерді қуырып, бүріп ұстайтын немесе ауа жайылып, қырық жылғы өлеңін оқып, «қуып» отыратын оқытушылардың қатарынан емес. Алғырларды аңдай білетін, таланттыларды таңдай алатын, асауларды ауыздықтай білетін ұстаз.

Намазалы Омашұлы ұстаздық жолда мақсаты орындалған, журналистика ғы­лымында өзіндік мектебін қалып­­тас­тырған – ұлағатты ұстаз! Н.Омашұлының мектебінен түлеп ұшқан ғалымдардың алды академик, соңы доцент.