Сейсенбі күні аудандық Мәдениет үйінде аудан ұстаздарының «Білім келешегі: адал азамат – кәсіби маман» тақырыбында Тамыз педагогикалық кеңесі болып өтті.
Аталған кеңеске аудан әкімінің уақытша міндетін атқарушы Әбілдаев Ернар Ғалиұлы, аудан әкімінің орынбасары Мейірхан Өмірбек Азатұлы, аудандық мәслихаттың төрағасы Көкірекбаев Мұратбек Болысбекұлы, аудандық білім бөлімінің басшысы Алтынбаева Айгерім Аханқызы, «AMANAT» партиясы Меркі аудандық филиалының басшысы Шағатаева Күлайым Жексенбіқызы, аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Тұрсыналы Тоғжан Тұрсыналықызы, сондай-ақ, аудан ұстаздары мен білім саласының ардагерлері және бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты.
Алдымен, аудан әкімінің уақытша міндетін атқарушы Ернар Әбілдаев бастаған көпшілік ауданымыздың білім мен тәрбие беру мекемелері дайындаған, аталған салалар бойынша жетістіктер көрмесімен танысып, жоғары бағаларын берді.
Мемлекеттік Әнұран орындалған соң, аудан өнерпаздары дайындаған концерттік бағдарламаға кезек беріліп, биыл 180 жылдығы кең көлемде аталып жатқан ұлы һакім Абай өмірінен сыр шертетін сахналық қойылым көпшіліктің назарына ұсынылды.
Келесі кезекте, ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың республикалық Тамыз конференциясында педагогтарға арналған зерделі ой мен кең тұжырымдамаларымен үлкен экран арқылы тағы бір мәрте таныстық.
Алдымен, сөз алған аудандық білім бөлімінің басшысы Айгерім Аханқызы өңірдегі білім мен тәрбие беру саласындағы маңызды бағыттарды талдай келе:
– Қазақстан жаңа технологиялық дәуірге қадам басты. Бәсекеге қабілеттілік жолында білім саласында да тың серпіліс болуда. Келер ұрпақтың сұранысын қанағаттандыру, жағдай жасау, бағыт беруде мемлекет тарапынан айрықша қолдау көрсетілуде. Өздеріңізге мәлім, Мемлекет басшысы биылғы жылғы республика педагогтерінің дәстүрлі тамыз саммитінде «Білім мен ғылым Қазақстан дамуының қозғаушы күші болуы тиіс», осы жолда «ұстаздық – жай мамандық емес, бұл – ұлы миссия» екендігін атап өтті. Ауданның ұстаздар қауымы осы миссияны жүзеге асыруда өткен оқу жылында бірқатар оң нәтижелерге қол жеткізді. Президент тапсырмасын орындау мақсатында ауданда білім сапасын арттыруға, оқушылар мен педагогтар үшін жағдайды жақсартуға, сондай-ақ, балалар қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған орта білім беру жүйесін дамыту бойынша ауқымды қадамдар жасалды. Осы бағыттағы міндеттерді сапалы іске асыру мақсатында 2025 жылы білім беру жүйесін қаржыландыруға 23, 622 млрд. теңге қаржы бөлініп игерілді. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 1 млрд. 221 мың теңгеге артық. Бүгінгі Тамыз педагогикалық конференциясы – жаңа оқу жылының басталуын айқындайтын және бүкіл білім беру жүйесінің даму бағытын белгілейтін дәстүрлі іс-шара. Білім қызметкерлерінің аудандық тамыз кеңесіне аудан әкімінің орынбасары, ардагер ұстаздар қатысуда. 22-тамыз күні өткен конференцияның пәндік секция алаңында педагогикалық қауымдастықпен ашық диалог жүргізіліп, білім беру саласындағы өзекті мәселелер мен білім сапасын арттыру жолдары талқыланды. Конференция қорытындысы бойынша алдағы оқу жылына арналған басымдықтар мен негізгі міндеттер белгіленді. