Жастар мәселесі: бүгін және ертең

0 28

Өткен жұма күні аудан әкімдігінің мәжіліс залында Меркі ауданы әкімдігі жанындағы Жастар істері жөніндегі кеңестің отырысы болып өтті. Аталған кеңестің төрағасы, аудан әкімі Баубеков Жорабек Нұрмергенұлы төрағалық еткен жиынға кеңес мүшелері, аудан әкімдігінің тиісті бөлім басшылары, ауылдық округ әкімдері мен жастар ісі жөніндегі инспекторлар, сонымен қатар, бұқаралық ақпарат өкілдері қатысты.

Тәуелсіз еліміздегі жастар саясаты туралы кеңінен тоқталып, оның ауда­нымыздағы тыныс-тіршілігі мен негізгі ұстанымы болуы тиіс басты мәселелердің мәнісін түсіндірген кеңес төрағасы, аудан әкімі Жорабек Нұрмергенұлы бүгінгі жұмыс барысында бір баяндамашы мен үш хабарламашының есебі тыңдалатынын айтып, алдымен, марапаттау рәсіміне кезек берді.

Оған тоқталсақ, жуырда Жамбыл облысы әкімдігі ақпарат және қоғамдық даму басқармасының «Жастар ресурстық орталығы» КММ-нің ұйымдастыруымен Жастар ресурстық орталығының 20 жылдығына орай мерекелік жиын болып өткен-ді.

Осы аталған жиында мемлекеттік жастар саясатының дамуына қосқан қомақты үлесі үшін және 2024 жылдың қорытындысы бойынша «Үздік Жастар ресурстық орталығы» номинациясымен Меркі ауданы әкімдігі ішкі саясат бөлімінің «Жастар ресурстық орталығы» КММ-і 1-орын иеленген болатын.

Сонымен қатар, мемлекеттік жастар саясатының дамуына қосқан қомақты үлестері үшін ауданымыздағы «Жастар ресурстық орталығы» КММ-нің директоры Нұрбек Жұманазаров пен орталықтың жастар ісі жөніндегі инспекторы Мадияр Сәмбетов «Жамбыл облыстық Жастар ре­сурстық орталығына – 20 жыл» төсбелгісімен, Айтбек Күшікбай 2024 жылдың қоры­тындысы бойынша «Директордың үздік орынбасары» номинациясы бойынша ар­найы дипломмен, сондай-ақ, орталықтың ұйымдастыру және жастар бастамаларын қолдау бөлімінің басшысы Әділет Асланбек 2024 жылдың қорытындысы бойынша өңірдегі мемлекеттік жастар саясатының дамуына қосқан үлесі үшін Алғыс хатпен марапатталуға лайықты деп табылған еді.

Міне, осы марапаттарды тапсырған ау­дан әкімі Жорабек Баубеков көшбастаушы жастарға разылығын айтып, олардың алдағы кезеңде де жоғары нәтижелерді бағындыра беретіндіктеріне сенім артты.
Одан кейін кеңес төрағасы Жорабек Нұрмергенұлы ауданымызда мемлекеттік жастар саясатының іске асуы туралы «Жастар ресурстық орталығы» КММ-нің директоры Нұрбек Жұманазаровқа сөз кезегін ұсынды.

Ауданымыздағы мемлекеттік жастар саясатын жүзеге асыру бағыты 2015 жылғы 9-ақпандағы Қазақстан Республикасының «Мемлекеттік жастар саясаты туралы» Заңы және Қазақстан Республикасы мемлекеттік жастар саясатының 2023-2029 жылдарға арналған Тұжырымдамасын орындау жөніндегі кешенді жоспары ауданымызда өз деңгейінде жүргізіліп жатқанын ортаға салған Нұрбек Рысбекұлы:

