Жасөспірімдерге заңға құрмет – басты міндет

0 30

Ауданымызда жасөспірімдер ара­сында құқықтық мәдениетті қалып­тастыруға бағытталған маңызды іс-ша­ралар тізбегі өтуде.

Ағымдағы жылдың 15-қаңтарында аудандық білім бөліміне қарасты М.Әуезов, А.Асқаров атындағы, №17 және №39 орта мектептерінде 9-11 сынып оқушыларына арналған тәрбиелік бағыттағы қысқаметражды көркем фильм көрсетіліп, мазмұнды пікір алмасу ұйымдастырылды.

Кинокөрсетілім барысында «Кітап бетбелгілері емес» («Не книжные закладки») фильмі ұсынылып, онда заңға қайшы әрекеттердің салдары мен жасөспірімдердің жауапкершілігі көркем түрде бейнеленді. Фильм оқушыларға ой салып, құқықтық тәртіптің маңызын түсінуге ықпал етті.

Іс-шараға Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігі Орта білім беру комитетінің төрағасы Қаныбек Жұмашев пен Жамбыл облысы әкімдігінің білім басқармасы басшысының орынбасары Жасұлан Атенов арнайы қатысып, жас ұрпаққа құқықтық білім берудің, заңға құрмет пен тәртіпке бағынудың маңыздылығын атап өтті.

Аталған шара «Адал азамат» біртұтас тәрбие бағдарламасы аясында өткізіліп жатқан «Заң және тәртіп» айлығының шеңберінде ұйымдастырылды. Оның негізгі мақсаты – оқушылар арасында құқықтық сауаттылықты арттыру, заң талаптарын сақтауға баулу және қоғамда жауапкершілігі жоғары азамат тәрбиелеу.

Фильм көрсетілімінен кейін оқу­шылармен интерактивті форматта тал­қылау жүргізілді. «Көремін – ойлаймын – қорытынды жасаймын» әдісі мен сын тұрғысынан ойлауды дамыту элементтері қолданылып, оқушылар көрген оқиғаға баға беріп, өз ойларын ашық жеткізді. Мұндай тәсіл жастардың мәселені терең түсінуіне және дұрыс қорытынды жасауына мүмкіндік берді.

Кездесу барысында құқықтық маз­мұндағы сұрақтар талқыланып, оқушылар өз пікірлерін ортаға салды. Нәтижесінде заң талаптарын сақтау – әр азаматтың міндеті екені жөнінде маңызды тұжы­рымдар жасалды.