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес мектепке дейінгі білім беру саласын реформалау бойынша қолжетімділікті, сапаны және ашықтықты арттыруға бағытталған жүйелі жұмыс жүргізілуде. Басым міндеттердің бірі әрбір баланың сапалы мектепке дейінгі тәрбие мен білім алуға құқығын қамтамасыз ету болып табылады. Бұл міндет жеке меншік білім беру ұйымдарын ашу арқылы шешілуде. Үстіміздегі жылы 175 жаңа орын ашылып, 2 ұйым пайдалануға берілді. Соңғы 3 жылда ауданның балабақшаларына кезектілік мәселесі толық шешілді. Халық тығыз қоныстанған елді мекендердегі балалар үшін мектепке дейінгі ұйымдардың жоғары қолжетімділігі толық қамтамасыз етілді. Бұл жағдай ауданның қамту үлесін жоғарылатып, балалардың ерте даму мүмкіндіктерін жақсартуда, аналардың еңбек қызметіне тартылуына жағдай жасауда. Мектепке дейінгі саланы қаржыландырудың тиімділігін арттырудағы негізгі қадам – ваучерлік жүйені енгізу. Бұл жүйе ата-аналарға ваучер – барлық талаптарға сәйкес келетін кез келген балабақшада пайдалануға болатын жеке «сертификат» беруді көздейді. Жүйе ата-аналардың таңдауын кеңейтеді, ұйымдар арасындағы бәсекелестікке ықпал етеді және қызмет сапасын жақсартады. Сонымен қатар, жүйе қайталануды және жалған тізімдерді болдырмайды. Бүгінгі таңда балабақшаға жазылу рәсімі цифрлық сервистердің, балаларды есепке алуды автоматтандырудың және мемлекеттік қызметтер көрсетудің ашық рәсімдерін енгізудің арқасында еңсерілді, бұл жоба ауданда 1-қыркүйектен бастап толық қолданысқа енгізілетін болады. Қазіргі таңда балабақшада 4005 бала тәрбиеленуде. 2 жастан 6 жасқа дейінгі балалардың 95,4%-ы, 3-6 жастағы балалардың 100%-ы мектепке дейінгі тәрбиемен және оқытумен қамтылды. Бұл тапсырма Президенттің «Әділетті Қазақстан: бәріміз және әрқайсымыз үшін. Қазір және әрдайым» сайлауалды бағдарламасын іске асыру шеңберінде жүзеге асырылуда. Осылайша, аудан көрсеткіші мектепке дейінгі білім беру саласында тұрақты ілгерілеуді көрсетіп отыр. Дәйекті шаралар, цифрландыруға сүйену, ваучерлік қаржыландыруды енгізу және қол жеткізуге басымдықтың берілуі жүйені тиімдірек әрі отбасылардың қажеттіліктеріне бағдарлануын қамтамасыз етуде. Білім – дамудың қозғаушы күші. Ауданның білім беру жүйесінде 20855 бала білім алып, тәрбиеленуде. Оның ішінде, 1350 бала мектеп табалдырығын алғаш рет аттайды, олардың ішінде, 1072 бала мемлекеттік тілде оқуды таңдаған. Үстіміздегі жылы білім сапасын арттыруға бағытталған бірқатар бастамалар іске асырылды, соның нәтижесінде, білім сапасы 71,0 пайызды, үлгерім 100 пайызды құрады. 