– Меркі өңірінде жалпы халық саны 88627 болса, оның 30 пайызы, яғни, 26572-сі жастар. Біздің орталық 2024 жылдың 11 айында әртүрлі бағытта 1294 іс-шара ұйымдастырып, оған 44958 жас қамтылды. Аудандық ресурстық орталықтың жанынан құрылған «MERKI ERIKTILERI» волонтерлік қозғалысының 10 бағыты бойынша ағымдағы жылдың 11 айының қорытындысымен 551 іс-шара ұйымдастырылып, оған 5228 ерікті жас қамтылды. «Отбасының цифрлық кар­та­сының» орындалуы барысы бойынша тоқ­талсам, аудан аумағында уақытша бос жүрген (NEET) жұмыссыз жастарды өзектендіру бойынша аудандық «Жастар ресурстық орталығы» қызметкерлері тарапынан 2271 жасқа мекен-жай жұмыстары жүргізілді. Нәтижесінде, 867 жасқа өзектендіру жұмыстары жүргізіліп, ол 38,18 пайызға орындалса, қазіргі таңда 1358 жасқа өзектендіру жұмыстары одан әрі жүргізілу үстінде. Жастар орталығына қатысты 2 нысаналы индикатор белгіленген. Оның біріншісі – 2024 жылға арналған «Жасыл ел» жобасы аясында маусымдық жұмыспен қамтудың индикаторлық көрсеткіші бойынша 105 жасты маусымдық жұмыстарға тарту жоспарланған еді. Осы ретте, сәуір мен қазан айларында «Жасыл ел» еңбек жасақтарының құрамына барлығы 105 жас қоғамдық жұмысқа тартылды. Нәтижесінде, аудан аумағындағы жалпы көлемі 38650 шаршы метр аумақ тазаланып, 29,1 тоннаға жуық күл-қоқыс шығарылды. Екінші – түйінді нысаналы іс-шаралар бойынша 15 индикаторлық көрсеткіштер белгіленіп, жылдың қорытындысы бойынша барлық индикаторлық көрсеткіштер өз деңгейінде жүргізілді. Бүгінгі таңда 2 жоба іске асырылу үстінде, – дей келе, басқа да өз тараптары бойынша атқарылған және атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталып, кеңес төрағасы Жорабек Баубековтың бірқатар сұрақ-сауалдарына жауап берді.

Келесі кезекте, аудандық «Мансап» орталығының басшысы Ербол Дүйсебаевтың жастарды жұмыспен қамту бойынша атқарылған жұмыстары туралы «Еңбек нарығын дамытудың 2024-2029 жылдарға арналған Тұжырымдамасының Меркі ауданы бойынша орындалу барысы» атты хабар­ламасы тыңдалды.

Онда Ербол Кәрібайұлы еліміздегі «Жастар практикасы», «Алғашқы жұмыс орны», «Ұрпақтар келісім шарты», «Жасыл ел», «Дипломмен ауылға» және басқа да ірі жобалар турасында мағлұмат берді. Оған сүйенсек, «Жастар практикасына» 2024 жылы 220 адам жоспарланып, аудандағы 68 мекемелермен келісім-шарт жасалып, 210 адам жұмысқа жолданған. «Алғашқы жұмыс орны» бойынша 120 жас жоспарланса, аудандағы 40 мекемемен келісім-шарт жасалып, 120 жас жұмысқа орналасқан, «Ұрпақтар келісім шарты» жобасы бойынша 3 жас жоспарланған екен. Аудандағы «Шабыт» мектебімен болған келісім-шарттың нәтижесінде олар жұмысқа жолданып, жылдық жоспар толық орындалған. Қысқа мерзімді кәсіптік оқуға 98 адам жоспарланған. 35 жасқа дейінгі жастар саны 62-ні құрайды. Биылғы жылы жаңа бизнес-идеяларды іске асыруға арналған мемлекеттік гранттар 400 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде қайтарымсыз грант бойынша 95 адамға 140,3 млн. теңге бөлініп, 95 азамат 140,3 млн. теңге грант алып, өз кәсіптерін ашып, жұмыстар жүргізуде. Сонымен қатар, «Бастау Бизнес» жобасы бойынша 137 жас оқу курсын аяқтап, сертификаттарын алған. Жалпы, жұмыспен қамтудың белсенді шараларына берілген жоспар 3978 болса, жыл басынан қазіргі күнге дейін жұмыспен қамтуға 4080 адам қайырылып, 4079 адам жұмыспен қамтудың белсенді шараларына қатысып, жоспар 102,0 пайызға орындалған. Оның ішінде, 35 жасқа дейінгі жастар саны 1584-ті құрайды. Аудандық пробация бөлімінде есепте тұрған жалпы 105 адам болса, оның ішінде, 35 жасқа дейінгі жастар 34 адам, оның 29-ы тұрақты жұмысқа орналасты. 2024 жылы 12 бос жұмыс орындары жәрмеңкесі өтіп, оған барлығы 657 адам қатысты. Оның 257-сі жастар болса, 135-і тұрақты жұмысқа ие болды.

