Тап осы теңеулерге тең келетін әз-Наурыз мерекесі жыл басы ретінде өзінің мыңдаған жылдық тұғырлы тарихын арқалай, Тәуелсіз еліміздің еңселі есігін қағып, жылы жүзбен келіп те қалды.Міне, осы ұрпақтар сабақтастығымен бізге жеткен Наурыз мерекесін қарсы ала Ұлы күнді ұлықтап, көңілі қаяу балалардың еш қамықпай қоғамның толыққанды мүшелері екенін сезінулеріне негіз болған кезекті іс-шара білікті басшы Рақаева Клара Балтабайқызы басқаратын аудандық мүгедек балаларды оңалту және бейімдеу орталығында болып өтті.
Алдымен айтып өтпегіміз, ой арнасымен алға жылжып, айналаға жақсылық жасауға ұмтылыс жасайтын әрбір іс-шараның «жарыққа» дер кезінде ойдағыдай шығуына, әрине, қаржылық шығын керектігі әмбемізге аян.
Осы ретте, 14-наурыздан бері елімізде арнайы «Наурызнама» декадасы қолға алынып, оның ішінде, 15-наурызға – «Қайырымдылық күні» деген айдар тағылғаны да белгілі жайт. Міне, қай кезде болмасын, қолдан келер қайырымдылығын еш аямай жүретін белгілі кәсіпкер-меценат, аудандық Іскер әйелдер қауымдастығының төрайымы Әубәкірова Әлия Нәметқазықызы аты айтып тұрған осы сауапты істен де қалыс қалмай, «Қайырымдылық күнінде» оңалту және бейімдеу орталығының тәрбиеленушілеріне ерекше сый жасады.
Әлия ханым тап осы күні аталмыш орталықтың 100-ге тарта ұл-қызы мен олардың ата-аналарына «Ойтал сити» мейрамханасында арнайы мерекелік дастархан жайып, тағдыр тәлкегіне ұшыраған жандарға ұмытылмас көңіл хошын сыйлады.
«Наурыз-думан» атты ертеңгілікке аудан әкімінің орынбасары Өмірбек Мейірхан Азатұлы, аудан әкімдігі жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы Тұрсыналы Тоғжан Тұрсыналықызы, аудандық орталықтандырылған кітапханалар жүйесі директорының орынбасары Бүркітбаева Айман Жойқынбекқызы, «Жамбыл облысы мүгедектерін әлеуметтік қорғау» қоғамдық бірлестігінің төрайымы Айымбекова Қаламқас Сыдыққызы қатысып, көпшілікті бір арнаға ұйыстыратын мерекегеге байланысты өздерінің ізгі-ниеттерін білдірді.
Өз кезегінде аудан әкімінің орынбасары Мейірхан Азатұлы ертеңгіліктің демеушісі Әлия Нәметқазықызына ұлт жанашыры болу дана халқымыздың ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып келе жатқан адамгершілікке баулитын құндылықтарының бірі болып табылатынын айта келе:
– Осындай қасиетті әр адамның өз бойына сіңіруі жақсылықтың нышаны. Сіздің мұқтаж жандарға қайырымдылық көмек көрсетіп, басқа азаматтарға үлгі боларлықтай атқарып жүрген істеріңізге шынайы алғысымды білдіре отырып, алдағы уақытта да мейірімге толы қайырымды істеріңіз жалғасын табатынына сенімім мол. Деніңізге саулық, жұмысыңызға табыс, отбасыңызға амандық тілеймін – дей келе, Әлия ханымға өзінің арнайы Алғыс хатын тапсырды.
Сонымен, ертеңгілік іс-шарасын жүргізуші, орталықтың тәрбиешісі Әбдірайымова Гүлзар Ыдырысқызы ата-бабамыздың кейінгі ұрпаққа мирас еткен асыл мұрасын қадірлеп қастерлеуге, оның қасиетін түсінуге мұрындық болатын кешті ашып, ақ батасын беру үшін Қыдыр бабамызды ортаға шақырды.
Одан кейін орталықтың тәрбиеленушісі Светлана Выдрина «Наурыз көктем» әнін салса, орталық мамандары «Қазақ биін» орындады. Тәрбиеленуші Сания Бұлдыбай әсем шырқаған «Мама» әні мен бүлдіршіндердің «Қамшы биі» де көпшіліктің ұзақ қол соғуына түрткі болды.
Негізі, орталықта тәрбиеленуші балаларға көмегі зор болатын түрлі физикалық жаттығулар мен спорттық ойындар басты ұстаным ретінде күн тәртібінен ажырамайтынын білеміз. Осы орайда, бүгінгі ертеңгілік кешінде олар ұлттық ойындар – теңге ілу, асық ату мен қол күресі бойынша бап пен бақтарын сынады. Бір байқағанымыз – негізінен, ер балаларға тән келетін бұл ұлттық спорт додаларында орталықтың тәрбиеленуші қайсар қыздары да қалыс қалмай, өздерінің озық өнерлерін көрсетіп жатты.
Міне, Наурыз мерекесінің ажырамас бөлігі, жаңа жылымыз молшылық пен тойымшылықтың бастауы болсын деген қазақы ырым – 7 түрлі дәмнен дайындалған наурыз көже де көпшілікке тартылып, орталықтың музыка пәнінің ұстазы Аян Қуандықов «Ата дәстүр» әнін орындап берді.
Келесі кезекте, орталық мамандары мен қызметкерлері ұлттық бірегейлігімізді дәріптейтін «Сырға салу», «Құйрық-бауыр асату» атты салт-дәстүрлік көріністерді кәсіби әртістердей шынайы түрде сахналаған соң, бәрі біріге «Наурыз – думан» әнін орындап көптің қошеметіне ие болысты.
Ертеңгілік соңында ата-аналар тағдыр теперішін көрген балаларына ұмытылмас қуаныш сыйлаған орталықтың ұжымы мен демеуші Әлия Әубәкіроваға деген ризашылықтарын білдірді.
Алдыңғы жазба
Келесі жазба