11-сыныпты 994 түлек аяқтаса, оның ішінде, «Алтын белгіге» үміткерлер саны – 58, былтырғы жылы 37, яғни, 21 балаға артып отыр. «Үздік» аттестатқа үміткерлер саны – 92 болса, былтырғы жылы 71 болып, 21 балаға артып отыр. ҰБТ-ға қатысқан мектеп бітірушілердің аудан бойынша орташа балы 80,1 құраса, 2024 жылы 78,3 болған, яғни, 1,8 балға өсіп отыр. Оқу жылының нәтижесінде 450 түлек, яғни, 60%-ы мемлекеттік грант иеленсе, былтырғы жылы 354 грант, 59,2 пайыз болған. Биыл 4,2 пайызға артып отыр. Биылғы оқу жылының ҰБТ қорытындысы бойынша жоғары нәтижені Тұрлыбай батыр ауылындағы №34, Аманжол Тұрғынбаев атындағы №7, Тұрар Рысқұлов ауылындағы №28, Иван Трубицын атындағы №17 мектеп-гимназиясы, Ақермен ауылындағы №11 мектептер көрсетсе, төмен көрсеткішті №35, №15, №23, №33, №48 мектептер және жаңа құрылған жекеменшік мектеп көрсетті. Елімізде жүргізіліп жатқан реформалар аясындағы негізгі басым міндеттердің бірі – балаларды оқыту үшін қолайлы орта құру. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, мектеп инфрақұрылымының бірыңғай заманауи форматына көшудің келесі кезеңі – мектептерді жаңарту жұмыстары болмақ. Бұл жұмыстарға ғимарат қасбеттерін жаңарту, шатырлар мен терезелерді ауыстыру, су және электр жүйелерін жаңғырту, сондай-ақ, мектеп аумағын абаттандыру және көгалдандыру кіреді. Сонымен қатар, кітапханалар мен асханаларды жаңарту, спорт залдарын қайта құру, заманауи қоғамдық кеңістіктер жасау және қауіпсіздік жүйелерімен жабдықтауды жалғастыратын боламыз. Тұлға дамуының бастауында әркез ұстаз тұрады. Ауданда 2151 педагог жұмыс істейді. Бүгінде педагогтердің 76%-ы біліктілік санатына ие – бұл кәсібилік пен білім сапасының маңызды көрсеткіші. Білім беру ұйымдары басшыларының кәсіби әлеуеті де жоғары, 58 мекеме басшысының «бірінші, екінші, үшінші санатты басшылар» көрсеткіші 71,1 пайызды құрап тұр. Жалпы педагогтардың 75 пайызы білімдерін жетілдірді. Былтырғы жылдан бастап педагогтерді жұмысқа қабылдау Ұлттық білім беру деректер қорында (НОБД) іске асырылуда. Барлық білім беру ұйымдарының бос лауазымдары «Enbek.kz.» сайтында және әлеуметтік желілерде жарияланады. Жаңа оқу жылына бос лауазымдарға педагогтарды жасақтау жұмыстары заң талаптарына сай жүргізілуде. 18-тамыз күні «Білім келешегі: Адал азамат – кәсіби маман» тақырыбында бос лауазымдардың ашық есік күні өткізілді. Бүгінгі таңда ауданда 116 бос лауазымның тізімі жинақталып, конкурстық рәсімдер жүргізілуде. Бұл шара «Адалдық! Ашықтық! Әділдік!» тақырыбында білім беру саласында сыбайлас жемқорлықты болдырмау және конкурстық рәсімді ашық түрде өткізуге бағытталған. Білім беру жүйесінің табысты жұмыс істеуі үшін педагогтарды даярлауға ерекше көңіл бөлінуде, мамандықтың беделі артуда. Мемлекет білім беру саласына үздік мамандарды тарту үшін күш салып жатыр. Реформалар шеңберінде мұғалімдердің жалақысы көбейді, біліктілікті арттыру және педагогикалық шеберлікті дамыту бағдарламалары енгізілді. Жүргізіліп жатқан жұмыс қазірдің өзінде нәтиже беруде, Президенттің педагог қауымына көрсеткен қолдауының арқасында мұғалім болуға ниеттілердің саны артып келеді. Биылғы жылы 175 түлек, яғни, 27 пайызы педагог мамандығын таңдады. Мұғалімдердің көбеюі орта білім беру жүйесіндегі кадр тапшылығын жоюға мүмкіндік берді. Жұмысқа қабылдау бойынша биылғы жылдың ерекше жаңалығы «Үздік түлек» жобасы аясында ЖОО бітірген түлектердің GPА 3,33 балдан жоғары болған оқу нәтижесін көрсеткен 4 түлек жұмысқа конкурссыз қабылданды. Жас түлектерге педагогикалық қызметтеріне сәттілік тілейміз!
