Жаңа жыл қарсаңында ауданда қос бірдей жаңа нысан мемлекет қолдауымен ел игілігіне берілді. Алдымен, Аспара ауылында 40 келушіге арналған дәрігерлік амбулатория салтанатты түрде ашылды. Аудан әкімінің орынбасары Мейірхан Өмірбек ауыл тұрғындарын қуанышпен құттықтап, тұрғындарды әлеуметтік қорғау мақсатында осындай нысандарды ашу жұмыстары жалғаса беретінін жеткізді.
Сонымен қатар, ауыл ақсақалы Алпысбай Сатыбалдиев, ардагер медбике Ханшакүл Кепісбаева ыстық ықыластарын білдіріп, ауыл тұрғындары атынан аудан басшылығына алғыстарын айтты. Дәрігерлік амбулаторияның жобалық құны 406,5 млн. теңгені құрайды, құрылысы мамыр айында басталып, жыл соңында пайдалануға беріліп отыр.
Ғимарат жаңа үлгіде салынып, қажетті медициналық құрал-жабдықтармен қамтылған. Онда дәрігерге дейінгі және дәрігерлік қабылдау, акушерлік, процедуралық, екпе егу, физиотерапия, карточкалар мұрағаты, қызметкерлер мен келушілерге арналған санитарлық, анализ қабылдау бөлмелері және клиникалық-диагностикалық зертхана, ересектер мен балаларға арналған күндізгі стационар палаталары, тағы басқа да қызметтік бөлмелер қарастырылған.
Бұл күні Андас батыр ауылдық округінде жаңа спорт кешені де бой көтерді. Кешен салтанатты түрде ашылып, аудан әкімінің орынбасары Ернар Ғалиұлы, ауыл тұрғындары мен спортсүйер қауым түгел жиналды.
Жаңа спорт кешені заманауи жабдықтармен қамтылып, спорт сүйер қауымға барлық жағдай жасалған. Мұнда волейбол, баскетбол, теннис, футбол, күрес секілді спорт түрлерімен айналыса алады. Сондай-ақ, кешенде арнайы жаттықтырушылар мен мамандар жұмыс жасайды.
Нысанның құрылысы 2023 жылы 10-қазанда басталып, биылға өтпелі болатын. Қазіргі таңда толық аяқталды. Жоба құны 562 млн. болған кешенді мердігер мекеме «Астана Энерго Мастер» ЖШС-гі орындады.
Ашылу рәсімінде Ернар Ғалиұлы спорт кешенінің маңыздылығын атап өтіп, ауыл тұрғындарына денсаулық сақтау мен салауатты өмір салтын насихаттау үшін осындай нысандардың қажет екенін айтты. Сондай-ақ, бұл кешен жастар үшін үлкен мүмкіндік болып табылатынын жеткізді.