Жаныңда жүр жақсы адам

0 28

Шынында, күнделікті өмірде адам кімнің кім екенін ескере де бермейді. Қарбаласқан тіршілік оны ойлап ескеруге де, елеуге де дес бермейді, көңіл бөлінбейді. Неге екенін қайдам, кейбір кісілермен жақын танысқан сайын одан алыстай бастайсың. Ал, жаны жайсаң, жүрегі мейірімге толы жандармен қауышуға асығасың. Сондай жандардың бірі – Қанат Шайхиев.

«Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын», – демекші, жаны жайсаң, жомарт жан – Қанат Шайхиевтің еліне, туған жеріне, халқына деген жанашырлығы өте ерекше. Жақында ол кісінің жақсылығының, демеушілігінің арқасында Меркі ауда­нының Құрметті азаматы, ақын Шырын Мамасерікова мен зейнеткер ұстаз, Меркі ауданының Құрметті азаматы Әлмейізова Базаркүл, Меркі ауданы Аналар кеңесінің төрайымы Қайнаркүл Татықұлова бастаған Меркі ауданы округтеріндегі Аналар кеңесінің төрайымдары екі күндік іссапармен қасиетті де киелі өлке Түркістанға саяхат жасап, әулиелі жерлерді аралап, «Арыстанбаб» кесенесіне тәу етіп қайтты.

Аналарды бастап алып жүрген ауда­нымыздың Ауған соғысы ардагерлер кеңесінің жетекшісі – Ержан Шолпанқұлов болды.

9-қараша күні аудан әкімдігінің алдына жиналған аудандық ардагерлер кеңесі төрағасының орынбасары М.Жұматаев, аудандық билер кеңесінің төрағасы М.Өзбеков және Қанат Шайхиев мырзалар аяулы аналарды Түркістанға шығарып салып, ақ баталарын беріп, ақ жол тіледі.
Бізді Ауған соғысы ардагерлер кеңесінің төрағасы Шолпанқұлов Ержан мырза бағыттап жүретінін айтып, таныстырды. Барлық аналар көтеріңкі көңіл-күймен көлікке отырып, «Түркістан қайдасың» деп жолға шықты.

17 ана, алдымен, Тараз қаласындағы «Маликахон» шайханасынан ертеңгілік ас­­тарын ішіп, касиетті Түркістан жеріне, «Арыстан­баб» кесенесіне қарай жол тартты.
Түскі уақытта сонда болып, о дүниеден өткен жақындарына құран бағыштап, тілек тілеп, «жеті шелпек» нан таратып, құдықтағы суға беттерін жуып, естелікке суретке түсті.

Сол жерден түскі астарын ішіп, сағат 5.30-дар шамасында «Арман» қонақ үйіне тоқталып, кешкі астарын ішіп, кешкі Түркістанды тамашалады. «Венецияны» аралап, қайыққа отырып, шолу жасады. Ақ жаулықты аналар халық әндерін, Шәмшінің әндерін шырқап, жағалауда отырған жұртшылықтың назарын аудартты. Аналардың қайықтан түскендегі қуанышты көңілдерін айтып жеткізе ал­майсыз.
Ортамыздағы Андас батыр ауылдық округі Аналар кеңесінің төрайымы Бейсекүл анамыздың туған күнін касиетті өлкеде сағат 24.00-де қарсы алдық. Көтеріңкі көңілмен демалдық.

Келесі күні Қожа Ахмет Яссауи кесенесіне жол тарттық. Кесенеде жөндеу жұмыстары болып жатқандықтан, ішіне кіре алмай, алдында дұға етіп, құран оқылды. Естелік суретке түсіп, бес ана ұлттық киіммен түйеге отырып, керуен көшін құрды.

Сондай-ақ, кесенедегі монша ғимара­тымен таныстық. Алаңда орналасқан жайма базарды аралап, сыйлықтар алып, суретке түсіп, мәз-мейрам болып, жолға шықтық.

Содан кейін «Айша бибі» кесенесіне келдік. Онда әруақтарға арналып құран бағышталды, бата беріліп, көне Таразға, туған өлкеміз мерейлі Меркіге қарай жол тарттық. Жол бойы ерекше әсерге ие болған аналарымыз ән айтып, көңілді әзілдер айтып келді. Барлық аналар бастап алып барып, барлық қасиетті жерлермен таныстырып қайтқан Ержан Шолпанқұловқа ақ алғыстарын жеткізді.

Касиетті де киелі Түркістанды аралап, ерекше әсерге ие болып, дән риза болып қайтқан аналар атынан осы ерекше өткен демалысты ұйымдастырған аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Байсейіт Жылысбаев пен демеушілік жасаған Қанат Шайхиевқа аудандық Аналар кеңесінің төрайымы Қайнаркүл Татықұлова сөз сөйлеп, алғыстарын жаудырып, «аналарға деген қамқорлықтарыңызға мың алғыс, аналарға көрсеткен құрметтеріңіз Алладан қайтсын» – деген аналық ақ баталарын берді.
Ендеше, осындай жаны жайсаң, жомарт, жақсы адамдарды әрдайым құрметтеп, сыйлап жүрейік.