2025 жылғы 1-қаңтардан бастап аттестаттау процесінің ашықтығын қамтамасыз ететін педагогтердің үздіксіз кәсіби дамуының жаңа платформасы жұмысын бастады. Бұл платформа аттестаттау үдерісін анағұрлым ашық етуде. 2025 жылы платформа арқылы 406 педагог аттестаттаудан өтуде. «Білім сапасын қамтамасыз етудегі білім бөлімінің тиімді тәжірибесі» тақырыбында ауданның жетістіктері мен озық тәжірибесі облыстық білім басқармасының алқа мәжілісінде таратылды. Бұл тәжірибе алмасу мемлекет тарапынан қабылданып жатқан шаралардың аудандық деңгейде, ауыл мектептерінде білім сапасын жақсартуға үлкен мүмкіндіктер бергенінің дәлелі болды. Белгіленген нақты қадамдар арқылы, мақсатқа жету жолында атқарылған нәтижелі жұмысымен ауданның 3 білім беру ұйымы тәжірибе бөлісті. Атап айтсақ, Иван Трубицын атындағы №17 және Темірбек Қожакеев атындағы №39 мектеп-гимназиялары мен Оқушылар «Үміт» сарайы республикалық семинарлар ұйымдастырып, тәжірибесі республика көлемінде таратылды. Республикалық «Ауыл мектебі – сапа алаңы» жобасының қорытындысымен үздік нәтиже көрсеткен М.Әуезов атындағы мектеп-лицейі «Тиімді ауыл мектебі» атанып, директоры Оқу-ағарту министрлігінің «Іскер менеджер» дипломымен марапатталды. Әр жұмыстың нәтижелілігін сараптау арқылы алдағы уақытқа нақты қадам мен мақсаттар белгіленеді десек, білім беру ұйымдарының атқарған қызметтерінің тиімділігін бағалау, білім сапасын арттыруға ынталандыру, білім беру жүйесінің дамуы бойынша білім беру ұйымдарының жеткен жетістіктерін бағалау мақсатында аудандық білім бөлімі жыл сайын рейтинг жүргізіп отырады. Биылғы оқу жылының қорытындысы бойынша Мұхтар Әуезов атындағы мектеп-лицейі, Т.Қожакеев атындағы №39, Асанбай Асқаров атындағы мектеп-гимназиясы, №44 мектеп-гимназиясы, И.Трубицын атындағы №17 мектеп-гимназиясы, №14 мектеп аудандағы білім саласы бойынша көш бастап тұр, төмен көрсеткішті №6, №12, №8, №35, №33 мектептер көрсетті. Жүйелі жұмыстар нәтижесінде ауданымыздың мектептері 3 жыл қатарынан Үздік білім беру грантын жеңіп алса, биылғы жылы А.Асқаров атындағы мектеп-гимназиясы облыстық «Орта білім беретін үздік ұйымы» байқауының нәтижесінде «Үздік тірек мектебі» номинациясының иегері атанып, 1 млн. теңгеге ие болды. Сонымен қатар, аудан педагогтары да мәртебелі марапаттарға ие болды. Халықаралық деңгейде өткізілген байқауларда 37 педагог, республикалық байқауларда 132 педагог, облыстық деңгейде 171 педагог жеңімпаз атанып, алдыңғы қатардан көрінді. Жуырда еліміздің тарихында алғаш рет Мемлекет басшысы Ақордада әлемнің ең беделді пәндік олимпиадаларының жеңімпаздары мен жүлдегерлерін қабылдады. Мемлекет жас ұрпақтың, ең алдымен, білім мен ғылым саласында толыққанды өзін-өзі іске асыруы үшін барлық жағдайды жасауда. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен 2022 жылдан бері осы халықаралық жарыстарда медаль алған оқушылар мен олардың ұстаздарына қаржылай сыйақы беріледі. Қазақстан — олимпиада жеңімпаздарын ынталандырудың мұндай жүйесін енгізген санаулы елдердің бірі. Бұл деректер — біздің оқушыларымыздың зияткерлік сайыстардағы жетістіктерінің сенімді өсімін, олардың таланты мен еңбексүйгіштігін, ұстаздардың кәсіби шеберлігін және мемлекет тарапынан көрсетілетін жоғары сенім мен қолдаудың айқын дәлелі.