Кеңес отырысында «Жастардың мәде­ниет саласындағы рөлі мен маңызы» тақырыбындағы хабарламаны аудан әкімдігі «Орталықтандырылған мәдениет үйлер және клубтар жүйесі» МКҚК-ның директоры Нұржан Тулақбаев жасады.

Нұржан Бейсембайұлы аталған мекемеде 28 жас маман қызмет жасайтынын айтып, сала маманы ретінде дипломмен келген жастармен жұмыс жүргізіліп, тұрақты жұмысқа орналасуға ықпал жасалатынын жеткізді. Атап айтсақ, мәдениет саласында соңғы жылдары 3 маман «Дипломмен ауылға» бағдарламасы арқылы үстеме ақы алса, 2 маман тұрғын үймен қамтамасыз етілген. Биыл жастардың рухани дамуына ықпал ететін 21 іс-шара өткізілген екен. «Жаңа есім – 2024» облыстық жобасының кезеңдерінен өткен жас өнерпазымыз Төреқұл Жақсылықбай жеңімпаз атанса, талантты жастардың өнерін шыңдау мақсатында аудандық Мәдениет үйінің базасында құрылған «Мерей» вокалды-аспапты ансамблінің жастар тобы, «Ұлытау» мен «Ақсауыт» топтары бүгінгі таңда жастарға үлгі боларлықтай өнер көрсетуде. Келер жылы мәдениет саласында жастардың өнерін шыңдайтын, олардың интеллектуалды қабілетін арттырып, отансүйгіштік бағытта тәрбиелейтін атаулы іс-шаралардың санын арттыру мақсатында түрлі клубтар мен үйірмелер ашу жоспарда тұр екен.

Келесі кезекте, «Жамбыл ауылдық округінде 2024 жылы жастар саясатының жүзеге асуы туралы» хабарлама жасаған округ әкімі Ербол Байболсынов округ бойынша тіркелген халықтың саны 10468 болса, оның 14-35 жас аралығындағы жастар саны 3443 екенін ортаға салып, округтегі жастар ісі жөніндегі инспектордың ұйымдастыруымен әртүрлі бағытта 65 іс-шара өтіп, оған 2831 жас қамтылғанын тілге тиек етті. Ауыл әкімі Ербол Байболсынұлының айтуынша, кәмелетке толмағандар жөніндегі мәселе бойынша полиция қызметкерлерімен бірлесе 6 рет түнгі рейд жүргізген. Адрестік жұмыстың нәтижесінде 28 NEET санатындағы жастар анықталып, оларға мемлекеттік бағдарламалар мен бос жұмыс орындары насихатталған. Нәтижесінде, 4 жас үй шаруасында, 5 жастың ауданнан тыс жерде жүргені мәлім болды, 5 жас жастар практикасымен, 4 жас «Ауыл аманаты» жобасы бойынша 2,5 пайызбен несие алды, 3 жас кірпіш зауытына жұмысқа кірді, 7 жас қоғамдық жұмыспен қамтылған екен.

Кеңес жұмысы барысында кеңес төрағасы, аудан әкімі Жорабек Баубеков хабарламашыларға қосымша сұрақтар қойып, жастар саясатына байланысты үрдістер ілгерілей түсіп, алға басуына ұйытқы болатын ой-пікірлерін жеткізген соң, нақты тапсырмалар берді. Сонымен қатар, жиынға қатысушы көпшіліктің ортақ істің жылжуына әсері мол ұсыныстары да арнайы хаттамаға енгізілді.