Жаңғырығы естен кетпес алапат

0 43

Баршамызға белгілі, 1986 жылдың 26-сәуірі күні Украина жеріндегі Чернобыль атом электр станциясының 4-блогында жарылыс болып, ядролық апаттың зардабын жою жұмыстары бастау алды.
Аталған жарылыстың жойқын болғаны сол, ол ХХ ғасырдағы ең ірі техногендік апат ретінде тарихқа енді, ол өте ауыр еді. Аз ғана уақыт ішінде апат салдарынан радиоактивті заттардың таралуы 10-нан аса мемлекетті қамтып үлгеріп, 5 миллионнан астам адам ауыр зардап шекті. Радиоактивті түтін салдарының ауырлығы сол, одан айықпас дерт алған көптеген адамдар әлі де арнайы тіркеуде тұр…

Биыл 39 жыл өткен Чернобыль апатын залалсыздандыруға Кеңес Одағы бойынша 600 мыңға жуық әскерилер мен еріктілер тартылса, Қазақстаннан 32 мың жауынгер қатысып, өздерінің жан аямас ерлік істерін көрсетті.

Осы ретте, өткен жұма күні ауданымыздағы Чернобыль апатын жоюға қатысқан жауын­герлерге арналған ескерткіш жанында черно­былшыларды еске алып, арамызда жүрген, барлығы 13 жауынгерді ұлықтау іс-шарасы өтті.

Жиынға ішкі саясат бөлімінің бас маманы Дәрмен Күздеубай, Меркі аудандық Қор­ғаныс істері жөніндегі бөлімнің бастығы, подполковник Асан Пшаев, ауданымыздағы әскери бөлімнің сардарлары мен сар­баздары, еңбек ардагері Қамбарбек Иманалиев, чернобылші жауын­герлер, мектеп оқушылары мен аудан тұрғындары қатысты.

Ескерткішке гүл қою рәсімі өткен соң, сөз алған ауданымыздың құрметті ақсақалы Қамбарбек Иманалиев, Семей ядролық сынақ полигонының ардагер жауынгері Мырзакерім Садықов және аудандық Чернобылшілер қоғамдық ұйымының басшысы Бақыт Арзымбетов мұндай апаттың қайталанбауы – басты назарда болуына тоқталып, оған қатысқан жауынгерлерге денсаулық тіледі.

Іс-шараның соңында «Малика» ка­фесінде ата салты бойынша дастархан жайылып, жойқын жарылыстың зардабынан ерте өмірден өткен жауынгерлердің рухына бағышталып құран оқылған соң, чернобылші жауынгерлерге сыйлықтар тапсырылды.