Оқушылардың халықаралық, республикалық олимпиадалардағы жетістіктері – Мемлекет басшысы қалыптастырған мемлекеттік саясаттың нәтижелері, адами капиталды дамытуға бағытталған стратегиялық бағытының заңды нәтижесі. Елде дарынды балаларды ерте анықтаудан бастап, жеңімпаздарды ынталандыруға дейінгі тұтас қолдау жүйесі қалыптасты. Президент атап өткендей: «Мұғалімдердің тынымсыз еңбегі, оқушылардың таланты мен мақсаткерлігі нақты нәтижесін беруде»
Елдің зияткерлік әлеуетін одан әрі арттыру мақсатында Мемлекет басшысының бастамасымен дарынды оқушыларға арнайы дайындықтан бастап, мемлекеттік деңгейде моральдық және материалдық тұрғыдан мойындауға дейін жан-жақты қолдау көрсетілуде. Мұндай кешенді тәсіл жоғары академиялық нәтижелерге қол жеткізумен қатар, Қазақстанның өңірдегі зияткерлік көшбасшы ретіндегі мәртебесін нығайта түседі. Президенттің бастамасымен барлық білім беру ұйымдарында «Адал азамат» біртұтас тәрбие бағдарламасы енгізілді. Бағдарлама бұған дейін іске асырылған бастаманың толыққанды жалғасы, әрі Мемлекет басшысы ұсынған «Адал азамат – Адал еңбек – Адал табыс» идеологиялық тұжырымдамасын бейнелейді. Бағдарламаның түпкі мақсаты «Адал азамат» тұжырымдамасының идеалдарына сай, патриоттық рухта тәрбиеленген, білімді әрі жасампаз ұрпақты қалыптастыру. Жаңа оқу жылынан бастап еліміздегі барлық білім беру ұйымдарында, оның ішінде, жекеменшік мектептерде де, тәрбие жұмысы бірыңғай «Адал азамат» бағдарламасы бойынша жүргізіледі. Бағдарлама барлық оқушыларға тең жағдай жасайды және еліміздің барлық өңірінде құндылықтар мен жастар тәрбиесіне бірыңғай көзқарасты қамтамасыз етеді. Оқушыларды қосымша біліммен қамту мәселесі толық шешілген. Мектеп қабырғасында 347 үйірмеде 14396 білім алушы, яғни, 88 пайыз оқушы қамтылған. Қосымша білім беру ұйымдарында 3934 оқушы қызығушылығына қарай әртүрлі үйірмелерге қамтылған, бұл мектеп оқушыларының жалпы санынан 23%-ын құрайды. Әрбір тілек білдірген балаға спорт секцияларына немесе шығармашылық үйірмелерге, сондай-ақ, IT бағыттағы үйірмелерге тегін баруға мүмкіндік берілген. Сонымен қатар, «асық ату», «тоғызқұмалақ» сияқты ұлттық спорт түрлерін дамыту нәтижесінде, жеңімпаз оқушылар саны артуда.
