Ерекше ауқымда өткен биылғы Наурыз мерекесі қарсаңында, аудандық шахмат федерациясының ұйымдастыруымен, Асанбай Асқаров атындағы Меркі көпсалалы колледжінде Меркі ауданының жылдам шахматтан аудан кубогының 1-кезеңі болып өтті.
Аталған турнирге Меркі және көршілес Т.Рысқұлов ауданынан, барлығы 30-ға жуық шахматшылар қатысып, бақ пен баптарын сынады.
Бәсекелі жарыстың ашылу салтанатында ауданымыздың шахмат федерациясының президенті Тынышбек Кембай, Т.Рысқұлов ауданының шахмат федерациясының президенті Жандос Адебаев пен ардагер шахматшы Марат Бекбауов сөз сөйлеп, көпшілікті Наурыз мерекесімен құттықтаған соң, шахматшыларға сәттілік тіледі.
Сонымен, «сен тұр, мен атайын» деген теңеуге сай келетін кілең мықты спортшылар қатысқан шахмат жарысы өте тартысты өтті.
Оның нәтижесінде меркілік Олег Александрович өз өнерімен топ жарып жеңімпаз атанды. Екінші орынға Құланнан келген ойшыл спортшы Жандос Адебаев жайғасты. Ал, 3-орын меркілік Илья Кармаевқа бұйырса, 4-орын құландық Қанат Сәлімбайдың қанжығасына байланды. Бесінші орын биігіне жерлесіміз Ерасыл Мырзакерім шықса, 6-орынтаққа Меркі спортшысы Қанат Ботаханов, 7-орынға жерлесіміз Даниил Кочерга ие болысты.
Ал, ардагерлер арасында өткен додада Тынышбек Кембай 1-орынды өз уысынан шығармай ұстап, жеңімпаз атанды. Екінші және үшінші орындарға жерлестеріміз, тиісінше, Асқар Туғанбаев пен Марат Бекбауов лайықты деп табылды.
Ендігі кезекте, қыздар жағына келсек, 1-орынға спортшы қыз Диана Сулейманова, 2-орынға Камила Асланқызы шықты, екеуі де жерлестеріміз екенін айта кетейік. Ал, 3-орын Құланнан келген қыз Айару Қайыповаға бұйырды.
Шахмат сүйер оқырмандарымыз үшін ақпар берсек, аталған шахматшы Айару былтыр 6 жасар қыздар арасында өткен жылдам шахмат сайысында республика, Азия чемпионы атанған.
Осылайша жүзден жүйрік анықталған жарыстың соңында жеңімпаздарға арнайы медаль, диплом және кубоктар салтанатты түрде тапсырылса, жүлделі орын алған спортшылар медаль мен дипломға және демеушілер тағайындаған ақшалай сыйлықтарға ие болысты.
Сөз соңында, ауданымызда спорт түрлеріне, оның ішінде, шахмат спортының дамуына өзіндік үлестерін қосып жүрген демеушілер – «Меркі ірімшік зауыты» ЖШС-нің директоры Дастан Айтөленов пен «Күншуақ» медициналық орталығының басшысы Раушан Махатоваға ауданымыздың шахмат федерациясы мен спортшылар атынан алғыс айтамыз.