Жас сарбаздардың ант қабылдау рәсімі өтті

0 22

Мерзімді әскери қызметін өткеру және Отан алдындағы азаматтық борышын атқару үшін шақырылған №11971 әскери бөлімінің жас сарбаздары ресми түрде ант қабылдады.

Бұл азаматтық іс-шара еліміздің жас ұландарының бойында патротизм сезімін арттырып, әскери бөлімнің қатарында қызмет атқаруды мақтан тұтуға тәрбиелейтін айрықша әскери рәсім болып табылады.

Ант қабылдау рәсімін №85395 Бауыржан Момышұлы атындағы әскери бөлімінің әскери оркестрі салтанатты түрде ашып, Мемлекеттік Ту көтерілу рәсімімен Әнұран айтылды.

Салтанатты жиынды №85395 әскери бөлімінің командирі Жәнібек Құранбеков құттықтау сөзбен бастаған соң, аудан әкімі Жорабек Нұрмергенұлы әскери сарбаздардың қатарға қосылуымен құттықтай отырып, ата-ана алдындағы үмітті ақтап, әскери тәртіпке үйреніп, антқа адал болуына тілек білдірді.

Сонымен қатар, «Оңтүстік» өңірлік колбасшының орынбасары Еркен Жанабергенов, «AMANAT» партиясы Меркі аудандық филиалының төрағасы Күлайым Жексембіқызы, ауған соғысы ардагерлері және сарбаздардың ата-аналары ақ тілектерін айтып, әскери борыштарына сәттілік тіледі.

Әскери Ант қабылдау рәсіміне дейін жас сарбаздар оқу-жаттығуда шынығып, саптық жүрістің қыр-сырын меңгерді. Бойларын тік ұстап, тиісті талаптарды қажетті деңгейде орындай отырып, 429 жас сарбаз Ант берді.

Салтанатты рәсімнен кейін жауынгерлер қоян-қолтық ұрыс әдістері және саптық қару-жарақпен түрлі жаттығулар көрсетті.