Мемлекет басшысының тапсырмасы және «Жұмысшы мамандықтары» жылы аясындағы бастамалар шеңберінде орта білім беру ұйымдарында алғаш рет кәсіби бағдар беру педагогы лауазымы ресми түрде енгізілді. Бұл оқушылардың ерте кәсіби бағдарын жүйелі түрде қалыптастырып, болашақ мамандықты таңдауға көмектеседі. Бұл бағытта 358-ден астам іс-шара өткізілді, ынтымақтастық туралы 30 меморандумға қол қойылды, 4000-нан астам оқушыға кәсіби диагностика жүргізілді. 2024 жыл Қазақстанда балалардың құқықтарын қорғау саласында маңызды кезең болды. Алғаш рет үш негізгі заң қабылданып, құқықтық база күшейтілді және балаларды қорғаудың тиімді тетіктері енгізілді. Олардың ішінде, буллингпен күрес шаралары, қауіпсіздікті нығайту және кәсіби патронаттық отбасылар құру қарастырылған. Буллингпен күрес жұмыстары жүргізілуде. Әкімшілік жауапкершілік енгізілді. Финляндияның KiVa және отандық ДОСБОЛLiKe бағдарламалары секілді антибуллингтік жобалар іске асуда, «Кибер Тұмар» және «Ата-ана бақылауы» акциялары, сондай-ақ, «Менің бауырым» жобасы жүзеге асырылуда. Психологиялық қолдау орталықтары маңызды рөл атқарады. 2024 жылы бұл орталықтардан оқушы мен олардың отбасылары көмек алды. Медиаторлық қызметтер, балалар омбудсмендері жұмыс істейді, ал, тәлімгерлер психологиялық дайындықтан өтеді. Білім беру жүйесіндегі кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылықтың алдын алу, құқық бұзушылыққа алып келетін себептер мен жағдайларды анықтау және жою мәселесі үнемі бақылауда. 2025 жылы аудан оқушылары арасында қылмыс пен суицид тіркелмеді. Жасөспірімдер арасында өршіп тұрған буллинг пен зорлық-зомбылықтың проблемасына ерекше назар аудара отырып, аталған проблеманы еңсеру жөнінде тиімді шаралар қабылдануда. Осындай келеңсіз оқиғаларды болдырмау мақсатында білім беру ұйымдарын басқару мәселесіне ата-аналардың тиімді қатысуы үшін, отбасының мектеп пен бала өміріндегі рөлін арттыру, сондай-ақ, мектептерде қолайлы орта қалыптастыру мақсатында барлық білім беру ұйымдарында тың жобалар жүзеге асырылуда. Озық ойлы ұрпақ өсіру үшін білім мен тәрбие әрдайым қатар жүруі керек. Аудандық деңгейде жыл бойы аудан әкімі, аудан прокуроры, аудандық полиция бөлімінің басшысының қатысуымен ата-аналар форумы өтті. Осы форумның жалғасы ретінде барлық мектепте қоғамдық кеңес мүшелері, ардагер ұстаздар, құқық қорғау органының қызметкерлері, ауылдық округ әкімдерінің қатысуымен ата-аналар форумдары ұйымдастырылды. Ұрпақты тәрбиелеу отбасынан басталады, отбасы жалпыадамзаттық құндылықтарды қалыптастырады, сондықтан, отбасы мен мектептің өзара ынтымақтастығын арттыру үшін ата-аналар білім беру ұйымының әлеуметтік әріптесіне айналуда. Бала қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін шұғыл шешімдерді қажет ететін бірқатар күрделі міндеттер тұр. Қоғамда белең алып жатқан жасөспірімдердің өрескел қателіктері мен балалар арасындағы қылмыс әлі де алаңдатады. Бұл біздің ұлттық болмысымыз бен дәстүрімізге, бабаларымыздан дарыған адамгершілігімізге үлкен сын. Мұндай келеңсіздік балалар арасында әлеуметтік желілерде ашықтық болғаннан бастап пайда болды деп ойлаймын. Себебі, қазіргі кезде балалардың ортасы – адамдар емес, әлеуметтік желі. Өйткені, ұялы телефонға телмірген оқушылар жас ерекшеліктеріне сай емес