Ауданда жаңа жыл мерекесі қарсаңында тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында бірқатар алдын алу шаралары қолға алынуда. Осыған орай аудан әкімінің тапсырмасына сәйкес Меркі ауданының төтенше жағдайлар бөлімі мен аудан әкімдігінің бірлесіп ұйымдастыруымен «Қауіпсіз жаңа жыл» тақырыбында дөңгелек үстел отырысы өтті.
Іс-шараға төтенше жағдайлар бөлімінің мамандары, аудандық полиция бөлімінің қызметкерлері, сондай-ақ, мерекелік тауарлармен айналысатын жеке кәсіпкерлер қатысты. Жиын барысында қатысушыларға жаңа жылдық мерекелер кезінде өрт қауіпсіздігі талаптарын қатаң сақтау қажеттігі жан-жақты түсіндірілді.
Кездесуде өрттің жиі кездесетін себептеріне ерекше назар аударылды. Атап айтқанда, пиротехникалық бұйымдарды заңсыз сату мен пайдалану, электр желілеріне шамадан тыс жүктеме түсіру, сондай-ақ, ашық отты абайсыз қолдану салдарынан туындайтын қауіп-қатерлер туралы нақты мысалдар келтірілді. Мамандар аталған жағдайлардың алдын алу жолдарын айтып, қауіпсіздік ережелерін сақтаудың маңызын түсіндірді.
Сонымен қатар, жиын барысында кәсіпкерлерге пиротехникалық өнімдерді сату кезінде заң талаптарын сақтау, сертификатталмаған тауарларды айналымға жібермеу жөнінде ескерту жасалды. Құқық қорғау органдары тарапынан бақылау күшейтілетіні де айтылды.
Дөңгелек үстел қорытындысында тұрғындар арасында ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жандандыру, профилактикалық рейдтер өткізу және мерекелік күндері қауіпсіздік шараларын күшейту жөнінде бірқатар ұсыныстар қабылданды.