Жастарды уланудан сақтайық: нашақорлықпен күрес – ортақ міндет

0 18

Меркі ауданында жастардың болашағына қауіп төндіретін өзекті мәселе – нашақорлықпен күреске бағытталған нақты шаралар жүргізілуде. Осы орайда, аудан әкімінің орынбасары Ернар Әбілдаевтың төрағалығымен осы бағыттағы маңызды жиын өтті.

Кеңейтілген отырыс барысында «Нашақорлықтың алдын алу және есірткінің заңсыз айналымына қарсы іс-қимыл жөніндегі» іс-шаралар жоспарының орындалуы жан-жақты қаралды.

Жиынға құқық қорғау органдарының өкілдері, білім беру ұйымдарының басшылары, денсаулық сақтау саласының мамандары мен жастар ісі жөніндегі уәкілетті құрылымдар қатысты. Қатысу­шылар есірткі қылмысының алдын алудағы өзара әрекеттестікті күшейту, ақпараттық түсіндіру жұмыстарын жан­дандыру және тәуекел тобына жататын жасөспірімдермен мақсатты түрде жұмыс жүргізу қажеттігін атап өтті.

Сонымен қатар, есірткінің заңсыз айналымына тосқауыл қою, оны насихаттайтын интернет-ресурстарға тосқауыл қою және ата-аналармен, қоғам белсенділерімен бірлескен шаралар жүргізу – ортақ жауапкершілік екені айтылды.

Отырыс қорытындысында аудан әкімінің орынбасары Е.Әбілдаев тиісті мекемелерге нақты тапсырмалар жүктеп, күрделі әлеуметтік проблемаға қарсы іс-қимылды жүйелі түрде жалғастыру керектігін баса айтты.

Бұл – бір күндік жұмыс емес. Есірткімен күрес – ұлт болашағына жасалған қамқорлық. Сондықтан, барлық сала өкілдері мен тұрғындардың бұл іске бейжай қарамауы – қоғамның қауіпсіз болашағының кепілі.