ақпараттармен танысуда. Бұл сабақ үстінде телефонды мақсатсыз қолдану сабақтың мазмұнды берілуіне кедергі келтіру, жасөспірімдер арасында қылмыстың болуы, бопсалау, әлімжеттік секілді әрекеттерге итермелеуде. Бұл қоғам үшін дабыл қағуды қажет етеді. Өткен жылы мектептерде оқу үрдісі уақытында ұялы телефондарды қолдану ережелері бекітілген болатын. Ережелерді ұстану білім беру қызметтерінің сапасы мен тиімділігін арттыруға, білім беру үрдісінің ыңғайлы психологиялық жағдайына кепіл бола алды. Жаңа ережеге көшкен мектепте оқушылардың бір-бірімен қарым-қатынасы мен әлеуметтену деңгейі жақсарғаны анықталды, емтихан нәтижелері айтарлықтай жақсарды. Ұрпақтың рухани тәрбиесін күшейтіп, денсаулығын жақсарту үшін барлық мектептерде оқушылар мен ұстаздарға сабақ үстінде телефон ұстауға тыйым салу бастамасы биыл да жалғасатын болады. Біздер дәл қазіргі уақытта ұялы телефонға тәуелді болып бара жатқан балаларымызды тек ұлттық тәрбиемізбен ғана бетін қайыра аламыз. Дос пен бауырға, үлкен мен кішіге ізет пен қамқорлық жасау қасиетін бала бойына дарытуымыз қажет. Өскелең ұрпақты тәрбиелеу – педагогтер мен қоғамдық қауымдастықтың басты міндеті. Тәрбие мәселесінде ауданның педагогикалық еңбек ардагерлері, аға буын өкілдері де айрықша рөл атқаруда. Келеңсіз оқиғаларды болдырмау, білім беру ортасында туындайтын келіспеушіліктер мен жанжалдарды тиімді шешу, ахуалды тұрақтандыру мәселесі бойынша іс-шаралар ұйымдастыруда. Балаларға қауіп төндіретін істермен күресуге зиялы қауым, ақпарат құралдары, үкіметтік емес ұйымдар, барлығы бір кісідей жұмылуда. Осындай бірлескен жұмысты әрбір азаматтың және бүкіл қоғамның міндеті деп түсініп, жүйелі түрде жалғастыратын боламыз. Себебі, бұл – ұлттың болашағы. Жаңа оқу жылына білім саласының басты міндеттері айқындалды. Білім беру сапасын арттыру, тәрбие жұмысын жетілдіру, білім алушыларды психологиялық-педагогикалық сүйемелдеу, педагогтердің кәсіби дамуын қамтамасыз ету секілді маңызды міндеттермен қатар, «Адал азамат», «Адал адам – Адал еңбек – Адал табыс», «Заң және тәртіп» ұғымдарына айрықша көңіл бөлу біздің басты мақсатымыз болмақ. Осы міндеттерді жүзеге асыру үшін тәрбие жұмысын жандандыру, білім сапасын қамтамасыз ету, ұйымдардың бәсекеге қабілеттілігін арттыруға бағытталған жоспар бекітіліп жүйенің басым бағыттары айқындалды. Биылғы жылы жасанды интеллектіні қолдану аясы кеңейтілетін болады – деп атап өтті.
Одан кейін сөз алған аудан әкімінің уақытша міндетін атқарушы Ернар Әбілдаев өзінің ой-пікірлерімен бөлісіп, жүрекжарды құттықтауын жеткізген соң, ерен еңбегі бар аудан ұстаздарын марапаттау рәсімін өткізді.
Аудандық білім бөлімінің басшысы Айгерім Алтынбаева да ауданымыздың мерейін асырып жүрген мұғалімдер мен мектептердің кіші қызметкерлеріне түрлі сома көлеміндегі сертификаттары мен гүл шоқтарын тапсырып, қошемет көрсетті.
Сөз соңында айта кетерлік жайт – ұйымдастырушылық шеберліктері мен іскерлік қабілеттерін жоғары дәрежеде көрсеткен ауданымыздың білім бөлімі және оған тиісті мекемелер аталған конференцияны жаңаша форматта өткізіп, біліктілік биігінен көрінді. Сонымен қатар, мектептердегі қарапайым еңбеккерлер – кіші қызметкерлердің де орынды ұлықталуы еңбек адамының қоғамдағы орны жоғары екенінің дәлелі болды десек орынды болар.